Жаңалықтар

«Богатырь көмір» кәсіпорнында бір жыл бұрын қайтыс болған жұмысшының туыстары әділдік іздейді: кінәлі жауапқа тартыла ма?

«Богатырь көмірде» жұмысшы қайтыс болғаннан кейін тергеу ісі қалай жүріп жатыр / shutterstock

2023 жылы 26 ақпанда Павлодар облысы Екібастұз маңындағы «Богатырь көмір» кен орнында трактор жүргізушісі Салтанат Сейітқұлов жұмыс орнында оқыс оқиғадан қайтыс болған. Арада бір жыл өтсе де, Сейітқұловтың туыстары қылмыстық істі алға жылжымай тұрғанын айтады. «Курсив» тілшісі құзырлы органдарға сұрау салып, осы мәселеге зерттеу жүргізіп көрді.

Мәселенің мәні

Оқыс оқиға болардан бірер күн бұрын әкесі өз бастығына да, ұлына да тракторда ақау бар екенін айтқан. Бұл туралы Марқұм Салтанат Сейітқұловтың ұлы Жарқын Сейітқұлов мәлімдеді. Алайда дәл 26 ақпан күні Салтанат Сейітқұлов өзі ақау тапқан трактор жұмыс барысында аударылып қайтыс болады.

«Әкем К-700-ге прицеп жалғап, оған ауыр жүк тиеп келе жатып, төменге түсер сәтте тежегіш ұстамай карьерге аударылып, көз жұмды. Осы оқиғадан бұрын, яғни 2 ақпанда әкем жалпы техниканың ақауы көп екенін айтып видео түсірген. Онда трактордың тежеуіші дұрыс жұмыс істемейтіні, шлангалар арқылы қысым дұрыс бармайтыны және басқа да ақаулары айтылған.. Ол видео біздің қолымызда бар. Әкемді прицеппен көлікке отырғызған кезде оның басшылығы тракторда ақау болғанын білген. Біле тұра жұмысқа шығуын талап еткен», – дейді Жарқын.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін Салтанат Сейітқұловпен бірге жұмыс істейтін азаматты басшылық шақырып, «техникада ақау болмағанын айт» деп үгіттеген. Жұмысшы басшылықтың әрекетін диктофонға жазып сақтап алған. Салтанат Сейітқұлов түсірген видео мен оның әріптесі жазған аудио жазба негізінде Сейітқұловтың отбасы «Богатырь Көмір» компаниясы үстінен арыз жазған. Олар қылмыстық іс қозғауды талап еткен. Алайда бір жыл ішінде іс бірнеше рет жабылып, қайта ашылған. 

«Богатырь Көмір» қандай уәж айтады

Оқиғаға байланысты «Богатырь Көмір» ЖШС-ге хат жазып, ақпарат сұрадық. Компанияның хабарына сүйенсек, Сейітқұлов техника мен тежегіштің дұрыс жұмыс істеп тұрғанын куәландырған.

«2023 жылдың 26 ақпанында С.Ж.Сейітқұлов наряд алып, техника мен тежегіштің жұмысқа жарап тұрғанын тексерді. Бұл туралы С.Ж.Сейтқұловтың жол парағындағы қойылған қолы куәландырады. Қажетті рәсімдерді жүргізгеннен кейін, ол жұмыстарды орындауға кірісті»,  – делінген «Курсив» сауалына келген жауапта.

2023 жылдың 3 шілдесінде «Павлодар облысының Еңбек басқармасы» мемлекеттік мекемесінің No90 бұйрығы шығады. Соның негізінде комиссия құрылған. Павлодар облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен арнайы тергеу жүргізілген. Арнайы тергеу барысында комиссия нақты себептерді және кінәлілерді анықтай алмаған. Бірақ жұмыс берушінің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеуіне байланысты жұмыс берушінің 100% кінәсін анықтаған. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, Еңбек басқармасы «жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру материалдарын жергілікті полиция органдарына жолдаған. Бұдан бөлек, министрлік заңнамаға сәйкес, компания қайтыс болған азаматтың отбасы мүшелерінің өміріне келтірілген зиянды өтеуге міндетті екендігін жазады. Ал «Богатырь Көмір» Сейітқұловтың жақын туыстарына қолдау көрсету мақсатында 8 921 801 теңге көлемінде төлем жүргізгенін атап өтті.

Заң талабы не дейді?

Заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәулетәлінің сөзінше, қылмыстық заңнама бойынша заңды тұлға қылмыстық жауапкершіліктің субъектісі бола алмайды. Сондықтан компанияны жауапқа тарту мүмкін емес. Алайда абайсызда кісі өліміне әкелген әрекет дәлелденсе, нақты лауазымды тұлға үстінен іс қозғауға болады. Егер бір лауазымды тұлға кінәлі танылса, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер бірнеше азамат кінәлі деп танылса, 5 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Министрліктің «Курсивке» берген жауабында жазатайым оқиғадан кейін оның себептерін жою жөнінде жоспар бекітіліп, компанияға орындауға берген.

«Аталған жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру комиссиясымен «Богатырь көмір» ЖШС-не К-701, К-701-А тракторларымен жүктерді тасымалдау жөніндегі технологиялық регламентке өзгерістер енгізу, автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсету кестесін әзірлеу бойынша жазатайым оқиға себептерін жою жөнінде іс-шаралар жоспары бекітіліп орындауға берілді», – делінген министрліктің «Курсивке» жауабында.

Бұл компания 2022 жылдың 20 қыркүйегінде «Халық Life» сақтандыру компаниясымен келісімге отырған. «Қызметкерді ұйым аумағында да, одан тыс жерлерде де еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде, сондай-ақ ұйым ұсынған көлікте жұмысқа немесе жұмыстан кету кезінде жазатайым оқиғалардан ерікті сактандыру женіндегі жұмыстарды сатып алу туралы» шарт жасалған. 

«Шарт бойынша сақтандыру объектісі жазатайым оқиға нәтижесінде қызметкердің өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру салдарынан туындаған Сақтанушының («Богатырь Кемір» ЖШС) мүліктік мүддесі. Шартта қызметкер қайтыс болган жағдайда жылдық 10 жалақы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы түрінде сақтандыру төлемі көзделген»,  – дейді «Богатырь көмір» жауабында.

Қазір таңда «Богатырь көмір» сақтандыру компаниясынан марқұмның туыстарына 36 517 774,80 теңге өндіру үшін сотқа берген.

Салтанат Сейітқұловтың өліміне қатысты істі тергеу туралы облыстық полиция департаментіне сауал жолдадық. Сонымен қатар сақтандыру төлемдерін төлеу туралы «ХалықLife» сақтандыру компаниясына хат жолдадық. Мәселенің одан әрі өрбуі редакция бақылауында болады.

«Богатырь көмір» компаниясы кімге тиесілі?

Компания қазақстандық «Самұрық-Энерго» АҚ мен ресейлік РУСАЛ бірлескен кәсіпорнының басқаруына 2009 жылдан бастап берілді. Сол кездегі «Богатырь Аксес Комир» акционерлері осындай шешім қабылдаған. Ал, 2009 жылғы наурыз айында «Богатырь Аксес Көмір» ЖШС атауы «Богатырь Көмір» ЖШС-ға ауыстырылды.

«Богатырь Көмір» ЖШС кесіктерінің жобалық қуаты жылына 42 млн тонна көмір құрайды (Богатырь кесігі – 32 млн тонна, Северный кесігі – 10 млн тонна).