Боранға байланысты қар құрсауында қалғандар көп: ТЖМ адамдарды тікұшақпен құтқарып жатыр
Боранға байланысты Қазақстанның бірнеше облысында жол жүру қиындады. Құтқарушылар жолда қалған адамдарды құтқару үшін ШҚО әкімдігінің МИ-8 және Қорғаныс министрлігінің МИ-17 тікұшағын көтерді.
Абай облысының Көкпекті ауданындағы жағдай аса күрделі. Ведомствоның хабарлауынша, арнайы техника мен полицияның қызметтік машиналары трассада тұрып қалған адамдарға жете алмай жатыр.
Сағат 13: 15-те МИ-8 тікұшағындағы құтқарушылар Қалбатау ауылына 29 адамды эвакуациялады. Оның ішінде әйелдер мен балалар бар. Ал Жарма ауданының әкімдігі «Жол болсын» кафесінде жылыту пунктін ұйымдастырған.
«Сағат 13:20-да ТЖМ тікұшағы екінші рейске кетті. Көкпекті ауданындағы боранға байланысты қонуды жүзеге асыру мүмкін емес. Полицейлер басқа жүргізушілермен бірге колоннада», – деп хабарлайды ІІМ.
Абай облысында 70 көлік жолда қалған
ТЖМ хабарлауынша Абай облысында жолда 70-ке жуық көлік қалған. Көріністің шектеулігіне байланысты құтқару жұмыстары қиындаған.
«Абай облысы ТЖД құтқарушылары «Қазавтожол» қызметкерлерімен бірлесіп Көкпекті ауданында апаттық-құтқару жұмыстарын жүзеге асыруда, онда қардың өтуіне және нөлдік көрінуіне байланысты автомобильдер колоннасы тұр. Нақтыланған мәліметтер бойынша қар құрсауында 70-тен астам көлік бар», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Сонымен бірге ТЖМ ШҚО әкімдігінің МИ-8 әуе бөлімшесінің тікұшағымен қалың қардан тағы 32 адамның, оның ішінде 1 бала эвакуацияланғанын хабарлады. Ал Қорғаныс министрлігінің МИ-17 тікұшағымен 12 адам эвакуацияланған.
Бұдан бөлек жолаушылар автобусынан өтімділігі жоғары техниканың көмегімен 30 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланған. Құтқарылғандар ішінде зардап шеккен 4 адам туралы ақпарат бар. Ведомствоның хабарлауынша зардап шеккендердің үсік дәрежесі анықталып жатыр.
«Эвакуацияланғандар Қалбатау ауылына жеткізілді. Олар уақытша жылыту пунктіне орналастырылды. Авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Соңғы келіп жеткен мәліметтерге сәйкес Абай облысында ақ түтек бораннан шамамен 140 адам құтқарылып, эвакуацияланған.
Ақмола облысында 191 адам құтқарылды
ТЖМ боранға байланысты Ақмола облысында да құтқару жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.
«Ақмола облысының автожолдарынан құтқарушылар ЖАО бірлесіп түнде 191 адамды, оның ішінде 20 баланы құтқарып, жылыту пунктеріне орналастырды. Сағат 18:04-те «Жақсы-Есіл-Бузылык» автожолында «Астана-Челябинск» бағыты бойынша жүретін автобустың ақаулығына байланысты Өзбекстанның 64 азаматы, оның ішінде 17 бала жылыту пунктіне көшірілді», – делінген ТЖМ хабарламасында.
3 сағаттан кейін сол автожол бекеттерінен тағы 54 Өзбекстан азаматы, оның ішінде 3 бала құтқарылса, сағат 23-25-те «Алматы-Екатеринбург» автожолында ақаулы автобустан жылыту пунктеріне 71 Тәжікстан азаматы эвакуацияланған. Ал «Астана-Щучинск» автожолында жылыту пунктіне Қазақстанның 2 азаматы орналастырылған.
Еске сала кетсек бүгінгі боранға байланысты Алматы әуежайынан ұшатын әуе кемелерінің рейстері кешіктірілген. Әуежай мәліметтерінде Air Astana, FlyArystan, Qazaq Air және Qatar Airways рейстері кейінге қалдырылғаны айтылған.