Қазақстанға Әзербайжаннан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі экстрадицияланды. Халықаралық іздеуге жүрген түрік азаматы алтын контрабандасымен айналысқан. Қазір ол Астана қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бас прокуратураның хабарлауынша, күдікті 2020 жылы Қазақстан аумағынан 24 келіден астам алтынды жасырын әкеткен. Ақпаратқа сәйкес, оның бұл заңсыз әрекетінен мемлекетке 633 млн теңгеден астам шығын келген.
Трансұлттық қылмыстық топ мүшесі 2023 жылғы шілдеде Әзербайжан аумағында ұсталған. Ол мүлкі тәркіленіп, 8 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметіне қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Әзербайжаннан Түркия азаматын экстрадициялады. Ол 2020 жылдың шілдесі мен тамызы аралығында трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында Қазақстаннан 24 келіден астам алтынды контрабандалық жолмен әкетуге қатысқан деп күдіктеледі, – делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
2022 жылғы маусымда Астана қаласының соты осы трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметіне қатысы бар 14 адамды сотталды. Олардан мемлекет пайдасына 5 млрд теңгеге жуық ақша өндіріп алған.
Айта кетейік, Ұлттық банктің ақпаратына сәйкес, 16 ақпанда алтынның 1 грамы – 28 766,27 теңге болып бекітілген. Осы бағамен есептегенде, 24 келі алтынның құны шамамен 690 390 мың теңгеден астам болады.
Айта кетейік, сарапшылардың болжамынша, 2024 жылдың күзіне қарай алтын мен күміс бағасы одан әрі қымбаттауы мүмкін. Швейцариялық қаржы холдингі – UBS-тің болжамы осындай.
«ФРЖ-ның ақша-несие саясатын жұмсартуымен алтын бағасы қымбаттайды деп болжаймыз. Бұл сондай-ақ доллардың әлсіреуімен қатар жүреді»,– деді инвестициялық банктің бағалы металдар бойынша стратегі Джони Тэвес.
Сарапшы бір унция алтын бағасы жыл соңына дейін 2200 долларға жетеді деп болжайды.
Алтын бағасы пайыздық мөлшерлемеге кері бағытта қалыптасатын үрдіске ие. Пайыздық мөлшерлеме төмендеген сайын алтын төмен пайыздық ортада әлсіз кіріс әкелетін облигация сынды инвестқұралдармен салыстырғанда тартымдырақ бола түседі.