Сенаторлар жайылым алқаптарын кеңейтуді көздейтін заң жобасын мақұлдады

Жарияланды
жайылымдық жер
Ауыл халқының қажеттіліктері үшін пайдаланылатын жайылымдық жер көлемі ұлғайтылады / Фото: kursiv.media

Сенат депатутаттары ауыл шаруашылығындағы жайылымдық жер тапшылығын жоюды көздейтін Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасына «Көпшілік пайдаланатын жайылымдар» туралы жаңа ұғым енгізілген. Қоғамдық жайылымдар елдімекендердің іргелес аумағында орналасады. Жеке ауланың малын жаю бойынша жергілікті халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған.

Ұсынылып отырған заңға сәйкес бұл жерлердің ауылшаруашылық мақсатын ауыстыруға тыйым салынады. Сонымен қатар, жеке меншікке және жерді пайдалануға берілмейді. Тек халықтың мал жаю қажеттіліктері үшін пайдаланылады.

Ал «Көпшілік пайдаланатын жайылымдар» көлемін ұлғайту көзделіп отыр. Осы мақсатта ауыл шекарасынан тыс орналасқан жайылымдар жергілікті әкімдердің құзыретіне беру туралы норма ұсынылып отыр. Қазіргі нормаларға сәйкес бұл жерлер аудандық атқарушы органның құзыретінде.

«Бұл норманың басты мақсаты – жеке мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты ауыл әкімдерінің құзыреттерін кеңейту және жайылымдарды пайдалану туралы жоспардың кешенділігін қамтамасыз ету»,  – дейді депутат Сәкен Арубаев.

Жобаға сәйкес жайылымдарды пайдалану туралы жоспар енді 5 жылға арналып жасалады. Сонымен бірге аудандық маңызы бар қала, ауыл, ауылдық округ әкімдері жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөнінде жыл сайын есеп әзірлемек.

Қолданыстағы Жер кодексінің 36-бабында шалғайдағы және ауыл халқын жайылыммен қамту үшін конкурссыз 5 жылға тікелей беру туралы норма бұл жобадан алынып тасталады. Бұл ретте шөп шабу үшін жер учаскелерін беру тәртібі өзгерген жоқ.

Заңды қабылдау ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған. Жайылымдарды басқару мен оларды пайдалану жөніндегі жоспарды жетілдіруге мүмкіндік береді, деді Сәкен Арубаев.  

«Қаралып отырған Заңның қабылдануы ауылдық жерлерде ең өзекті мәселелердің бірі болып отырған ауыл тұрғындарының жеке малдарын жайылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді депутат.

Еске сала кетсек, 1 жыл бұрын Ауыл шаруашылығы экс-министрі Ербол Қарашөкеев жайылымға 8,9 млн га жер қажет екенін айтқан. Соңғы онжылдықта елде мал басы шамамен 8%-ға өскен. Әсіресе, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жайылым тапшылығы жоғары.

Бұл мәселені шешу үшін экс-министр Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік меншікке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы жобасы іске қосылатынын мәлімдеген. Бұл сервис азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті әкімдіктерге өтініш берулеріне бағдар болатыны айтылды. Сондай-ақ жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тарту. Ауыл шаруашылығымен айналысу үшін қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге негіз болатыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз