Ауа райының қолайсыздығына байланысты Алматы әуежайынан 12 рейс бойынша әуе кемелері ұша алмай қалды. Бұл жайлы Алматы әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты (қар жауып, тұман) Алматыдан ұшатын рейстер кешіктірілуде», – делінген баспасөз хабарламасында.
Компания жолаушыларға рейстің мәртебесін авиакомпанияның сайтынан тексеруді сұрады. Ал билетті қайтару және қайта броньдау мәселелері бойынша сатып алған жерге хабарласу керек.
Әуежай мәліметтеріне сәйкес қазіргі уақытта Air Astana, FlyArystan, Qazaq Air және Qatar Airways рейстері кейінге қалдырылған.
«Қазгидромет» болжамында 16 ақпанда таңертең және күндіз Алматы облысы мен Алматы қаласында қатты жауын-шашын мен қар күтілетіні айтылған. Әсіресе, облыстың оңтүстігінде және таулы аудандарында қар қалың түседі деп болжанып отыр.
«Облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында кей уақыттарда тұман, көктайғақ күтіледі. Солтүстік-батыстан екпіні 18-23 м/с жел соғады. Алматы қаласында 16 ақпанда таңертең және күндіз қатты жауын-шашын болып, көктайғақ күтіледі», – делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Тек Алматы облысында ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның басқа өңірлерінде де күн райы бұзылған. Атап айтқанда, Астана, Семей қаласы және Қарағанды мен Ақтөбе облыстарында ауа райын нашарлаған. Осыған орай бұл өңірлердің оқушылары қашықтан оқуға көшірілді.
Сонымен бірге «ҚазАвтоЖол» ауа райының қолайсыздығына байланысты 16 облыста республикалық маңызы бар автожолдардың 100 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілгенін хабарлады.
Ал ТЖМ құтқарушылары қазіргі таңда әр өңірде авраиялық құтқару шараларын жүргізіп жатыр. Әіресе, Абай облысы Көкпекті ауданындағы «Омбы-Майқапшағай» автожолында жұмыс қауырт. Абай облысынан құтқарушылар түнімен қарлы боранда қалып қойған көліктерді шығарып, азаматтарды құтқарған.
Бұл орайда құтқарушылар азаматтарды мұндай жағдайда алыс сапарларға шықпауға, шығатын жағдайда алдын ала жол бағытын тексеріп алуды ескертеді.