Жаңалықтар

«Әлі де үміт бар»: KEGOC акциялары қашан қымбаттайды?

 KEGOC акциялары
KEGOC акциялары қымбаттауы мүмкін бе? Фото: kursiv.media

KEGOC компаниясының SPO-сынан бері 3 ай өтсе де, бағалы қағаз бағасы көтерілер емес. Керісінше, SPO кезіндегі 1482 теңгеден де төмен саудаланып жатыр.

Осы ретте Teniz Capital сарапшылары KEGOC акцияларының қымбаттау мүмкіндігі шектеулі болғанымен, «әлі де үміт бар» деп тұжырымдайды.

2023 жыл 2 қазандағы сараптамасында мамандар KEGOC АҚ қаржы көрсеткіштерінің өсу әлеуеті бірқатар себепке байланысты шектеулі екенін жазған. Оның ішінде тариф белгілеу саясаты да бар.

Мамандар Қазақстандағы жақсы макроэкономикалық себептерге байланысты акциялардың «жағдайы жақсаруы мүмкін» деп болжайды.

Біріншіден, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуі. KEGOC акцияларының қайталама шығарылымынан бері реттеуші базалық мөлшерлемені екі рет төмендетті. Негізгі мөлшерлеме төмендеп, инфляция да азая берсе, компанияның дивиденд табысы бәсекеге қабілетті бола түседі. 2022 жылы ұлттық оператор 30,3 млрд теңге дивиденд төлесе, 2023 жылдың І жартыжылында 20,2 млрд теңге бөлген.

Екіншіден, тұрақты теңге бағамы. Ұлттық банктің кейінгі жылдардағы ақша-несие саясаты теңге бағамының тұрақтануына әсер етті. Бұл өз кезегіндегі теңгедегі құралдардың тартымдылығын арттырды.

Үшіншіден, екінші деңгейлі банк клиентері тудырған өтімділік ағыны. Кейінгі жария орналастыру кезінде ЕДБ клиенттері белсенділік танытқан. Бұл жергілікті нарықтағы өтімділікті түбегейлі жақсартты және индекске кіретін қағаздардың бағасына жағымды әсер етпек.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан бұл акцияларға «уақыт керек» деген.

KEGOC акцияларын сатып ала салып, пайда тапқысы келетін инвесторлардың ойы жүзеге аспайды деді. Ол инвесторларға дивиденд төленетін мамыр және желтоқсан айларын күтуге кеңес береді. Спикер компанияның 2023 жылы таза пайдасы өткен жылмен салыстырғанда 59%-ға, ал EBITDA маржасы 50%-ға өскенін қосып өтті.