14 облыста жол жабылды: ТЖМ жолда қалған азаматтарды құтқару түнімен жалғасқанын хабарлады
QazAvtoJol ауа райының қолайсыздығына байланысты 14 облыста республикалық маңызы бар жолдардың жабылғанын хабарлайды.
15 ақпан сағат 07:00-дегі ахуалға сәйкес ауа райының қолайсыздығына байланысты 14 облыстың 36 учаскесінде республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілген.
QazAvtoJol мәліметінше:
- Абай облысында – 7 учаске (796 км);
- Ақтөбе облысында – 5 учаске (696 км);
- Алматы облысында – 1 учаске (84 км);
- Атырау облысында – 1 учаске (9 км);
- Шығыс Қазақстан облысында – 7 учаске (511 км);
- Жамбыл облысында – 1 учаске (450 км);
- Жетісу облысында – 1 учаске (100 км);
- Қарағанды облысында – 1 учаске (48 км);
- Қостанай облысында – 1 учаске (83 км);
- Қызылорда облысында – 1 учаске (815 км);
- Павлодар облысында – 1 учаске (263 км);
- Солтүстік Қазақстан облысында – 3 учаске (316 км);
- Түркістан облысында – 2 учаске (283 км);
- Ұлытау облысында – 2 учаске (438 км) жабылған.
Компанияның хабарлауынша, республикалық маңызы бар автожолды қысқы күтіп-ұстауға 224 бірлік техника және 294 жолшы жұмылдырылған.
Жолда қалған
Ескертулерге қарамастан, сапарға шығып жолда қалған азаматтар түнде көп болған. ТЖМ хабарлауынша түнде Шығыс Қазақстанда құтқарушылар мен полиция қызметкерлері «Жоғарғы Тайнты» ауылының маңындағы «Өскемен-Тарғын-Самар» жолының учаскесіндетұрып қалған 15 жеңіл автокөлік пен 30 адамға оның ішінде 4 балаға көмек көрсеткен.
Ал «Өскемен-Алматы» жолында қар құрсауында 3 автокөлік қалып қойған. Оның ішінде 2 қарт адам, 1 жүкті әйел және 1 бала бар, 13 адам болған. Оларға ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері өтімділігі жоғары автокөлікпен жетіп, Өскеменге дейін жеткізген.
Сонымен бірге құтқарушылар «Қорғалжын-Баршын» автожолында қарда қалған жүк көлігінен 2 адамды құтқарған. Абай облысында «Талдықорған-Семей» қатынасымен жүретін жолаушылар автобусынан 13 адам құтқарылып, Аягөз қаласындағы жылыту пунктіне орналастырылған.
Ал түнгі 00:30-да Абай облысы Жарма ауданы Суықбұлақ ауылында «Омбы-Майқапшағай» автожолының жабық учаскесінде жеңіл автокөлік жолда қалып, оның ішіндегі екі адам Трассалық медициналық-құтқару пунктінің күшімен құтқарылып, Суықбұлақ ауылына жеткізілген.
14 ақпан күні де QazAvtoJol елдің 11 облысының 46 жол учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізген болатын.
Еске сала кетсек, 13 ақпанда Самара-Шымкент жолында қызметтік міндетін атқару кезінде «ҚазАвтоЖол» маманы қаза тапты. Қайғылы оқиға Самара-Шымкент автожолының 1285 шақырымында болған. Жол-көлік оқиғасының (жол бойында тұрған көлікті соққан) салдарынан тікелей қызметтік міндетін орындау кезінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының бас маманы Сыдықов Сақтапберген Бақытжанұлы қайтыс болды.