Неміс компанияларынан құрылған консорциум Қазақстанда литий өндіреді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстандағы өндіріспен неміс компаниялары айналысатын болды. Фото: shutterstock

Неміс компанияларынан құрылған консорциум Қазақстанда литий өндіретін болды. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың GP Günter Papenburg AG компаниясы бақылаушы кеңесінің мүшесі Манфред Грундмен кездесуінде айтылған. Кездесу барысында литий өндірісі саласындағы ынтымақтастықтың маңызды аспектісі талқыланды.

Германияның «Knauf Gruppe», «GP Gunter Papenburg AG», «Roxtec» компаниялары мен Неміс литий институты (ITEL) консорциум құрады. Консорциум Қазақстанның кен орындарында литий игеру мен өндірумен айналысады.

«Бұл біздің елімізде литий өнеркәсібін дамытудың жаңа перспективаларын ашады», –делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар тараптар литий өндіру және пайдалану саласындағы ынтымақтастық әлеуетін зерттеуге бағытталған мамандандырылған жұмыс тобын құруға келіскен. Талқыланған бастамаларды сәтті жүзеге асыруға негіз болатын жол картасы әзірленбек.

GP Günter Papenburg AG компаниясы 1963 жылы құрылыс материалдарын сатудан бастаған. Уақыт өте келе, компания айтарлықтай өсіп,, бүгінде 61 еншілес және бір өндірістік бөлімшесі бар.

Қазақстанда литий қоры қанша?

Қазіргі кезде литий шикізаты әлемдік нарықтағы қымбат әрі жоғары сұранысқа ие металдардың көш басында тұр.  Дүниежүзілік банктің есебінше, 2050 жылға қарай мұндай таза энергия көздеріне сұраныс арта түспек.

Аталмыш қымбат металл қоры Қазақстанда да бар. Бірақ әзірге көлемі тым аз саналады. Сарапшылар бұл металды өндіру ел экономикасының негізі кіріс көзіне айналады дегенге күмәнмен қарайды. Себебі оның кен орындары әлі толық зерттеліп ашыла қойған жоқ.

«Қазақстанда литий қоры дұрыс зерттелмеген. Негізінен Шығыс Қазақстанда шоғырланған және қазіргі кездегі көлемі бірнеше ондаған мың (40 мыңға дейін) тонна ғана деп айтылып жүр. Ондай көлемдегі литийді Аустралия бір жылға жетпес уақытта өндіріп жатыр. Кейбір анық емес ақпараттарға сенсек, алдағы уақытта  еліміздегі литий көлемі 100 мың тоннаға дейін баруы мүмкін. Бірақ бұл да соншалықты  үлкен көрсеткіш емес», – дейді сарапшы Асылхан Бахадырұлы.

Десе де, литий «Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына» кірген. Үкімет сирек және жерде сирек кездесетін металл өндірісін дамытуға 11,8 млрд теңге бөлмек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2026 жылға геология зерттелетін жер көлемін 2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізуді тапсырған. Соның ішінде басымдық сирек және шашыранды металдарды іздеуге берілуі тиіс.

Бағалы металды іздеу мен барлау Юбилейное, Жоғарғы-Баймурзин, Бакен, Белогорск, Ахметкино, Медведка кен орынындарында жүргізіледі.

Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтың айтуынша, бағалы және түсті металдар қоры алдағы 10-15 жылда сарқылуы мүмкін. Ол үшін жаңа кен орындарына геологиялық барлау жүргізу керек.

Сондай-ақ оқыңыз