«Қазгидромет» болжамы: Көктем жылы әрі жаңбырлы болады
«Қазгидромет» Қазақстан аумағы бойынша 2024 жылғы наурыз-мамыр айларына арналған маусымдық ауа райы болжамын ұсынды. Болжамға сәйкес, Қазақстанда көктем жылы болады. Бірақ наурыз айында Солтүстік өңірлерде -25 градусқа дейін суық болуы мүмкін.
Наурыз
Көктемнің бірінші айында, яғни наурызда Қазақстанның солтүстік облыстарында жекелеген күндері қыс мезгіліндей суық ауа райы күтіледі. Бұл айда қар жиі жауып, бұрқасын, көктайғақ пен тұман болады деп болжанады. Бұл күндері температура фоны төмен, түнде 15-25 градус аяз болады деп болжануда.
Елдің солтүстік, орталық және шығысында бірінші онкүндікте ауа температурасының күндіз 2-7°С дейін жоғарылауы болжанады. Ал көктемдегідей жылы ауа райы тек айдың үшінші онкүндігіне қарай орнайды. Бұл кездері күндізгі уақытта термометрлердің бағандары 5-15°С дейін көтерілуі мүмкін.
Ал Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс өңірлеріне көктем уақытында келеді. Бұл өңірлерде наурыз айында жауын-шашын мен жылбысқы қар көп болады. Ауа температурасы түнде +3+8°С дейін, күндіз +10+18°С дейін ауытқуы күтіледі.
«Наурызда бір айдағы орташа ауа температурасы Қазақстан аумағының басым бөлігінде нормаға жуық, елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде. Наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде – нормадан көп түседі. Ал Қазақстанның оңтүстік-батыс, солтүстік-батыс бөлігінде норма шамасында болжанады», – делінген Қазгидромет болжамында.
Сәуір-мамыр
Ал сәуір және мамыр айларында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде. Елдің солтүстік-батыс жартысында температуралық фон мамыр айында ғана нормаға жуық болады.
Сәуір айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын климаттық норма көлемінде болады. Ал Қазақстанның солтүстік-батысында нормадан аз болады. Елдің оңтүстік, оңтүстік – шығыс, шығысының таулы аймақтарында керісінше нормадан көп болуы мүмкін.
Тек мамыр айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында болады деп болжанып отыр.