Polymetal дивиденд төлеуді кейінге қалдырады
Polymetal дивиденд төлеу туралы шешімді кейінге қалдырып отыр. Компания ұзақ уақыт дивиденд төлемейді. «Полиметалл» басшысы Виталий Несис компанияның директорлар кеңесі алдымен капиталды бөлу саясатын және жаңа стратегияны талқылап, бекітуі керек деп атап өткен.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Polymetal дивиденд пен дивиденд саясаты туралы шешімді мамыр айына дейін кейінге қалдырады.
«Биыл да, болашақта да дивиденд саясаты – осы капиталды бөлу саясатының бір бөлігі болады. Сондықтан қазір дивиденд бойынша ешқандай шешім қабылдап жатқан жоқпыз. Шешімді директорлар кеңесі стратегия мен капиталды бөлу саясатын талқылап, мақұлдағанша кейінге қалдырамыз», – деді Несис.
Ол алдағы жылдары «Полиметалл» дивиденд төлеуді шектейтінін, қаражатты Ресейден тыс елдердегі активтерін дамуға бағыттайтынын атап өтті.
«Біз ұзақ уақыт дивиденд төлемейміз. Бізге компанияны қайта құру керек, содан кейін дивиденд төлеуге қайта ораламыз», – деді ол.
Бұған дейін Несис Polymetal 2023 жылға дивиденд төлеуі мүмкін екенін жоққа шығармаған. Бұл шешім компанияның ресейлік активтерін сату процесіне байланысты болады.
Рolymetal international ресейлік бизнесін 3,69 млрд долларға сататыны белгілі. Ол 69 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр. Компанияны «Мангазея Плюс» АҚ сатып алмақ. Мәміле акционерлер жиналысында мақұлдануға тиіс. Келісім акционерлердің мақұлдауын қоса алғанда, бірқатар шартқа бағынады.
Мәміле шартына сәйкес, «Полиметалл» АҚ сыртқы және топ ішіндегі қарызын қоса алғанда 3,69 миллиард АҚШ долларына бағаланған. Бұл қаржының ішінде компания қарызымен қатар, төлейтін сыйақысы мен дивиденді бар.
Мәміле бойынша бүкіл төлем санкцияға ілінбеген қаржы ұйымдары арқылы ресей рублінде төленеді.
Ресейлік бизнесінің сатылымынан топ 300 миллион АҚШ долларына тең таза пайда көрмек. Директорлар кеңесі бұл қаражатты Қазақстандағы Ертіс ТМК құрылысын қаржыландыру және «Полиметалл» тобының өтімділігін жақсартуға жұмсамақ.
Жыл басына Polymetal International компаниясының ірі акционері ауысқан. Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International (MII) қорының еншілес ұйымы –Maaden International Investment LL кен өндіруші компанияның 23,9% акциясын сатып алған. Нәтижесінде ол компанияның ірі акционеріне айналды.