Биыл Қазақстанның экономикалық өсімін қандай фактор тежеуі мүмкін – Дүниежүзілік банк сарапшыларының есебі

Жарияланды
Қазақстанның экономикалық өсімін қандай фактор тежеуі мүмкін/kursiv.media

Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстан экономикасының перспективасы алдағы екі жылда тұрақты өсімді көрсетеді деп есептейді. Ресейдің Украинаға басып кіруінің салдарынан туындаған жайсыз жағдайлардан кейін, 2023 жылы экономикалық өсім біртіндеп қалпына келе бастаса, 2024 жылы мұнай өндірісінің болжанғаннан да төмен өсім қарқыны фонында экономика өсімі 3,4 пайызға дейін түседі (өткен жылмен салыстырғанда).

Қазақстан сыртқы шоктарға орнықтылық танытты

Болжамға сәйкес, нақты жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 2025 жылы 4,5-5 пайызға ұлғаюы мүмкін. Өйткені жұмыс істеп тұрған кен орындарындағы өндіріс қуаттылығының кеңеюі экспорттың өсуіне және 2025 және одан кейінгі жылдарда мұнай-химия саласының өркендеуіне жол ашады. Өнеркәсіптік өндіріс пен тау-кен саласындағы инвестиция тұрақты болады деп күтіледі. 2024 жылы үй шаруашылықтарының шығын өсімі қаржылық жағдайлардың жеңілдеуі және инфляцияның төмендеуі аясында нығая түспек.

Инфляцияның жоғарғы деңгейі ақыры төмендеу жолына түседі және 2024 пен 2025 жылдары орталық банктің мақсатты мәнінен жоғары күйде қалады деп болжанады.

«Инфляциялық қысым 2023 жылы төмендей бастады. Ақша-несие саясатының қатаңдауынан кейін 2023 жылы желтоқсанда 9,8 пайызға дейін төмендеді. Ұлттық банк өздері межелеген 5 пайыз делінетін инфляцияның мақсатты деңгейіне жетуі мүмкін, егер ақша-несие саясатын мерзімінен бұрын жұмсартып тастамаса. Тиісінше, салық-бюджет саласындағы шоғырландыру бойынша жоспарлар жүзеге асса. », – деп жазады Дүниежүзілік банк мамандары.

ДБ сарапшылары нарықты бұрмалайтын субсидияланатын пайыздық мөлшерлемелерді қысқарту жөніндегі шараларды жалғастыру ақша-кредит саясатының әсер беру тиімділігін арттырады деп есептейді

Олардың ақпаратынша, Қазақстанның банк жүйесі сыртқы шоктарға қатысты, соның ішінде Ресейдің Украинаға басып кіруінен туындаған салдарға орнықтылығын сақтап отыр. 2023 жылдың қарашасында жұмыс істемейтін кредиттер 3,2 пайызды құрады. Дегенмен, несиелік тәуекелдердің жоғарылау белгілері бар, олар бақылауды жалғастыруды және тәуекелдерді азайту жұмыстарын жүргізуді талап етеді.

Дүниежүзілік банк: Инфляция Қазақстан Ұлттық банкі айтқандай төмендемейді

Сарапшылардың айтуынша, биыл жыл соңында инфляция 8 пайызға дейін төмендейді. Сосын барып Ұлттық банк алдына мақсат етіп қойып отырған мақсатты мәнге (5 пайыз) жақындай бастайды.

Зерттеуде көрсеткендей, бұл траектория сыртқы қысымның біртіндеп төмендеуімен бірге ақша-несие саясатын қатаңдатудың күтілетін толық әсерін көрсетеді. ДБ пікірінше, ед билігі қатаң ақша-несие саясатын сақтай тұруы. Өйткені, инфляция деңгейі мен инфляциялық күтулер деңгейі әлі де мақсатты мәннен асып тұр. Сонымен бірге, бюджет шығындарының кейінгі қалдырылған әсері және теңге бағамының құбылуы инфляцияның жоғарылау тәуекелін көрсетеді.

Дегенмен Дүниежүзілік банк сарапшылары басты нәрсені де ескертіп отыр. Фискалдық салада шоғырландыруға күш салуды жалғастыру және инфляцияны тұрақты төмендеу траекториясына бағыттау үшін нақты қаадамдар керек. Ол бюджеттік ережелердің сақталуын көрсетуі тиіс.

« Орталық банктің тәуелсіз ұстанымдарының сақталуы және несиелеуді субсидиялау бағдарламаларының қысқаруы ақша-несие саясатының одан әрі тиімді бола түсуіне оң ықпал етеді. Инфляция төмендесе, экономикалық өсім жалғасса, үй шаруашылықтарының әл-ауқаты жақсарады. Болжамға сәйкес пандемияға дейінгі кезең көрсеткішіне қайтып оралған жұмыссыздық деңгейі тұрақты – шамамен 5 пайыз деңгейінде қалады. Орта мерзімді перспективада кедейлік деңгейі әрі қарай төмендей береді деп күтіледі (2023 жылғы 14,6 пайыздан – күніне 6,85 доллар). Алайда тұтынудың негізгі баптарының жоғары бағасы халыққа, әсіресе аз қамтылған үй шаруашылықтарына әсер ететін негізгі фактор болып қала береді», – дейді Дүниежүзілік банк.

Ағымдағы операциялар шотында, болжамға сәйкес, тапшылық сәйкесінше 2024 және 2025 жылдары ЖІӨ-нің 3,0 және 2,3 пайызы деңгейінде сақталатын болады. Мұнай бағасының төмендеуі аясында импортқа сұраныс өсіп, экспорттан түсетін түсім төмендеді. Бұл ағымдағы операциялар шотында 2023 жылы ЖІӨ-нің шамамен 3,3 пайызы тапшылығына әкелді. Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері импортты қамтудың жеті айына тең. Жалпы, тапшылық 2024 жылы сақталады деп күтіледі, бірақ тұрақты түрде төмендейді. Бұл уақытта әсіресе, тау-кен секторына айырықша табыс алып келетін тікелей шетелдік инвестиция ағыны жалғаспақ.

Ресей мен Украина соғысы өңірдегі сауда үлгісін өзгертті

Сонымен қатар сарапшылар 2024-2026 жылдарға арналған бюджет жоспарының жобасы салық-бюджет саясатын шоғырландыруға бағытталған деп санайды. Экономиканы ынталандырудың бюджеттік шараларының әсерінен 2023 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 1,8 пайызын құрады. Өйткені, ел қазынасы негізінен әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларына бағытталған. Үкімет орта мерзімді перспективада бюджеттік резервтерді сақтаудың бюджеттік ережесіне сәйкес тапшылықты біртіндеп қысқартуды жоспарлап отыр. Мемлекеттік қарыз тұрақты, бірақ қарызға қызмет көрсету құны өсіп жатыр. Бұл жоғары ішкі пайыздық мөлшерлемелер контекстінде ішкі қарызға тәуелділікті көрсетеді.

Дүниежүзілік банк сарапшыларының пайымынша, Қазақстан экономикасының өсім перспективасы барысында байқалатын тәуекелдер бар. Ол ішкі және сыртқы әсерлер салдарынан туындайды.

«Ресейдің Украинаға басып кіруі және Қара теңіз аймағындағы және оның айналасындағы шиеленістер Каспий құбыры арқылы қазақстандық мұнай экспортының одан әрі бұзылуына әкелуі мүмкін. Бұл көмірсутек секторының маңыздылығын ескере отырып, елеулі экономикалық және бюджеттік салдарға әкеп соғады. Мұнай кен орындарында техникалық қызмет көрсету бойынша кез келген ірі жоспардан тыс жұмыстар және Теңіз мұнай кен орнын игерудегі күтпеген кідірістер өндірістің қысқаруына және экономикалық өсу қарқынының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сыртқы күтпеген факторлар және теңге курсының құбылмалылығы инфляцияның өсуіне көмектеседі. Қазақстан мен Ресейдің экономикалық байланысын есепке алатын болсақ, қайталама санкциялар тәуекелі алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Қайталама санкциялардың салынуы тәуекелі нарықтағы сенімділікті азайтады. Тікелей шетелдік инвестиция ағынын тежейді және экономика өсімін шектейді», – делінеді зерттеуде.

Олардың жүргізген зерттеуі бойынша, Ресейдің Украинаға соғысы өңірдегі сауда үлгісін өзгертіп жіберді. Қазақстанның негізгі сауда серіктестері Еуропа мен Қытайдан 2023 жылдың 9 айында импорт жылдық мәнде 60 пайызға және 45 пайызға өсті. Санкция әсерінен ЕО елдерінен Ресейге экспорт азайды. Сол уақытта Қазақстанның Ресейге экспорты жылдық мәнде 12,3 пайызға көбейді. Ал Ресейден импорт 9,2 пайызға қысқарды. Ресейге экспорт негізінен машина, технология және құрылғылар (2,1 есе), трактор (2,6 есе) артыпты. Пластик труба (7,1 есе), керамикалық бұйым (6 есе), киім және басқа да тоқыма бұйымдары (2 есе) позициялары бойынша ұлғайған.

Дүниежүзілік банк пайымынша Қазақстан орташа табыс тұзағына түсіп қалды

Осы баяндаманың арнайы бөлімінде Қазақстанның экономикалық өсуінің сын-қатерлер қарастырылған. Олардың негізінде жатқан құрылымдық кемшіліктер және ұзақ мерзімді даму үшін ұсынылатын басым реформалар да қаралады. 2018-2022 жылдар аралығында орташа жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімі 1 пайызды құрады. Бұл орташа табысы ортадан жоғары елдер үшін 3,3 пайыздан әлдеқайда төмен. Декарбонизация бойынша міндеттемелерді ескере отырып, жаһандық контексте азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және кірістерін арттыру үшін реформалардың басымдықтарын қайта қарастыру қажет.

«Кеңес одағынан тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан азаматтардың өмір сүру сапасын арттырды және кедейлікті азайтты. Экономикалық айтарлықтай өсімге қолжеткізді. Оның жетістігі тәуелсіздік алғаннан кейін жүргізілген нарықтық реформалардың бірінші буыны негізінде құрылды – сауда кедергілері жойылды. Мемлекеттік активтердің көп бөлігі жекешелендірілді және мұнай-газ секторы шетелдік инвесторлар үшін ашылды. Энергетикалық шикізат секторына негізделген жаңа әл-ауқаттың болашағы экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналды. Отыз жылдай уақыт ішінде жан басына шаққандағы ЖІӨ жеті есе өсті. Ал қазір ел үлесіне Орталық Азияның ЖІӨ-сінің үштен екісіне жуығы тиесілі. 2006 жылы Қазақстан орташа деңгейден жоғары табысы бар ел мәртебесіне ие болды. Сонымен қатар экономикалық табыстың алғашқы кезеңдері елдің алдында тұрған кейбір жетіспеушілік пен әлсіз тұстарды жасырып қалады. 2008 жылғы жаһандық қаржылық дағдарыстан кейін, Қазақстан банк дағдарысын бастан кешіріп, бұл әсіресе құрылыс секторына зардабын қатты тигізді . Сондай-ақ ел экономикалық өсімнің құлдырауына ұшырады. 2000-2007 жылдары 10 пайызға жуық болған орташа нақты ЖІӨ өсімі 2010-2022 жылдары екі есеге (4 пайыздан да төмендеп) қысқарып кетті», – деп дерек келтіреді.

Сарапшылар бұл құлдыраудың басты факторларының бірі өндіріс өнімділігі өсімінің тоқырауы болды деп атайды.

«Әрине, ол кезде өндірістегі өнімділіктің төмендеуі бүкіл әлемде болып жатқан құбылыс еді. Бірақ осы процес Қазақстанда тым қатты жүрді. Экономикада болған әрбір кризистен кейін толықтай қалпына келу және дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерге қайтып оралу мүмкін болмады. Динамизмнің баяулап қалуымен Қазақстан «орташа табыс тұзағына» түсіп қалған сыңайлы. Әдетте бұл термин ел өсім стагнациясымен бетпе-бет қалғанда және орташа табыс деңгейінен басып озуға талпынғанда қолданылады»,  – деп түсіндіреді сарапшылар.

Сондай-ақ оқыңыз