Жаңалықтар

Депутат Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұрады

Tik-tok
Батыс елдерінде Tiktok желісіне шектеу енгізілген / Фото: Shutterstock

Сенат отырысында депутат Алишер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұрады. Айтуынша, бұл платформа балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп жатыр.

Сатыбалдиев Tiktok желісіне қатысты Батыс пен көрші елдерде шектеу шаралары енгізілгенін, бірақ Қазақстанның бұл мәселеге салғырт қарап отырғанын мәлімдеді. Күн санап жастардың бұл платформаға деген әуестігі артып келе жатқанын алға тартты. Сенатор желі қолданушылардың 75 пайызы 13-24 жас арасындағы жастар екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша 4-5 жасар балалардың өзі күнделікті 75 минутын осы желіні тамашалаумен өткізеді екен.

«Бұл мәліметтерге немқұрайлы қарамаған елдер қауіпсіздік қамын жасап Tiktok синдромының теріс әсеріне қарсы тұру үшін барын салып жатыр. Еуропа мемлекеттерінің бірқатар елінде жүргізілген арнайы тексерістер нәтижесінде платформада балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктерінің істемейтіндігі анықталып, Еуроодақ тарапынан желіге қатысты 368 млн доллар шамасында айыппұл салынған. Ал АҚШ – 5 млн доллар, Нидерланды – 750 мың еуро, Ұлыбритания – 15 млн еуро көлемінде айыппұл салған. Көршілеріміз Ресей мен Өзбекстан желіні өз аумағында толық бұғаттап құтылды», – дейді Сатыбалдиев.

Депутат басқа елдердің тәжірибесіне сүйеніп, бұл желіге шектеу қойылмаса, балалардың болашағына қауіп төнетінін айтады.

«Өткен аптада Ақтөбелік тұрғынның әлі етегін жинап үлгермеген 8 бен 11 жас арасындағы қаракөздеріміздің жалаңаш суреттерін порно сайттарда жарнамалағаны белгілі болды. Бұл – өрімдей жастарымыздың ғаламтордағы қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырғанымыздың айқын көрінісі. Қаскөй өз құрбандарын тик-ток әлеуметтік желісінде құрығына түсірген. Бұл – бақылаудың әлсіздігін және қосымшадағы сүзгілердің мүлде жоқ екенін көрсетеді», – дейді сенатор.

Бұл платформа санасы қалыптаспаған баланы өшпенділікке, қатыгез мінез-құлыққа тәрбиелейтінін әрі эмоциясының жұтаңдануына алып келетініне тоқталды. Сенатор шетел үлгісінде платформаны пайдалану уақытын шектеуді ұсынды.

«Өткен жылы Батыс елдеріндегі қатаң талаптар нәтижесінде тик-ток қосымшаға жаңа функциялар енгізіп, 18 жасқа дейінгі қолданушылар үшін күніне 1 сағат, 13 жасқа толмағандарға 30 минуттық меже белгілеуге мәжбүр болды. Лимиттен тыс пайдалану үшін ата-ана рұқсаты қажет. Ал аспан асты елінде тик-токтың өзіндік нұсқасы қолданылалы. Яғни жасөспірімдер ұлттық иедологияға сай күндізгі уақытта 40 минутқа дейін ғана желіні пайдалана алады. Өкінішке қарай, бізде мұндай шектеулер мүлде жоқ. 13 жастағы қыздың жаңа ашылған аккаунтына небәрі 2,5 минут ішінде зиянды контент келетіні анықталған. 10 жасар балаға контент аша отырып бұл пайымның шындық екенін көз жеткіздік»,– дейді Сатыбалдиев.

Бұл мәселені шешу үшін депутат мынадай шешімдер ұсынды:

  • Tiktok және өзге желі әкімшілерінен Ұлттық заңнама талаптарын орындауды және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысына мониторинг жүргізуді және анықталған кемшіліктер бойынша халықаралық тәжірибеге сүйеніп тиісті шаралар қабылдауды;
  • Tiktok платформасының Батыстық үлгісіне сай жаңа функциялар мен алгоритмдерін біздің елде енгізілуін интерфейстегі шағым беру нұсқалары қатарына: «ұлттық құндылықтарға жат» және «адами қасиеттердің жоғалуына себеп болатын материалдар» тетіктерін қосуды;
  • Тікелей трансляцияларға жас ерекшелігін айқындайтын және жас санаттарын белгілейтін белгі қоюды ұсынды.

Ол осы талаптарды орындамаған жағдайда платформа жұмысын тоқтату шараларын қарастыруды орынды деп санайды.

Еске сала кетсек, осыған дейін «Курсив» Ұлыбритания мемлекеттік қызметкерлерге қауіпсіздік мақсатында жұмыс телефондары мен құрылғыларында TikTok қосымшасын пайдалануға тыйым салғаны туралы жазған болатын.

Сонымен бірге АҚШ конгрессмендеріне TikTok қолданбасын пайдалануға тыйым салынды.