«Қазмұнайгаз» Jet A-1 авиаотынын сынақтан өткізіп жатыр

Жарияланды (жаңартылды )
авиаотын
ҚМГ Jet A-1 маркалы авиаотынның халықаралық стандарт талаптарына сәйкестігін тексеріп жатыр / Фото: kursiv.media

«Қазмұнайгаз» Jet A-1 маркалы авиаотынын сынақтан өткізіп жатыр. Бұл жайлы ҚМГ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Jet A-1 маркалы авиаотынын ASTM D1655 халықаралық стандарт талаптарына сәйкестігін паспорттау үшін қажетті барлық сапалық көрсеткіштер мен сынамаларды іріктеу SGS Халықаралық компаниясының сынақ зертханасының аккредитациялау саласына енгізілген.

Бұл зертхана Jet A-1 сапасын 20 көрсеткіш бойынша зерттейді. Отынның түсі, майлау қабілетіне ерекше мән беріледі.

Түсі бойынша сынақ жүргізу арқылы оның сапасын анықтауға болады. Отынның күңгірттенуі немесе түсінің өзгеруі өнімнің ластанғанын білдіреді. Бұл оның әуе кемелерінің қозғалтқыштарында қолдануға жарамсыз екендігін көрсетеді.

Ал отынның майлау қабілетінің жоғары болуы реактивті қозғалтқыштар үшін маңызды. Зерттеудегі бұл параметр қозғалтқыштардың отын жүйесінде майлау материалы ретінде реактивті қозғалтқыштар үшін отынның қолдану тиімділігін көрсетеді. Майлау қабілетінің төмендігі сорғы өнімділігінің төмендеуіне, одан кейін қозғалтқыштың тоқтап қалуына апарады.

Сонымен бірге авиаотын микросепарометр бойынша сынақтан өтеді. Бұл су бөлудің сипаттамасы. Жоғары балл отынның құрамында кір мен суды кетіруге арналған коагулятор сүзгілерінен өтіп кететін, механикалық қоспалар мен суды ұсақ бөлшектерге дейін бұзатын қалқыған белсенді заттардың жоқ екендігін білдіреді.

SGS  (Société Générale de Surveillance, Швейцария) — сараптама, сынақтар және сертификаттау саласындағы әлемдік көшбасшы компания саналады. ҚР-дағы SGS-дің еншілес кәсіпорны — ЖШС «СЖС Қазақстан ЛТД» шетелдік кәсіпорны. ПМХЗ-да SGS зертханасы 2021 жылы ашылған. Мұндағы зерттеу әдістері IATA халықаралық талаптарына сәйкес келеді. Зертханада әлемдік компаниялардың — Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Жапонияның жабдықтары қолданылады.

Қазақстанда авиаотын өндіру саласы жолға қойылған ба?

Еске сала кетсек, өткен жылдың мамыр айында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев «Қазмұнайгаздың» экологиялық жағынан зияны аз Jet-A1 маркалы жоғары сапалы авиаотын шығаруға дайын екенін мәлімдеген болатын.

Бұл авиаотын өртену және жарылу қаупінің төмендігімен және құрамында атмосфераға бөлінетін зиянды газ мөлшерінің аздығымен ерекшеленеді. Бұл отынды тұтыну ұшақ қозғалтқыштарын жөндеу мерзімін ұзартып, ұзақ жұмыс істеуіне кепілдік береді.

«Бұл отынды пайдалану арқылы авиация саласындағы қауіпсіздік пен қызмет сапасын арттыруға болады. Қазақстанның Jet-A1 авиаотынына көшуі үшін мұнай өңдеу зауытынан бастап, ұшақ қанатына дейінгі инфрақұрылымын дамыту керек», – дейді Мырзағалиев.

Компанияның алдағы уақытқа жоспары жоғары болғанымен, мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты авиаотынға деген қажеттілікті өтей алмай отыр. Бұл жайлы Көлік министрі Марат Қарабаев айтқан болатын.

«Отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты авиа отынға деген қажеттілікті өтемейді. Осыған байланысты отынды Ресейден импорттауға тура келеді. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін авиа отын өндірісінің жыл сайынғы көлемін (жылына 1 млн тонна) ұлғайту қажет. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықты және импортқа тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді», – деді министр.

Мағзұм Мырзағалиев те «Қазмұнайгаз» авиакеросин өндірісін 3 есе арттырып, бұл отын көлемін жылына 313 мың тоннадан 1 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын да айтқан. Мұндай көлемге Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру арқылы жетпек.

«Қазақстанның өсіп келе жатқан осы қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға қарай 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін кеңейтуді қарастырып жатырмыз. Бұл көлем, біздің авиациямыздың қажеттілігін толық өтей алады. Компания авиакеросиннің импорты қажеттігін ескеріп, басқа мекемелермен бірлесіп, авиаотын жеткізетін бағыттарды қарастырып, көрші елдермен келіссөздер жүргізіп жатыр», – деді Мырзағалиев. 

Сонымен бірге компания басшысы әуе көліктері де қалдықсыз отынға көшіріле бастағанын алға тартып, Америка, Израиль, Еуропаның бірқатар елдері кезең-кезеңімен SAF авиаотынына ауысып жатқанын атап өтті. SAF авиациялық отыны неғұрлым тұрақты ресурстарды пайдалана отырып өндіріледі және экологиялық таза отын санатында.

Қазақстан да бұл үрдістен қалмай, биоотын түріне біртіндеп көшіп, оны ішкі рейстерде пайдалану мәселесін қарастыруда. Бұл отынды тек пайдаланып қоймай, сонымен бірге елде өндіру мәселесі де көтерілуде.

«Бұл таза отынды өндіруде Қазақстанның мүмкіндіктері зор. Мұндай өнімді өндіру ҚМГ үшін де, Қазақстан үшін де тиімді болады. SAF биоотынның бағасы қымбат әрі оған деген сұраныс болашақта арта түспек. Оны өндіру арқылы біз елдегі ауылшаруашылығын дамытып, көмірқышқыл шығындыларын азайтуда әлемдік деңгейде өз үлесімізді қосамыз», – деді ҚМГ басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз