Жаңалықтар

Қазақстан экономикасы үшін «жасыл» бағалы қағаздардың құндылығы неде?

Жасыл облигациялардың құндылығы неде?/shutterstock.com

Былтыр жыл соңында «Қазақстанның Даму Банкі» AIX-те «жасыл» облигациялар орналастырды. Құнды қағаздар көлемі 15 млн долларды құрады. Сауда-саттық қорытындысы бойынша купондық мөлшерлеме жарты жылда бір рет купондық сыйақы төлей отырып, 5,65 пайыз деңгейінде айқындалған. Бұл – Climate Bonds Initiative (CBI) сертификациясынан өткен Орталық Азияда алғашқы жасыл облигациялар. «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Ренат Бектұров осылай дейді. Орналастырылған қаражат Қазақстандағы жаңартылатын энергетика саласындағы жобаны қаржыландыруға жұмсалмақ.

Париж келісімі бойынша еліміздің 2060 жылы көміртегі бейтараптығына қолжеткізуге міндеттеме алғаны белгілі.

«Біздің энергетикалық жүйеміз табиғи қазба байлыққа тәуелді. Біз көмір пайдаланатын жылу электр стансаларынан кетіп, мейлінше экологиялық энергетикалық жүйеге көшкіміз келеді. Бұл тек көп уақыт пен инвестиция ғана емес, қаржыландыруды тарту тұрғысынан қолдауды да талап етеді. Әртүрлі бағалау бойынша шамамен 600 млрд доллар. 2023 жылы АХҚО жасыл қаржы орталығының (ЖҚО) қолдауымен нарық үшін 2 жаңа құрал орналастырылды. Олар – subsidized Green bonds және CBI certified Green bonds. Алғашқы субсидияланған жасыл облигацияларды KazWind Energy компаниясы KASE биржасында 3 млрд теңгеге орналастырған. Қаражат жел электр станциясын салуға жұмсалмақ. Ал AIX биржасындағы алғашқы 7 млрд теңге сомасындағы жасыл облигация «Қазақстан Даму Банкіне» тиесілі болып отыр. CBI талаптары өте күрделі әрі қатаң, сол себепті «жасылдық» деңгейі бойынша бұл облигацияларды қою-жасыл қатарына жатқызуға болады. Айта кетейік, біздің ЖҚО – Climate Bonds Initiative аккредиттелген верификаторының қатарына енген өңірдегі алғашқы ұйым»,– дейді АХҚО басшысы Ренат Бектұров.

Оның сөзінше, былтыр желтоқсанда AIX алаңында кикшеринг қызметін ұсынумен айналысатын JET компаниясының жасыл облигациялары орналастырылды. Шығарылым құны – 3 млрд теңге. Қаражат электро самокаттарды жаңартуға жұмсалады.

«Бұл Алматы экологиясына сөзсіз оң әсер етеді. JET Group – 2021 жылдан бері АХҚО қатысушысы. 2024 жылы «Алматы электр станциясы» АҚ-ның AIX биржасына SLB (орнықты дамумен байланысты облигациялар) шығарылуы күтілуде. Облигациядан келген бүкіл қаржы Алматы ЖЭО-3-ті көмірден газға ауыстыруға жіберіледі. Қазірдің өзінде бұл облигацияны ЕАБД алғысы келіп отыр. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы орнықты дамумен байланысты облигация болмақ. Жалпы көлемі 236,8 млрд теңгені құрайды. Міне, біз сөйтіп екі дебюттік орналастыру жасадық. Үшіншісін биыл күтеміз. Жыл соңында «жасыл» облигациялар мен кредиттердің 60 пайыздан астамы ЖҚО қолдауымен берілді. Мұндай көрсеткіштер бізді әрине, қуантады. Жасыл қаржы нарығын одан әрі дамыту бойынша жұмысты жалғастырамыз және әріптестікке ашықпыз»,– дейді Ренат Бектұров.

Жасыл облигациялардан түскен қаржы қайда жұмсалады?

ҚДБ орналастырған облигациядан түскен қаражаттың барлығы еліміздегі жаңартылатын энергия жобаларын қаржыландыруға жұмсалады. «Қазақстан Даму Банкі» басқарма төрағасы Марат Елібаев осылай дейді.

«Қазір біздің портфелдегі жаңғырмалы энергия көздерінің үлесі 6 пайызды құрайды. Жақын арада оны 10 пайызға дейін ұлғайтқымыз келеді. Айта кету керек, мұндай жобалардың өтелу мерзімі ұзақ, бұл біріншіден ұзақ мерзімді, екіншіден, қолжетімді қаржыландыруды қажет етеді. Жасыл облигациялар банкке осындай жобаларды қаржыландыруды тартуға мүмкіндік беретін негізгі элемент болып саналады»,– дейді банк басшысы.

Жалпы, соңғы бірер жыл бедерінде елімізде жасыл қаржыландырудың айрықша сәнге әрі қажеттілікке айналып келе жатқанын байқаймыз. Мемлекет те бұған тиісті деңгейде көңіл бөле бастады. ҚНДРА басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, ESG ұстанымдарын енгізуде қаржы секторы маңызды рөл атқарады. Өйткені сектор жасыл экономиканы қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

«Қазір жасыл облигация нарығындағы сұраныс өте жоғары, ол тіпті жасыл құралдар ұсынысынан да асып түседі. Эксперттердің бағалауынша, әлемдегі жасыл бондтар эмиссиясының көлемі 1,3 трлн долларға жетеді. ESG ұстанымдарына жауап бере алатын орнықты қаржыландыру құралдары келешекте капитал нарығының негізгі сегментіне айналады. Қазір елімізде жасыл қаржыландыру құралдарын шығару үшін құқықтық орта қалыптасты»,– дейді ол.

2023 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша орнықты қаржыландыру нарығының (жасыл облигация, жасыл кредит және әлеуметтік облигациялар) көлемі 228,9 млрд теңгені құрады. Тіркелген, бірақ әлі орналастырылмаған облигациялар көлемі 428,2 млрд теңгеге немесе 1 млрд долларға бағаланады.

Жасыл қаржы орталығы сарапшыларының айтуынша, тіркелген көлемнің тең жартысы – орнықты дамуға қатысты облигациялар.

«Орнықты даму – адамзаттың қоршаған орта мен ресурстарды сақтау жолындағы қазіргі қажеттіліктерін өтеуге арналған шаралар кешені. Ол үш негізгі принципке құрылады: қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қарым-қатынас(Environment), әлеуметтік жауапкершілік (Social) және корпоративті басқарудың тиімді жүйесі, яғни ESG»,– дейді орталық мамандары.

ESG қаржыландыруы

Ол қоршаған ортаға оң әсер ететін жобаларды (жасыл облигациялар), жеке әлеуметтік топтарды (әлеуметтік облигациялар) немесе олардың комбинациясын (тұрақты даму облигациялары) қолдайтын өнімдерді қамтиды.

Жасыл облигациялар – бұл орналастырудан түсетін түсімдер жаңа немесе қолданыстағы жасыл жобаларды толық немесе ішінара қаржыландыруға бағытталған қарыз құралдарының кез келген түрі. Әр елдің үкіметі орнықты даму қағидаттарын өздерінің ұзақ мерзімді даму стратегияларына енгізеді. Бұл қатарда Қазақстан да бар. 2013 жылы Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдама қабылданды. Ол қоршаған орта мен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін негіз қалайды. Тұжырымдамаға сәйкес, жасыл экономикаға көшу үшін қажетті инвестициялар көлемі жыл сайын ЖІӨ-нің шамамен 1 пайызын құрайды. Бұл жылына 3-4 миллиард долларға тең.

Қазақстанның 2060 жылы көміртегі бейтараптығына қолжеткіземіз деп мақсат қойып отырғаны белгілі. Яғни бұл – парниктік газдарды атмосфераға шығаруды доғару. Стратегияға сәйкес, төмен көміртекті даму және көміртегі бейтараптығына жету үшін таза инвестиция 610 млрд долларға бағаланады. Тікелей мемлекеттік инвестициялар азғана үлесті – 3,8 пайызды еншілейді. Алайда инвестициялардың жартысынан көбі немесе 386,3 миллиард доллар шикізат секторларынан экономиканың жасыл секторларына қайта бағытталатын болады. Тағы 223,7 миллиард доллар – болашақта қажет болатын жаңа инвестициялық ресурстар.

Ел экономикасындағы жасыл қаржыландыру көлемі қанша?

Жалпы, 2020 жыл мен 2023 жылдың қарашасы аралығында елімізде жалпы сомасы 228,9 млрд теңгеге кредиттер беріліп, облигациялар орналастырылған. Жасыл қаржыландыру құралының көлемі 66 пайызды құрапты, бұл – 152,2 млрд теңге. Оның ішінде жасыл облигация 114,9 млрд теңге болады, ал таңбаланған жасыл несиелер – 37,3 млрд теңге.

2021 жылы жасыл қаржыландыру құралдары көп шығарылған – 80,8 млрд теңге. Оларды шығару көлемі бойынша эмитенттер арасында Азия Даму Банкі, Еуразия Даму Банкі секілді халықаралық қаржы институттары, «Самұрық-Энерго», KEGOC сияқты энергетикалық компаниялар бар. «Қазақстан Даму Банкі», «Даму» қоры секілді мемлекеттің қатысуы бар қаржы ұйымдары да атсалысады.

ПРООН «жасыл» қаржы құралдары бойынша халықаралық кеңесші Олег Хмелевтің айтуынша, Қазақстанда инвестиция үшін бірнеше түйткіл бар.

«Оның біріншісі – әбден ескірген инфрақұрылым, тозған желілер, сондай-ақ баяғыда-ақ энергетикалық тиімділігін жоғалтқан ғимараттар. Бірақ сонымен бірге, сол көлем инвестициялау үшін жұмыс істеу мүмкіндігін білдіреді. Бір уақытта инвестициялау үшін проблемалар мен мүмкіндіктердің симбиозы пайда болады. Екінші проблема – энергияға бекітілген төмен тариф. Бұл жаңғырмалы энергияға және энергетикалық тиімділікке инвестиция бағыттау үшін мотивациялық фактор бола алмайды. Үшінші проблема – әлеуетті инвесторлардың инвестициялау мүмкіндіктерінде, осындай инвестициялар үшін қолдау алу мүмкіндіктерінде және «жасыл» инвестициялардың жаңа жұмыс схемаларында техникалық білімнің болмауы»,– дейді.

Дегенмен Қазақстанда үлкен ынта бар және ол әрбір әрекеттен анық аңғарылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, соңғы жеті жылда әлем елдері «жасыл» облигацияларға 2,5 трлн доллар жұмсаған. Мемлекет басшысы АХҚО базасында түрік «жасыл» қаржы кеңесін құру керек деп есептейді.

«Жасыл» экономиканы дамыту – маңызды басымдық. Климаттың өзгеруі көптеген жаһандық проблемаларды әйгіледі. Бұл әлемдік қауымдастықта үлкен алаңдаушылық туғызды. Бұл құбылыстың экологиялық салдары біздің елдеріміздің де прогресін тежеп тұр. Осы саладағы капитал нарығын кеңейту үшін әлемдік ірі компаниялар арасындағы тәжірибесі мен беделін ескере отырып, «Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл» қаржы орталығының базасында ашуға болатын түркі «жасыл» қаржы кеңесін құруды ұсынамын. Сонымен қатар АХҚО ға осы кеңес хатшылығының міндеттерін жүктеуге болады»,– деген еді Президент.

Сөйтіп, Тоқаев мемлекеттің «жасыл» қаржыландыру ісіне түбегейлі мойын бұратынын аңғартып өтті.