JD.com британдық электроника дүкендерінің Currys желісін сатып алғысы келеді

Жарияланды (жаңартылды )
JD.com Currys желісін сатып алғысы келеді/ Фото: Reuters

Қытайдың JD.COM сауда платформасы британдық Currys электроника және тұрмыстық техника дүкендерінің желісін сатып алу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.

АҚШ-тың Elliott инвестициялық компаниясы Currys-ті сатып алғысы келді. Бірақ желі иелерінің компания ұсынысына көңілдері толмады.

Британдық The Telegraph басылымының хабарлауынша, JD.com бірнеше апта бойы Currys-пен оны сатып алу туралы келіссөздер жүргізді.

Өткен аптада Currys америкалық Elliott инвестициялық компаниясының еншілес ұйымы Elliott Advisors компаниясының ұсынысынан бас тартты. Компания 700 миллион фунт стерлинг (883 миллион доллар) ұсынған болатын.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, JD.com келіссөздер фактісін растады. Компания келіссөздер бағалаудың ең алдынғы сатысында деп отыр.

Нарық

Currys акциялары Лондондағы сауда-саттықтың ашылуында 38%-ға өсті. Өткен жұмада Currys-тің нарықтық құны небәрі 534 млн фунт стерлинг (674 миллион доллар) болды.

The Telegraph атап өткендей, компания Dixons және Carphone Warehouse желілерінің бірігуінен Currys құрылғаннан кейін капиталдандырудың 90%-дан астамын жоғалтты.

Айта кетейік, соңғы жылдары Ұлыбритания өзінің қор нарығының әлсіздігіне және листингілік компаниялардың төмен бағасына байланысты шетелдік компаниялардың қызығушылығын арттырып отыр.

The Telegraph хабарлауынша, 2023 жылы инвесторлар британдық компанияларды сатып алуға 35 өтінім берді.

JD.com Currys-ті британдық бөлшек саудадағы жаңа мықты желіге айналдыруы мүмкін. Компанияның белсенді клиенттік базасы 580 млн адамды құрайды. Ал оның логистикалық бөлімшесінде әлемдегі ең ірі инфрақұрылымдық желілердің бірі бар.

Еске сала кетсек, Қытайдың JD.COM сауда платформасында қазақстандық тауарлар сатыла бастады деп жазған едік.

Қытайдың JD.COM электрондық коммерция сайтында Қазақстанның ұлттық павильоны пайда болды. Павильонның ашылғаны туралы Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстелінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Мемлекет басшысы электронды коммерция саласында Қазақстан мен Қытайдың өзара сауданы арттыруда қосымша мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты шектеулер мен локдаун әсері бұл саланы дамытудың аса маңызды екенін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз