Қазақстан мен ЕАЭО арасындағы импорт көлемі 2,8%-ға қысқарды

Жарияланды (жаңартылды )

Қазақстан мен ЕАЭО арасында сауда көлемі қысқарды/Фото: kursiv.media

Қазақстан мен ЕАЭО арасында экспорт ұлғайып, импорт азайды. Аталған ұйым елдеріне экспорт 9,5%-ға өсті. Ал импорт керісінше, 9,3%-ға кеміді. Екіжақты сауда көлемі 28 млн доллардан асса да, номиналды мәнде алыс-беріс 2,8%-ға қысқарды.

«2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен өзара сауда көлемі 28 517,8 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды мәнде 2,8% азайды», – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

2023 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында тауар экспорты 11 054,1 млн доллар немесе + 9,5%, ал импорт 17 463,7 млн доллар немесе  – 9,3% деңгейінде қалыптасты. Қазақстанның осы ұйымға мүше елдермен сыртқы сауда айналымында 91,1% – Ресейге, 5,5% – Қырғызстанға, 3,2% – Беларусьқа, 0,2% – Арменияға бұйырды.

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге химия және өнеркәсіп салалары өнімдерінің 26,4%-ын экспорттады. Сыртқа шығарылған тауардың 25,5%-ын жабдықтар мен көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар құрады.

ЕАЭО елдерінен Қазақстанға импортталған тауардың 19,4%-ы – металл және металдан жсалған бұйымдарға, 19,3%-ы – жабдықтар мен көлік құралдарына, аспаптар және аппараттарға тиесілі болды.

Айта кету керек, 2024 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына Армения төрағалық етеді. Бұл жайлы Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында айтылды. Осы жиынға Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысқан еді. Ол Қазақстан көлік-логистикалық құрылымы мен оның Еуразиялық экономикалық одақпен байланысын белсенді нығайтып отырғанын айтқан.

«Біз Қытайдың Сиань қаласында және Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысын аяқтауға жақындадық. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекарада және Каспий теңізінде 5 трансшекаралық көлік-логистикалық хабын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Таяу жылдары 1300 шақырымдық жаңа теміржол желісінің, «Бақты» және «Қалжат» құрғақ порттарын, сондай-ақ Иранның Бендер-Аббас қаласында теңіз портын салу жоспарланған. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді өзара тиімді жобаларды бірлесе іске асыруға, соның ішінде ірі стратегиялық порттардың серіктес желілерін, логистикалық орталықтар мен пошта хабтарын салуға шақырамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев ЕАЭО-ның күллі Еуразия кеңістігін байланыстыратын стратегиялық буын қызметін атқаратынын айтты. Президент Таяу Шығыс, Иран, Пәкістан және Үндістан елдеріне шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту мәселесін көтерді.

Сондай-ақ оқыңыз