16 ақпанда ауа райына байланысты Астана, Семей қаласы және Қарағанды мен Ақтөбе облыстарында оқушылар мектепке бармай, қашықтан оқиды.
«16 ақпан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты І ауысымда оқитын 0-11 сынып оқушылары және колледж студенттері үшін сабақ қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылады», – делінген Астананың білім басқармасы таратқан хабарламада.
Дәл осындай бұйрыққа Семей қаласы және Ақтөбе мен Қарағанды облыстарының білім ведомствосы қол қойды.
Бұған бүгін «ҚазАвтоЖолдың» хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты 16 облыста республикалық маңызы бар автожолдардың 100 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді.
- Абай облысында – 9 учаске (1243 км)
- Ақмола облысында – 27 учаске (2201 км)
- Ақтөбе облысында – 5 учаске (778 км)
- Алматы облысында – 1 учаске (84 км)
- Атырау облысында – 1 учаске (9 км)
- Шығыс Қазақстан облысында – 5 учаске (408 км)
- Жамбыл облысында – 1 учаске (450 км)
- Жетісу облысында – 1 учаске (100 км)
- Батыс Қазақстан облысында – 1 учаске (133 км)
- Қарағанды облысында – 8 учаске (1158 км)
- Қостанай облысында – 11 учаске (1508 км)
- Қызылорда облысында – 1 учаске (815 км)
- Павлодар облысында – 9 учаске (1624 км)
- Солтүстік Қазақстан облысында – 15 учаске (1924 км)
- Түркістан облысында – 2 учаске (283 км)
- Ұлытау облысында – 3 учаске (543 км)
Бір күн бұрынғы жағдай
Күні кеше ғана QazAvtoJol ауа райының қолайсыздығына байланысты 14 облыста республикалық маңызы бар жолдардың жабылғанын хабарлады.
15 ақпан сағат 07:00-дегі ахуалға сәйкес ауа райының қолайсыздығына байланысты 14 облыстың 36 учаскесінде республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілген.
Ескертулерге қарамастан, сапарға шығып жолда қалған азаматтар түнде көп болған. ТЖМ хабарлауынша түнде Шығыс Қазақстанда құтқарушылар мен полиция қызметкерлері «Жоғарғы Тайнты» ауылының маңындағы «Өскемен-Тарғын-Самар» жолының учаскесіндетұрып қалған 15 жеңіл автокөлік пен 30 адамға оның ішінде 4 балаға көмек көрсеткен.
Ал «Өскемен-Алматы» жолында қар құрсауында 3 автокөлік қалып қойған. Оның ішінде 2 қарт адам, 1 жүкті әйел және 1 бала бар, 13 адам болған. Оларға ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері өтімділігі жоғары автокөлікпен жетіп, Өскеменге дейін жеткізген.
Сонымен бірге құтқарушылар «Қорғалжын-Баршын» автожолында қарда қалған жүк көлігінен 2 адамды құтқарған. Абай облысында «Талдықорған-Семей» қатынасымен жүретін жолаушылар автобусынан 13 адам құтқарылып, Аягөз қаласындағы жылыту пунктіне орналастырылған.
Ал түнгі 00:30-да Абай облысы Жарма ауданы Суықбұлақ ауылында «Омбы-Майқапшағай» автожолының жабық учаскесінде жеңіл автокөлік жолда қалып, оның ішіндегі екі адам Трассалық медициналық-құтқару пунктінің күшімен құтқарылып, Суықбұлақ ауылына жеткізілген.