«Майқайыңалтын» кеніші жұмысын тоқтатады
Павлодар облысында «Майқайыңалтын» АҚ кәсіпорнының байыту фабрикасы бірнеше аптаға жұмысын тоқтатады. Қызметкерлерді жұмыстан шығару немесе өндірісті толық тоқтату туралы әзірге нақты ақпарат жоқ. Бұл туралы kazinform хабарлады.
Жұмысты тоқтатуға қордағы алтын рудасының таусылғаны себеп болды.
«Майқайыңалтын» жұмыс берушісінің түсіндірмесіне сәйкес, қазіргі уақытта зауыт жұмысын тоқтату үшін дайындық шаралары жүріп жатыр. Жұмысты тоқтату кезеңі 22-23 ақпанға жоспарланып отыр. Бұл ретте зауыт қызметкерлеріне жалақының 50%-ы төленетін болады. Қызметкерлерді толық жұмыстан шығару қарастырылмайды. 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап кәсіпорын жұмысын қайта бастауды жоспарлап отыр.
Еске сала кетсек, «Майқайыңалтын» кенішінің санитариялық-қорғау аймағында 300-ден аса ғимаратқа қатысты прокуратура әкімдік шешімін тексеріп жатқанын жазған болатынбыз.
Бас прокуратура «Майқайыңалтын» кенішінің санитариялық-қорғау аймағында орналасқан 206 учаскеге ғимарат салуға рұқсат берген әкімдік шешімінің заңдылығын тексеріп жатыр. Бұл жайлы Бас прокуратураның депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған.
Прокуратураның хабарлауынша 2024 жылдың 4 қаңтарында екі адамнан көп адамның өліміне əкеп соққан тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісі бойынша Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
«Тергеп-тексеру барысында кеніште құлау себептері туралы қорытынды беру жəне шахтада жұмыс жүргізу кезінде бұзушылықтарды анықтау үшін «Қарағандыгипрошахт» ЖШС-мен тау-кен-құрылыс жұмыстары саласындағы маман тартылған. Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер департаменті, Өнеркəсіптік қауіпсіздік департаменті, «Центрказнедра» РММ, Экология департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары тартылды. Қылмыстық іс бойынша бірқатар тергеу əрекеттері жүргізілуде, олардың қорытындысы бойынша кəсіпорынның жауапты тұлғаларының, сондай-ақ уəкілетті мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының əрекеттері мен əрекетсіздігіне құқықтық баға берілетін болады. Тергеу жалғасуда», – делінген жауапта.
Айта кетейік, «Майқайыңалтын» кенішіндегі апат 4 қаңтарда болды. Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.
Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын жариялады.
5 қаңтарда кеніш аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.
9 қаңтарда бұрынғы ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.
15 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшылары басшыларын айыптап, кеніштегі апатқа объективті тексеру жүргізуді талап етіп, мемлекеттік комиссия мүшелеріне ашық хат жолдады. Олар қайғылы оқиғаға комбинат басшысының салғырттығы себеп болғанын айтты.