Хэллоуин, Пасха, Рождество: Түркия жекеменшік мектептерінде бұл мерекелерді тойлауға тыйым салды
Түркияның Ұлттық білім министрлігі жекеменшік мектептерде Хэллоуин, Пасха, Рождество сынды мектептерді тойлауға тыйым салды. Бұл жайлы Sabah басылымы хабарлады.
Басылымның хабарлауынша бұл ережелер министрлік қабырғасында ұзақ уақыт талқыланып келген. Енгізілген ережелерге сәйкес Хэллоуин «ұлттық және адамгершілік құндылықтарға қайшы» мереке санатында.
«Түрік ұлтының ұлттық, адамгершілік, рухани және мәдени құндылықтарына қайшы келетін және оқушылардың психоәлеуметтік дамуына ықпал етпейтін іс-шаралар мен мерекелік шараларға тыйым салынады», – делінген басылымда.
Басылым мәліметінше, мұндай мерекелер тізіміне Хэллоуинмен бірге Пасха мен Рождество мерекесі де енген.
Бұл мерекелерді тойлауға қатысты бірінші ата-аналардан шағым түскен. Олар жеке меншік мектептерде балаларды құбыжық секілді боянуға мәжбүрлеп, сабақ уақытында асқабақтан кескіндер жасатқанына шағымданған. Тіпті жасы кішкентай оқушыларды да құбыжық ретінде киіндіріп, түрлі кеште ұйымдастырған жағдайлар кездескен. Мұны педагогикалық тәрбиеге жат қылық санаған елдің құзырлы органдары бұл мерекеге тыйым салу туралы шешім шығарған.
Еске сала кетсек, АҚШ-тың Хэллоуин мерекесіне қатысты тауарларға тұтынушылық шығындары 2023 жылы 12,2 млрд долларды құраған. 31 қазанда атап өтілетін Хэллоуин мерекесіне америкалықтардың шығындары үшінші жыл қатарынан рекордтық көрсеткішке жеткен. Зерттеулерде өткен жылдың шығыны 2022 жылғы $10,6 млрд-пен салыстырғанда 12,2 млрд долларға жететіні айтылған.
Өткен жылы Хэллоуин алдында жүргізілген зерттеулерге сәйкес, шығындардың көп үлесі яғни 50% – ы дәстүрлі костюмдерге жұмсалады. Сонымен қатар, ересектер балаларға арналған киімдерге қарағанда өздері үшін костюмдерге көбірек ақша жұмсамақшы. Яғни 2 млрд доллар. Америкалықтар үй жануарларына арналған костюмдер үшін тағы 700 миллион доллар төлеуге дайын. Бұл сома үшінші жыл қатарынан осы деңгейде сақталды.
Мерекеге арналған костюмді таңдауға киноиндустрияның ықпалы зор. Мәселен, өткен жылы «Барби» фильмінің танымалдылығының арқасында шамамен 1,8 миллион америкалық Хэллоуинді осы қуыршақ түрінде тойлаған.
Хэллоуин шығындарының ішінде балаларға таратылатын кәмпиттер де бар. Өткен жылы америкалықтардың тәттілерге бір жыл бұрынғы 3,1 миллиард долларға қарсы 3,6 миллиард доллар жұмсауға дайын болғаны хабарланған.