Жаңалықтар

АҚШ-тың Wabtec компаниясы қазақстандық зауыттың 50% акциясын сатып алды

Мәміле сомасы $81 млн құрады / Фото.kursiv.media

АҚШ-тың Wabtec компаниясы Қазақстандағы дизельді локомотивтердің жалғыз өндірушісі – «Локомотив құрастыру зауыты» бірлескен кәсіпорнының қалған 50% акциясын сатып алды. Бұл туралы компанияның қаржылық есебінде айтылды.

Қазір шетелдік компания Астанадағы зауыттың толыққанды иесі. Айта кетейік, 2022 жылдың қыркүйек айына дейін үлестің 50%-ы ресейлік «Трансмашхолдинг» компаниясына тиесілі болған.

«Біз төртінші тоқсанның аяғында Қазақстанда ЛҚЗ құрастыру кәсіпорнымыздың қалған 50%-ын сатып алдық. Мәміле сомасы $81 млн-ды құрады», – деді АҚШ-тың Wabtec компаниясының қаржы директоры Джон Олин.

Компанияның пайымдауынша, акциялардың 50%-ын сатып алу олардың 2024 жылы сатылуына әсер етпейді. Тек кірістің өсуіне аз ғана әсер етуі мүмкін.

«Бұл өзгерістер біздің жалпы кірістің өсуіне әсер етпейді. Бірақ жеткізу тізбегімізді жақсартады. Көптеген бөлшектер әлемнің басқа бөліктерінде жасалып, Астанадағы зауытқа жөнелтіліп отырды. Ал ЛҚЗ бірлескен кәсіпорны бөліктерді құрастырумен айналысты. Енді бізге әлемнің әртүрлі нүктелеріне жедел жеткізу тізбегін толық бақылауға алуға мүмкіндік туды», – деп түсіндірді Джон Олин.

Зауыт тарихы

«Локомотив құрастыру зауыты» 2010 жылдың ақпан айында пайдалануға берілді. Компанияның қаржылық есептілігіне сәйкес, 2021 жылдың 31 желтоқсан айындағы жағдай бойынша Wabtec компаниясы Нидерландтық Wabtec Transportation Engines Holding B. V. арқылы ЛҚЗ зауытының 50% акциясын бақылаған. Ал зауыттың қалған 50% – ы швейцариялық TMH International AG компаниясына тиесілі болған.

2022 жылдың қыркүйек айына дейін TMH International AG ресейлік «Трансмашхолдинг» (ТМХ) құрылымына кірді. Бірақ 2022 жылдың қыркүйек айында ТМХ компанияны сатты. Сөйтіп зауыттың 50% үлесін жоғалтты.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, «Трансмашхолдинг» 4,6 миллиард рубль таза шығынға ұшырады. 2023 жылдың қыркүйек айында компания АҚШ-тың санкциялар тізіміне енді. Бұл  – Ресейдегі теміржол көлігі үшін жылжымалы құрамның екі ірі өндірушілерінің бірі. Айта кетейік, «Трансмашхолдинг» 2012 жылы ЛҚЗ үлесінің жартысын 60 млн долларға сатып алды.

Wabtec компаниясы

2023 жылдың қыркүйек айында Wabtec Қазақстандағы көлік-логистика саласына шамамен  $1 млрд инвестиция салатынын хабарлады. 2019 жылы компания GE Transportation сатып алды. GE Transportation 2017 жылдан бастап ЛКЗ акцияларының 50% иеленген болатын.

2023 жылы Wabtec 9,7 миллиард доллар кіріс алды (бір жылдағы өсім 15,7%). Таза пайда 825 миллион долларды құрады (бір жылдағы өсім 28,7%).

Еске сала кетсек, былтыр АҚШ-тың Wabtec компаниясы Қазақстанның көлік-логистика саласына 1 млрд доллар инвестиция салады деп хабарладық.

АҚШ-тың Fortune 500 тізіміне кіретін Wabtec компаниясы Қазақстанның көлік-логистика саласына 1 млрд доллар салады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары барысында Wabtec компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантананы қабылдаған. Кездесуде Қазақстанның теміржол саласын жаңғырту аясында Wabtec компаниясымен арадағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Рафаэль Сантана Тоқаевқа Қазақстанда сутегі технологиясын қолданатын локомотивтер мен олардың қосалқы бөлшектерінің өндірісін іске қосу, инжиринг орталығы мен технологиялық трансфертті ұйымдастыру үшін пысықталып жатқан инвестициялық жобалар туралы мәлімет берген.

Мемлекет басшысы компанияның көлік-логистика саласына шамамен 1 млрд доллар инвестиция құю жоспарын құптады. Мұның Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға ықпал ететінін және басқа да инфрақұрылымдық жобалар үшін негіз болатынын атап өтті.

Президенттің АҚШ-қа сапары аясында «Қазақстан темір жолы» «ҰК» акционерлік қоғамы мен Wabtec арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды.