Алматыда төтенше жағдай кезінде халыққа көмектесетін еріктілер тобы құрылмақ
Алматыда бұрын төтенше жағдай мен құқық қорғау органдарында жұмыс істеген зейнеткерлерден тұратын ерікті жасақтар құрылмақ. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, олар жер сілкінісі мен басқа да ТЖ кезінде халықтың іс-қимылын үйлестіреді.
«Біз жоғарыдан емес, төменнен бастап жатырмыз. ПИК, МИБ-термен жұмыс істейміз. Әр тұрғын үй кешенін, әрбір аула, қажет болса әрбір кіреберісті ескереміз. Сол жерде осы адамдардың арасынан арнайы топ құрамыз. Бұл – бұрын арнайы дайындықтан өткен зейнеткерлер, олар керек уақытта қажетті шараларды ұйымдастыра алады», – деді Әрінов үкімет брифингінде.
Ол сондай-ақ еріктілер халықты үйлестіретінін, сондай-ақ ТЖ кезінде өзін-өзі ұстау ережелерін түсіндіретінін атап өтті. Ол үшін Telegram чаттары мен әлеуметтік желілердегі министрлік арналары пайдаланылады.
ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болды.
Алматыда болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3-қабатынан секірген.
Бұл төтенше жағдайда дабыл қағылмады. Алматы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев жер сілкінісі кезінде дабыл 5,5 баллдан асқан кезде қағылатынын айтты.
23 қаңтардағы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар экс-министрі Сырым Шәріпханов Алматыда болған жер сілкінісіне қатысты баяндама жасады. Ол Алматы қаласының аумағында қатты және жойқын жер сілкінісі болмайды деп мәлімдеді.
Жер сілкінісі кезінде 70-ке жуық көпқабатты үйдің қабырғалары зақымдалған. Зиян шеккен ғимараттар ішінде мектептер де бар. Әкімдікке үй қабырғаларын жарықтар пайда болғаны жөнінде 190-ға жуық өтініш келіп түскен. Әкімдік бір ай ішінде аталған нысандарға сараптама жүргізуді жоспарлап отыр.