Қазақстанда жасанды интеллект тұжырымдамасының жобасы жарияланды
Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы бекітіледі. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Тұжырымдаманы әзірлеуге жауапты мемлекеттік әзірлеуші ретінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бекітілді.
«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен киберқауіпсіздік саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы сияқты бірқатар стратегиялық құжаттарда жасанды интеллект бағыты бойынша кейбір міндеттер мен іс-шаралар айқындалған», – делінген хабарламада.
Жоба аясында
Қазақстанда суперкомпьютерлер 2025 жылға қарай іске қосылады;
Ұлттық жасанды интеллект платформасын құру ұсынылады. Әр түрлі көздерден алынған деректердің бірыңғай кеңістігін қалыптастыру үшін «Smart Data Ukimet» жұмыс істейді;
Жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып ұсынылатын мемлекеттік қызметтер үлесінің 2029 жылға қарай 20%-ға өседі;
2029 жылға қарай жасанды интеллект платформасында жасалған кем дегенде 25 жасанды интеллект шешімі болуы керек.
«Әлемде бірнеше жылдан бері жасанды интеллект технологиялары жарысы жүргізіліп келеді. Онда екі айқын көшбасшы бар – АҚШ пен Қытай. Канада, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция және Германия сияқты басқа елдер де жасанды интеллект технологиялары бойынша өз бастамаларымен алға жылжуда. Қазақстан бұл процеске кеш кіргеніне қарамастан, бүгінде жасанды интеллектке қатысты бірқатар жобалар түрлі салаларда іске асырылуда», – делінген хабарламада.
Мәселен, денсаулық сақтауда қашықтықтан медициналық қызметтерді, роботтандырылған әдістерді және жасанды интеллекті енгізу бойынша жобаларға қолдау көрсету жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, жасанды интеллект бойынша сертификат беретін оқыту курсын әзірлеу және ол ашық әрі қолжетімді болады. Ал 2029 жылға қарай 80 мың адам жасанды интеллект бойынша білім алуы қажет.
Нейрондық желілерге негізделген ұлттық тіл моделін әзірлеп және енгізу тұжырымдамадағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Оның ішінде:
Ұлттық тіл моделін іске асыру жасанды интеллект бойынша түрлі жобаларда қазақ тілін қолдануға мүмкіндік береді;
Шетелдік сервистерге тәуелділікті азайтады;
Цифрлық ортада өз мәдениеті мен құндылықтарын сақтауға ықпал етіп:
Бір тілдік топқа кіретін тілдік модельді дамытуға серпін береді.
Ақпаратқа сәйкес, жасанды интеллект саласында адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауды, жасанды интеллектке қатысты сапасыз шешімдердің салдарынан кемсітушіліктің барлық түріне жол бермеуді, Қазақстанның адамгершілік, рухани және мәдени құндылықтарына сәйкестікті қамтамасыз етуді көздейтін әдеп ережелері қабылдануы тиіс.
Digital Almaty форумы барысында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин қазақ тілінде сөйлейтін GPT пайда болатынын айтты. Сонымен қатар жасанды интеллект eGov-қа енгізіледі.
Министр Egov-тағы жасанды интеллект әртүрлі мемлекеттік қызметтерді интерфайс көмегімен емес, қарапайым адами қарым-қатынас процесі арқылы алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Жасанды интеллекті енгізу бойынша жұмыс басталды. Сондай-ақ қазақ тілінде сөйлейтін GPT чаттың қазақстандық аналогын жасау бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Мусин.