Құны 30 млрд теңгені құрайтын Каспий маңындағы жерлер жекеге заңсыз берілген – прокуратура
Каспий теңізінің жағалауы бойындағы 3,4 мың гектар жер учаскесі жеке тұлғаларға заңсыз берілген. Бұл жайлы Маңғыстау облысының прокуратурасы хабарлады.
«Кендерлі құмқайыры» деп аталатын бұл жер учаскесі шығанақтың оңтүстік-шығысынан солтүстік-батысына қарай 23 шақырымға созылады. Бұл жер Батыс Қазақстан облысының ең көрікті жерлерінің бірі саналады.
Осы көрікті жерлер 2007 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға сауықтыру кешенін салу үшін 3,1 млрд теңгеге сатылған. Кейіннен «Гелиос» ЖШС-ге 3,3 млрд теңгеге қайта саудаланғаны белгілі болды.
«Талдау барысында аталған жер учаскесі ЖАО-мен ҚР Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, заңсыз берілгені белгілі болды«, – делінген прокуратура хабарламасында.
Тексеру кезінде жер комиссиясының отырысы өткізілмегені, сондай-ақ жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы бекітілмегені анықталған. Осылайша, Жер Кодексінің 43-бабы, жер учаскесін берудің жалпы тәртібі бұзылған.
Облыс прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде уәкілетті орган сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз енгізген. Бұл талаптар экономикалық соттың шешімімен толық қанағаттандырылған.
Прокуратураның хабарлауынша, бұл жер учаскелерінің кадастрлық құны 30 млрд теңгеден асады.
Ал «Гелиос» ЖШС-не Сәрсенова Анжела Сергеевна иелік етеді.
Еске сала кетсек, өткен жылдың жазында Маңғыстау облысында 81 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.
Қайтарылған жерлер арасында жағалау аймақтары да бар. Жағалау маңында 2004 жылдан бері игерілмеген 2,6 млрд теңгені құрайтын 255,5 гектар 6 жер телімі анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылған. Сондай-ақ прокурорлар жер заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді де мемлекет меншігіне қайтарған. Атап айтқанда, құны 1 млрд теңге болатын «OilRealEstate» ЖШС-не тиесілі 225 гектар жер телімі бар.