Соңғы күндері Абай облысының аумағында биіктігі 80 сантиметрге жуық қар жауып, бұрқасынға ұласқан. Сондықтан облыс жолдарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. «ҚазАвтоЖол» республикалық маңызы бар жолдарда қозғалыс шектелгенін хабарлады.
«Республикалық маңызы бар жолдармен жүріп-тұру шектелді, ал облыста табиғи сипаттағы ТЖ режимі енгізілді», – делінген хабарламада.
Әсіресе, Қалбатау-Майқапшағай тас жолында 400-ге жуық көлік қар құрсауында қалып қойған. Олады ТЖМ мамандары және жолшылардың көмегімен эвакуациялаған. Жылдам көмек көрсетуге әуе қызметі де тартылған.
Қазіргі кезде Қалбатаудан Көкпектіге дейінгі жол ашық. Күре жолдардың қары күреліп жатыр. Аталмыш учаскеде 14 жол техникасы жұмылдырылған. Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін қосымша қар тазалау техникасы мен жұмысшылар тартылмақ.
Бұған дейін еліміздің 8 облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың 15 учаскесінде жол қозғалысы шектелгенін жазғанбыз.
Қалың қар мен бұрқасын салдарынан Абай облысының жолдарында жалпы ұзындығы 411 шақырымды құрайтын 2 учаске:
- «Омбы-Майқапшағай» – Қалбатау а.-Боғас ауылы;
- «Қарағанды-Аягөз-Боғас» – Аягөз қ.-Боғас ауылы аралығында жол жабық.
Көршілес Шығыс Қазақстан облысында қар, бұрқасын, жол көрінбейді және қар көшкіні қаупі бар. Соған байланысты ұзындығы 589 шақырымды құрайтын 4 автомобиль жолдарындағы учаскелерде қозғалыс шектелген.
Қазіргі уақытта республикалық маңыздағы автожолдарды күтіп ұстауға 336 арнайы техника мен 539 қызметкер жұмылдырылған.
Ал ТЖМ құтқарушылары қазіргі таңда әр өңірде авариялық құтқару шараларын жүргізіп жатыр. Боранға байланысты қар құрсауында қалғандар көп. ТЖМ адамдарды тікұшақпен құтқарып жатыр.
Десе де, «Қазгидромет» көктем жылы әрі жаңбырлы болады деп болжайды.