Мемлекет әрі ойланып, бері ойланып қосылған құн салығын (ҚҚС) көтермеу туралы шешім қабылдады. Үкімет басшысы одан да бюджет кірісін толықтырудың басқа жолын іздейік деп мәлім етті. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, ҚҚС-ты көтеру кәсіпкерлерге жағымсыз салдарын тигізеді. Дәл қазіргі 12 пайыз деңгейінде сақтау үшін ешқандай қосымша құжат әзірлеу қажет емес. Дегенмен қазынаға 2-2,5 трлн теңге ауадай қажет. Үкіметтің экономикалық блогының бұрынғы басшылары ҚҚС ставкасын ұлғайту есебінен осыншама қаржы тартуды көздеген болатын. Ендігі шешім қандай? Сарапшылар не айтады?
Бәрі де Президенттің Үкіметтегі кеңейтілген отырыста сөйлеген сөзінен басталды. Президент Тоқаевтың айтуынша, қазіргі уақытта елімізде жаңа Салық кодексі әзірленуде, ол инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мен бюджетке түсетін түсімдердің қажетті деңгейін ұстап тұру арасындағы ақылға қонымды теңгерімді қамтамасыз етуге тиіс.
«Бизнес-қоғамдастық құжат ең алдымен салық ставкаларын көтеруге бағытталған деген пікірде. ҚҚС-ты 12-ден 16 пайызға дейін арттыру – панацея емес. ҚҚС-тың өзі реформалауды қажет етеді. Сарапшылар ҚҚС өсімі инфляция деңгейін және көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетуі мүмкін дейді. Әзірге жаңа Салық кодексін қалыптастыру жөніндегі жұмыс Мемлекет басшысы ретіндегі менің күткеніме сәйкес келмейді», – деді Мемлекет басшысы.
Сарапшылар пікірі
Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың айтуынша, салық кірісін арттыруды қалайда шешу керек. Бірақ ставканы көтеру бойынша жауапкершілікті ешкім мойнына алғысы келмейді.
«Бәрі салықтық әкімшілендіру есебінен резерв іздеуге тырысады. Бірақ бұл жүйелі емес және қажетті тиімділікті бермейді. Өйткені әкімшілендірудің ашық жүйесін құру өте қиын. Меніңше, әкімшілендіру мәселені шешпейді, одан да салық құрылымы мен оның логикасын өзгерту керек: прогрессивті салық салу, мүлік салығын арттыру, жер қойнауын пайдалануға салық салуды толық реформалау деген сияқты. ҚҚС бойынша алдын ала төленген ҚҚС немесе бөлек шоттар арқылы есепке алуға ауысу керек», –дейді ол.
Экономист Мақсат Халықтың пайымынша, ҚҚС-ты 12-ден 16 пайызға көтеру арқылы қысқа мерзімде табысқа жетуге болады.
«Сол арқылы бюджетке қосымша 2,4 тлрн теңге алып келу көзделген. Егер шынайы қарасақ, бұл қысқа мерзімде мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде оның кері әсері болады. Алғашқы жылы біраз бюджет кірісін қамтамасыз еткенмен, кейін бизнестің көлеңкеге кетуіне ұласып, бюджет кірістері қайта керісінше күрт төмендеп қалуы мүмкін. Экономикада америкалық экономист Артур Лаффер өзінің әйгілі Лаффер қисығы үлгісін ұсынған. Лаффер қисығы – бұл салықтық түсімдер мен салықтық мөлшерлеме арасындағы тәуелділіктің графикалық көрінісі. Қисықтың мақсаты – пайыздық мөлшерлемелер өзгерген кезде салық түсімдерінің қалай өзгеретінін көрсету. Лаффер бойынша салықтың пайыздық мөлшерлемесі нөлге теңестірілген сәтте бюджет кірістері болмайды, өйткені іс жүзінде ешқандай салық қолданылмайды. Дәл сол сияқты, егер салық мөлшерлемесі 100 пайыз болса, онда салық түсімдері де болмайды, өйткені бірде-бір компания өзінің кірісін салық төлеуге жұмсалатын тауар өндіруге келіспейді. Ұлттық экономика министрлігінің ұстанымы мөлшерлемені көтеру болатын. Үкімет салықты көбейту арқылы бюджетке көбірек кіріс кіргіземіз деп ойлайды, алайда салық мөлшерлемесінің жоғары болуынан керісінше бюджетке кіріс азаяды», – дейді ол.
Айтуынша, бұған себеп – көптеген компания көлеңкелі жаққа өтіп, қосарланған бухгалтерлік есеп жүргізе бастайды немесе қазіргі жағдайдағыдай бірнеше ЖШС мен ЖК ашауға көшеді.
«Демек қазірдің өзінде кәсіпкерлер үшін ҚҚС-тың 12 пайыз болып тұрғаны аз болып тұрған жоқ. Сондықтан жаңа үкіметтің шешімі орынды болды деп айтуға негіз бар. Енді ҚҚС салығы бойынша және еліміздегі бюджет салық саясаты бойынша жаңа ұсыныстар болуы қажет деп есептеймін», – дейді.
Бәрі де қайтсек бюджет тапшылығын жабамыз, қазынаның кірісі мен шығысы арасындағы айырмашылықты азайтамыз дегеннен туындап жатқан бастама екені түсінікті. Мемлекет салықты көбейтіп, бюджет кірісін молайтқысы келеді. Сосын ол ақшаны әлеуметтік сала қажеттіліктеріне жұмсар едік дейтін бұрынғы Ұлттық экономика және Қаржы министрлері. Алайда сарапшылар мен бизнес-қауымдастық бұған қарсы болды. Өйткені онсыз да біздің ҚҚС өңірдегі үлкен ставкалардың бірі саналады. Енді оны тағы ұлғайтар болсақ, кәсіпкерлер салық төлеуден қашып, оңай амалды, яғни, көлеңкелі нұсқаларды іздестіре бастайды. Сөйтіп біздің триллиондаған теңге әкелеміз деген арманымыздың соңы экономикалық апатқа апарып соқтыруы әбден ықтимал.
iKapitalist телеграм-каналының авторы, сарапшы Нұрбек Раев мемлекеттік бюджет шығынынан құтылудың бірегей жолы – мемлекеттік шығындарды азайту және бюджеттің кіріс бөлігінің табысын көбейту екенін айтады.
«Шығындарды төмендеткісі келмейді, бәлкім бұл мүмкін де емес шығар, себебі мемлекеттік қызметтердің тарифі мен бағасы онсыз да өте төмен. Жемқорлықпен күресіп жатыр, қаражатты қайтару жүзеге асуда. Негізінде жемқорлық жағдайларын болдырмас үшін қадағалауды күшейту керек еді. Сондықтан бюджеттің кіріс бөлігін көбейту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, кіріс бөлігі дегеніміз – салықты арттыру. Бірақ ҚҚС-ты арттыру дейтін ең қарапайым тәсілді таңдапты. ҚҚС дегеніміз – бүкіл салық түсімдерінің үштен біріне жауап береді. Мұның соңы инфляцияны көтеріп жіберетінін, орта мерзімді перспективада бизнеске де соққы беріп үлгеретінін дер кезінде түсіндік. Енді біз алдағы уақытта басқа салық түрлері бойынша ставкалардың көтерілуін көруіміз мүмкін», – дейді ол.
Қосымша құн салығы дегеніміздің өзі қандай салық деген сұрақ тууы мүмкін. Бұл – жеткізудің әр тізбегінде өнімнен алынып отыратын тұтынушылық салық. Яғни өндірістен сатылым нүктесіне жетем дегенге дейін ұсталады. Пайдаланушы төлейтін ҚҚС сомасы өнімде пайдаланылған материалдардың құнын шегеріп, салық салынған өнімнің өзіндік құнына байланысты қалыптасады. Бұл орайда қаржыгер Расул Рысмамбетов ҚҚС тарихына үңіліп, қызық деректермен бөліседі.
«ҚҚС тұжырымдамасын алғаш рет неміс маманы Вильгельм фон Сименс тауарға салынатын салық ретінде 1920 жылы ұсынды. Алайда Францияда ҚҚС алғаш рет 1954 жылы енгізілді және француз моделі бүкіл әлем бойынша үлгі ретінде қызмет етті. Франциядан кейін XX ғасырдың соңында көптеген елдер ҚҚС-ты әртүрлі формада қабылдады. Еуропада ҚҚС-тың таралуында Еуропалық экономикалық қауымдастық үлкен рөл атқарды. Олар 1960-1970 жылдары өздерінің мүше-мемлекеттерін ҚҚС жүйесін қабылдауға міндеттеді. Сол заманнан бері қосымша құн салығы бүкіл әлемде – 160-тан аса елде жанама салық салу формасы ретінде қабылданды. Уақыт өте келе ҚҚС жүйесі біраз эволюцияны бастан кешті және бір елдегі формасы екінші елге ұқсамайды. Ол жергілікті қажеттіліктерді, әлеуметтік саясатты және әкімшілік мүмкіндіктерді көрсететін әртүрлі ұлттың экономикалық құрылымы мен фискалдық саясатын есепке алуға бейімделген. Тауардық ҚҚС-тан босатылуы көп жағдайда елдің ұлттық басымдығына, мәдени құндылығына, экономикалық стратегиясы мен әлеуметтік ахуалына қарай жүзеге асырылады», – дейді.
ҚҚС салынбайтын өнімдер
Әдетте мына өнімдер ҚҚС-тан босатылып жатады:
Тамақ өнімдері. Көптеген ел салыққа байланысты өмір сүру құнының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін негізгі азық-түлікті ҚҚС-тан босатады. Мысалы, нан, сүт, кейде жемістер мен көкөністерді.
Медициналық тауарлар мен қызметтер. Денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігі үшін рецепт бойынша дәрі-дәрмек және медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылады.
Білім қызметтері. Білім алуға қолжетімділікті жеңілдету үшін бірқатар елдер білім алу қызметтері және олармен байланысты тауарларды ҚҚС-тан босатып қояды.
Кітап және мерзімдік басылымдар. Оқу мен білім алуға деген ұмтылысты құптау мақсатында кітап, газет және мерзімдік басылымдар кейде ҚҚС-тан босатылып жатады.
Балалар киімі. Кей елдер балалар киімдерін де ҚҚС-тан босатып тастайды. Бұл шара отбасыға түсетін қаржылық жүктемені жеңілдетеді деп есептейді.
Экспортталатын тауарлар. Әдетте экспортқа бағытталған тауарлар сауда-саттықты ынталандыру үшін нөлдік ставкаға ие болады немесе ҚҚС-тан босатылады.
Ал кейбір елдер белгілі бір тауарлар санатын салықтан біржола босатып тастамай, төмендетілген мөлшерлеме бекітеді.
Айта кетейік, 2023 жылдың 11 айында еліміздің мемлекеттік бюджетінің кіріс бөлігі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,4 пайызға ұлғайды және 22,2 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте салық түсімдерінің қосқан үлесі орасан – 74,8 пайыз. Салық түсімдері 2022 жылдың 11 айымен салыстырғанда 22,9 пайызға көбейіп, 16,6 трлн теңгеге жетіпті. Салық түсімдерінің құрылымында қосымша құн салығы мен ұжымдық табыс салығының үлесі жоғары – тиісінше екеуіне 31,8 пайыз және 23,7 пайыздан келеді.
Бюджетті көбейтуге үлес қосқан екінші бағыт – Ұлттық қордан қазынаға алынған трансферттер – 17,7 пайыз. Бұл бағыт 2022 жылдың 11 айымен салыстырғанда 5,0 пайызға қысқарып, 3,9 трлн теңгені құраған.
2023 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша салықтық емес түсімдер 1,5 трлн теңгені құрайды және бұл 2022 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдайдан 2,6 есе жоғары. Осының есебінен оның бюджеттің кіріс бөлігіндегі үлесі 3,1 пайыздан 6,8 пайызға артқан.
Қазына құрылымындағы ең аз үлес – негізгі капиталды сатудан келген түсімге тиесілі: 0,7 пайыз. 2022 жылмен салыстырғанда ол 28,1 пайызға – 204,8 млрд теңгеден 147,3 млрд теңгеге дейін азайып кеткен.