2023 жылдың қорытындысын шығарған отандық инвестициялық компаниялар, өткен жыл бойынша есеп беріп те үлгерді. Былтырғы жылдың алғашқы алты айында белсенді түрде өсті. Кеңейген инвестсектор, екінші тоқсанда тоқырауға жол бергені мәлім болды. Активтердің өсуі тек жаңа жағдайға бейімделіп, икемделе алған компаниялар тарапынан ғана байқалған.
2024 жылдың басындағы жағдайға сай инвестициялық портфель басқарушы қазақстандық компаниялардың жиынтық активтері 574,4 млрд теңгені құрады. Актив көрсеткіштері бір жылдың ішінде 28%-ға, яғни 125,6 млрд теңгеге дейін өскен. Өсу көрсеткіші 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында ғана байқалған, екінші жарты жылдықта – біртіндеп қысқара түскен.
Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында инвестициялық компаниялар өз қоржындары 200 млрд теңге шамасында қаржылай ауқым қоса алды (+43%). Нарық ішіндегі ойыншылар мұндай өсімді басқарушы компаниялардың активтеріндегі бағалы қағаздар құнының өсуімен (әңгіме – 2022 жылы құлдырап кеткен қағаздар туралы) және брокерлердің меншікті капиталын инвестициялау барысында левереджді пайдалануды шектейтін пруденциалды нормативтердің жойылуымен түсіндірген болатын. Ал өткен жылдың шілдесі мен желтоқсаны аралығындағы активтердің төмендеуі (69,4 млрд теңгеге дейін) нарықтағы ойыншылар санының қысқаруы мен жекелеген компаниялардың көрсеткіштерінің төмендеуіне байланысты орын алды.
Инвестициялық компаниялардың жиынтық міндеттемелерінің көлемі 2023 жылы 54,3%-ға немесе 83,7 млрд теңгеге дейін ұлғайып өскен. Сол кезде басқарушылардың меншік капиталы 41,9 млрд теңгеге, яғни 336,7 млрд теңгеге дейін өскен.
Жаңартылған тізім
Бүгінгі таңда Қазақстанда 20 шақты инвестициялық басқарушы компания жұмыс істейді. Былтыр нарық аясынан бір ойыншы шығып кетсе, екеуі келіп қосылды: бағалы қағаздар нарығында қызмет атқару лицензияларын – N1broker және Standard инвестициялық компаниясы алды. Тамыз айында Fincraft инвестициялық үйі брокерлік, дилерлік және инвестициялық портфельді басқару туралы лицензиялары тоқтатылғанын жария етті. Fincraft ең ірі басқарушы компаниялар ондығына кіретін – қолда бар соңғы статистикалық мәліметтерге сай, компанияның активтері 11,3 млрд теңгені құраған.
Сектор бойынша былтыр 12 компанияның активтері ұлғайып өскені тіркелді. Өсім тұрғысында ауқымды үлес «Фридам Финанс» акционерлік қоғамына тиесілі. Басқарушы компанияның жиынтық активтері 2023 жылы 1,5 есеге, яғни 111,7 млрд теңгеге өсіп, 316,9 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы сектор бойынша 55%-ға жуық үлесті құрайтын көрсеткіш.
Компанияның өткен жылдың қорытындысы туралы есебінде активтердің өсуіне – бағалы қағаздар портфелін 83,3 млрд теңгеге немесе 64%-ға. Cондай-ақ басқа да заңды тұлғалардың капиталына және дәрежеленген қарызға бағытталған инвестицияларды 30 млрд теңгеге немесе 45%-ға ұлғайту нәтижесінде қол жеткізілгені туралы айтылған. Компания міндеттемелері 79,4 млрд теңгеге (93%) өскен, негізінен тікелей РЕПО операциялары есебінен. Компанияның меншік апиталы 32,3 млрд теңгеге немесе 27%-ға ұлғайып өскен. Оның ішінде Freedom Holding Corp. компаниясының бірден-бір акционерінің сатып алуға басым құқығын жүзеге асыру жолымен қарапайым акцияларды орналастыру есебінен де. Жалпы, 2023 жылы компания 31,7 млрд теңгеге 2,27 млн акция орналастырған. Жарғылық капиталдың ұлғаюы төрт транш негізінде жүзеге асқан: өткен жылдың ақпанында (екі транш), шілде және қыркүйек айларында.
2023 жылдың қорытындысы бойынша ЦентрКредит Банктің BCC Invest басқарушы компаниясы екі позицияға көтерілді. Активтері бойынша Қазақстанның инвестициялық компаниялары арасында 2-орынға шықты. 12 айда компания активтері 52%-ға, яғни 59,1 млрд теңгеге дейін өскен.
«Активтер көлемінің өсуі 2023 жылы бағалы қағаздарды қайта бағалауды арттырумен байланысты болды. Сонымен қатар, активтер көлемінің ұлғаюына – 6 еседен астам өсім көрсеткен кері РЕПО операциялары бойынша мәмілелер де әсер етті», – деп түсіндіреді басқарушы компания өкілдері.
BCC Invest капиталының көлемі бір жылда 7 млрд теңгеге ұлғайып өскен. Оның ішінде өткен жылдың қазан айында бірден-бір акционер тарапынан жарғылық капиталды 4 млрд теңге қосымша капиталдандыру және бөлінбеген пайданы 73%-ға өсіру (жылма-жыл есептегенде) шаралары есебінен де.
Jusan Invest (сектор бойынша 3-орын) өткен жылдың бірінші жарты жылдығындағы елеулі қысқарудан кейін біртіндеп қалыпқа келуде. 2023 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында компания актив көлемінің 29,6%-ын жоғалтып алды. Екінші жарты жылдықта активтер 34%- ға, яғни 59 млрд теңгеге дейін өсті. Бірақ бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,5 млрд теңге төмен көрсеткіш. 2023 жылдың қорытындысы бойынша активтер көлемінің азаюы бір жылдағы міндеттемелер көлемінің төмендеуімен ғана байланысты, деп көрсетеді Jusan Invest өкілдері. Жыл басында 20,3 млрд теңгені құраған міндеттемелер көлемі – жыл соңында 14,5 млрд теңгеге дейін төмендеген. Дегенмен, баспасөз қызметінің мәліметінше, компанияның меншікті капиталы 42,2 млрд теңгеден 44,4 млрд теңгеге дейін өскен.
Отандық бағалы қағаздар нарығының тағы бір ойыншысы – «First Heartland Securities» АҚ – First Heartland холдингі құрамындағы брокер лицензиясын иеленген компания.
Былтыр қазанда бұл компания топтық құрылымды оңтайландыру және функциялардың қайталануын жою мақсатында Қазақстан қор биржасынан ерікті делистинг жасады. Өз лицензиясының тоқтатылғаны туралы мәлім етті. 2024 жылдың қаңтар айының басындағы жағдайға сай реттеуші органның қарауындағы инвестициялық портфельдерді басқарушы компаниялар тізімінде аталған компания әлі де тұр. Оған тиесілі актив көлемі 29 млрд теңге (5-орын) деп көрсетілген.
Ал «Халықтық» басқарушылар үшін өткен жыл «минустық» нәтиже көрсеткен. 2024 жылдың қаңтарында Halyk Finance активтері 54,8 млрд теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1% төмен ауқым. Өткен жылдың бірінші жарты жылдығында көрсеткіш 6,5%-ға, яғни 51,9 млрд теңгеге дейін қысқарған. Негізінен пайда немесе шығын құрамында ескерілетін бағалы қағаздар құнының төмендеуіне байланысты. Әйтсе де жыл соңына қарай компания дәл осы баптың өсуі есебінен активтер деңгейін қалыпқа келтіре алған. Halyk Finance басқаруындағы бес инвестициялық пай қоры пай құнының 7,6%-дан 14%-ға дейін өсуі нәтижесінде оң динамика көрсете алды. Өткен жылы басқарушы компания борыштық бағалы қағаздар портфелін өсіруге мән беріп, қоржынды кірістілігі мейлінше төмен облигацияларды сату мен ликвидті кіріс есебінен толтыра алған.
Активтердің елеулі төмендеуі топ ішіндегі тағы бір компанияда да байқалды. Бір жылдың ішінде Halyk Global Markets (6-орын) активтері 15%-ға. Яғни 17,4 млрд теңгеге дейін қысқарып қалған. Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылы екі басқарушы компанияның клиенттік бизнесі Halyk Finance базасында (мейлінше ірі компания) біріктірілген болатын.
2023 жылдың алғашқы алты айында NGDEM Finance активтері артынша елеулі ауқымда құлдырауға жол берді. Былтырғы бірінші жарты жылдықта компания 30 есе ұлғайып өскен – 3,5 млрд теңгеден 102 млрд теңгеге дейін. Сөйтіп, актив көлемі бойынша басқарушы компания 2-орыннан көрінді. Бірақ екінші жарты жылдықта көрсеткіштер бастапқы деңгейге қарай омақаса құлады. Нақтылап айтсақ, 3,8 млрд теңгеге дейін (11-орын). Қаржылық есепке қарасақ, активтердің қарқындап өсуі мен артынша төмен құлдырауы – әділ құн бойынша есепке алынатын бағалы қағаздар есебінен болса керек. Бұл тұрғыдағы ауытқулар бүкіл сектор бойынша нәтиже көрсеткіштеріне әсер етті деуге болады. NGDEM Finance компаниясын есептемегенде, қалған 19 басқарушы компанияның жиынтық активтері 2023 жылдың екінші жарты жылдығында 28,7 млрд теңгеге немесе 5%-ға өскен. Дегенмен, NGDEM Finance тарапынан бұл көрсеткіштерді ешкім түсіндіріп, пікір айтқан жоқ.
Бұл компанияның NGDM Global Limited деп аталатын еншілесі де бар, ол АХҚО-да тіркелген. 2023 жылдың маусым айында «қор» және «деривативтер» санаттары бойынша KASE мүшелігіне қабылданған.
Тиімді ребрендинг
Салыстырмалы түрде алғанда, былтыр активтер көрсеткішінің елеулі деңгейде өсуі Teniz Capital Investment Banking компаниясында (бұрынғы «YURTA қаржы үйі») тіркелген. 2023 жылдың сәуірінде аталған компанияның бірден-бір акционері Сәкен Үсер екендігі мәлім етілді. Жаңа акционердің стратегиясына сәйкес, компания «маркет мейкер және андеррайтинг қызметтерін көрсету бойынша өзінің клиенттік базасын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ішкі облигациялар нарығында бәсекеге қабілетті позицияны иеленуге ниетті» делінгені есімізде. Бұл жоспарларын басқарушы компания жігер-ынтасын салып орындауда: 2023 жылы компания активтер көлемін 7,5 есеге, яғни 0,5 млрд теңгеден 4 млрд теңгеге дейін ұлғайтты (9-орын). Оның ішінде міндеттемелерін 2,1 млрд теңгеге, капиталын 1,4 млрд теңгеге ұлғаюту есебінен де. Қазан айының соңында компания 92 930 қарапайым акцияларын орналастырғанын жария етті. Мажоритарлық акционер Сәкен Үсердің үлесі 78,35%-ға дейін қысқарды. Сол кезде ТСІВ басқармасының төрағасы Максим Занкин акциялардың 8,12%- на. Тағы бір акционер Арман Бистибеков – 7,98%-на иелік еткені мәлім болды.
Аталған компания былтыр – жыл бойы «Алтын Сапа ALM» ЖШС және «Ел Орда Арнау» ЖШС құрылыс компанияларының облигацияларын орналастыру бойынша сауда-саттыққа бастамашы болды. Бұл екі компания «Qaz Stroy Standart» арқылы Damu Development Group құрылыс компанияларының құрамына кіреді. Сауда-саттықты аталған топ – консорциум құрамындағы Svoy Dom деп аталатын жылымайтын мүлік супермаркеті арқылы жүргізуде.
Ребрендинг шарасы тағы бір компания үшін де тиімді болғанын айта кету керек. Tansar Capital – бұрынғы CAIFC инвестициялық тобының активтері былтыр 87%-ға , яғни 3,1 млрд теңгеге дейін (12-орын) өскен. Компанияның міндеттемелері 24%-ға азайып, 328,7 млн теңгеге жеткен. Ал капиталдың 1,5 млрд теңгеге өсуі – бөлінбеген пайданың елеулі ауқымда ұлғаюы негізінде қамтамасыз етілген.
2023 жылы сектор ішіндегі алты ойыншыға тиесілі активтер көлемі қысқара түскен. Салыстырмалы түрде алғанда, активтердің төмендеуі бойынша антилидерлер қатарында – жоғарыда аталған Halyk Global Markets пен Private Asset Management және SkyBridge Invest басқарушы компаниялары бар. РАМ балансы бір жылда 40%-ға қысқарса, SBI активтері 27%-ға азайған. Бұл компаниялар актив көлемі бойынша инвесткомпаниялар тізімінің ең соңында тұр.
Комиссиялық кірістерден қайыр бар…
2023 жылы Қазақстанның басқарушы компаниялары жиынтық түрде алғанда 25,33 млрд теңге пайда тапқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 69%-ға артық көрсеткіш. 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы орташа мөлшерлемелер біршама жоғары болды. Инвесткомпаниялардың кірістері де өсе түсті, дейді «Фридом Финанс» АҚ қазынашылық департаментінің бас сарапшысы Аружан Сағымбаева.
Инвестициялық компаниялардың жиынтық түрдегі қаржылық нәтижесіне ең көп үлес қосқан – 20,6 млрд теңге көлеміндегі комиссиялық кірістер. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 20%-ға өскен. 2023 жылы басқарушылар алған комиссиялық сыйақылардың 55%-ы брокерлік қызметтен түскен табыс (13,5 млрд теңге). Комиссиялардың үштен біріне жуық сома андеррайтер қызметтерінен түскен. 2023 жылға KASE-нің ресми тізіміне 59 эмитенттің 126 шығарылым облигациялары енгізілді. Сонымен қатар, былтыр Қазақстанның қор биржаларында «KEGOC» АҚ акцияларын қайталама орналастыру өткізілді.
Сыйақы алудан түскен таза кіріс 14,87 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе аз көрсеткіш. Қаржы активтерін сатып алу мен сатудан және олардың құнының өзгеруінен компаниялар. Сәйкесінше, 14,6 млрд теңге және 8,9 млрд теңге табыс тапқан. Айта кету керек, 2022 жылы сектор іші дәл осы баптар бойынша шығынға ұшыраған болатын. Ал шетелдік валютаны қайта бағалаудан түскен пайда 9 млрд теңгеден 2,9 теңгеге дейін төмендеген. Бұған теңгенің біршама тұрақты бағамы (салыстырмалы түрде алғанда) әсер етсе керек.
Сарапшылардың айтуынша, аталған индустрия биылғы жылы да әрі қарай ұлғайып, өсе бермек. Олардың пайымынша, бұған – Қазақстан нарығына инвесторлардың көптеп келуі септік етуі тиіс. UD Capital компаниясының активтерді басқару департаментінің директоры Дамир Сейсебаев. 2024 жыл басқарушы компаниялар үшін тиімді болады деген сенімде.
«Пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі меншікті және клиенттік активтер бойынша облигациялар портфельдері құнын оң сипатта қайта бағалауға алып келуі мүмкін. Клиенттік активтерді басқару сыйақысы өсу мүмкіндігін де жоққа шығара алмаймыз. Акциялар портфелі бойынша жағдай біржақты емес – бұл арада мәселе алдымен жаһандық экономикаға келіп тіреледі. Жалпы, 2023 жыл ойдағыдай болғанын ескерсек, басқарушы компаниялар, мысалға, 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында қаражат ағынына үміт ете алады деп ойлаймын», – деп түйіндейді сарапшы.
Жалпылай алғанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша отандық 20 басқарушы компанияның ішінде 17-сі қаржылық оң нәтиже көрсете алған.
2023 жылы ең көп пайда тапқан компания «Фридом Финанс» – компанияның таза табысы 6,34 млрд теңгені құрады. Бірақ бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,8 млрд теңгеге немесе 70,2%-ға төмен көрсеткіш. Пайданың азаюын, компания, тікелей РЕПО операциялары бойынша сыйақы төлеу шығындарының 17,48 млрд теңгеге, операциялық шығындардың 7,87 млрд теңгеге ұлғаюымен түсіндіреді. Бұл ретте компания сатып алған бағалы қағаздардың сыйақысынан түскен кіріс 5,75 млрд теңге. Қаржы активтері құнының өзгеруінен түскен таза кіріс 5,22 млрд теңгеге. Қаржы активтерін сату мен сатып алудан түскен кіріс 2,19 млрд теңгеге өскен. Компанияның комиссиялық сыйақысы 11 млрд теңгені құраған. Оның басым бөлігі (6,7 млрд теңге) брокерлік қызметтерден түскен. Ал андеррайтер қызметінен түскен табыс 3,9 млрд теңге. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сай басқарушы компанияға тиесілі шоттардың жалпы саны шамамен 86 мың. 2023 жылы мәмілелер саны 948 мыңнан асып түскен.
Сектор бойынша екінші орынға Halyk Finance көрсеткіштері жайғасқан. Компания былтыр 5,9 млрд теңге пайда тапқан: 2022 жылғы шығын 2,3 млрд теңгені құраған-тын. Бұл арада компания комиссиялық сыйақылар есебінен 4 млрд теңге пайда тапқанын айта кету керек. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл 43%-ға жоғары көрсеткіш. Компания активтерді басқару мен маркет мейкер қызметтерінен түсетін комиссиялық кіріс бойынша көш бастап тұр.
Ең табысты компаниялар үштігіне BCC Invest те кіреді. Өткен жылы компания 3 млрд теңге пайда тапқан. 2022 жылмен салыстырғанда бұл 3 еседей жоғары ауқым. Аталған көрсеткіштің өсуін компанияның негізгі қызметінен түсетін кірістің артуымен түсіндіруге болады. Бір жылда пайыздық таза кіріс 36%-ға (немесе 744 млн теңгеге) артқан. Бұған сатып алынған бағалы қағаздар бойынша сыйақылардың өсуі септік еткен. Бірақ бұл арада сыйақы төлеу шығындары айтарлықтай өзгере қоймаған – өз кезегінде, бұл компанияның қаржылық нәтижесіне оң сипат беріп отыр. Комиссиялық таза пайда 49%-ға, яғни 1,8 млрд теңгеге дейін ұлғайып өскен. Негізінен андеррайтинг қызметі бойынша сыйақылардың артуы есебінен (BCC Invest пен Jusan Invest KEGOC SPO-сы бойынша тең андеррайтерлер деп мәлімделгені белгілі). Комиссиялық шығындар ептеп қана өскен. «Диллинг» 2023 жылдың аяғында қаржылық активтерді сатып алу мен сатудан түскен таза кірістің ұлғаюына байланысты оң нәтиже берді (925 млн теңге).
2023 жыл Halyk Global Markets үшін де нәтижелі болды. Алдыңғы жылғы 239,7 млн теңге шығынның орнына 2,6 млрд теңге пайда әкелді. Көрсеткіштің бұлайша өсуіне, негізінен шығындарды қысқарту септік еткен.
Jusan Invest 2023 жылы 2,1 млрд теңге пайда тапқан. Ал 2022 жылы компанияның шығындары 2,3 млрд теңгені құраған болатын.
Компанияның өзінде бұл цифрларға қатысты: «Қаржылық оң көрсеткіштер 2023 жылғы инвестициялық тиімді шешімдердің нәтижесі», – деп қысқа қайырды.
Басқарушы компаниялардың үшеуі 2023 жылды шығынмен аяқтады. Салыстыру үшін: былтыр мұндай алты компания тіркелген-тін.
Сектор ішіндегі жаңа ойыншы N1broker компаниясының шығындары 448,4 млн теңгені құрады. Бағалы қағаздар нарығында қызмет етуге құқық беретін лицензияны компания 2023 жылдың 1 маусымында алған болатын. Шығынға ұшыраған компанияның тағы бірі SkyBridge Invest – шығын көрсеткіші 447, 3 млн теңге. Көрсеткіштің бұлайша төмендеуі операциялық шығындардың елеулі деңгейде өсуімен және валютаны қайта бағалау шығындарымен түсіндіріледі. Ал «Private Asset Management» басқарушы компаниясы өткен жылды 317 млн теңге шығынмен аяқтағаны белгілі болды.
Сектор ішіндегі ең нәтижелі деп осымен үшінші тоқсан қатарынан Tansar Capital инвестициялық компаниясын айтуға болады. Бір жылда компания 1,7 млрд теңге пайда тапқан: актвитердің орташа көлемі 2,4 млрд теңге (ROA 71%). Активтердің күрт қысқаруы аясында NGDEM Finance жоғары рентабельділікке қол жеткізе алған (ROA 36%). Ал активтерді пайдаланудың тиімді жолын көрсетіп отырған Teniz Capital Investment Banking активтерінің рентабельділігі 2023 жылдың қорытындысы бойынша 23% деңгейінде қалыптасқан.