Орталық банкке көрсетілетін саяси қысым инфляцияға қалай әсер етеді?

Жарияланды
Орталық банкке көрсетілетін саяси қысым инфляцияға қалай әсер етеді?/kursiv.media

Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы (AERC) Мэриленд және CEPR Университеті жариялаған ғылыми мақалаға шолу жасай отыра, базалық пайыздық мөлшерлемені қабылдаудағы шешімдер және инфляцияның төмендеу траекториясына байланысты пайым жасайды.

2015 жылдың тамызында Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатына өтетінін мәлімдеді. Бірақ ол кезде бұл шешім қоғам тарапынан дереу қолдау тапты деп айту қиын. Алайда арада 9 жыл өткенде, яғни қазір аталған шешімнің оң тұсы көп екенін байқай бастадық:

  • Қазір нарықтық факторларға негізделген («қолмен» жасалатын девальвацияның орнына) айырбас бағамының өзгеруі болжамды бола түсті;
  • Айырбас бағамын белгілеу және инфляция мәселелеріне халықтың қызығушылығы артты және азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейі өсті;
  • Ақша-несие саясатының құралдары айқын болды және Орталық банктің базалық пайыздық мөлшерлеме туралы шешім қабылдау мәселесі бойынша жұртшылықпен неғұрлым белсенді өзара іс-қимылы кеңінен таралып жатыр.

«Бірақ аталған оң нәтижелерге қарамастан ақша-несие саясатының кейбір мәселелері әлі де күн тәртібінде тұр. Сондай сұрақтардың бірі – Орталық банктің тәуелсіздігі», дейді AERC сарапшысы Евгения Пак.

Бұйрық немесе өтініш: Орталық банкке саяси қысым қалай көрсетіледі?

Қазіргі уақытта саяси тәуелсіз орталық банктің тұрақты инфляциясының пайдасын растайтын ескі және соңғы ауқымды эмпирикалық зерттеулерді табуға болады (Alesina and Summers, 1993; Dincer and Eichengreen, 2014). Бірақ алдымен орталық банктің «тәуелсіздігі» дегеніміз не және орталық банкке жасалатын «қысым» дегеніміз не деген сауалдарға жауап іздеп көрейік. Орталық банкке жасалатын қысымды бағалауға талпынған алғашқы жұмыстардың бірі ретінде Уоллес пен Сарженттің (1961) зерттеуін айтуға болады. Авторлар фискалдық органның «қысымын» фискалдық белсенділіктің көрінісі ретінде қарастырды. Яғни мемлекеттік шығындардың тез өсуі және мемлекеттік қарыздың жоғары деңгейі.

Бірақ қысым фискалды саясат құралдары арқылы емес, тікелей көрсетілсе ше? Мысалы, қазіргі Түркия мысалындағыдай. Дәл осындай болмаса да, осыған ұқсас мысалдарды да өзіміздің Қазақстаннан да оңай тауып алуға болады. Мәселен, 2022-2023 жылдары Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің өкілдері белгілі бір жиындарда Ұлттық банкке базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетуге бірнеше рет «кеңес» берді. Мұндай мәндегі зерттеулер бұрын-соңды жасалған жоқ. Өйткені орталық банктің саяси мотивацияланған шешімін (біреудің қысымымен жүзеге асырылған) ОБ басшысының біліксіздігі не қабілетсіздігі фонындағы жәй ғана «дұрыс емес» шешімінен бөліп қарау мүмкіндігі жоқ.

Алайда биыл қаңтарда Мэриленд университетінің экономисі Томас Дрексель осы мәселені қолға алған. Сөйтіп Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) басшысына жасалатын саяси қысымды бағалап көруге тырысқан. Ол үшін 1933 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта (яғни Рузвельт президенттігінен Обамаға дейін) АҚШ президенттерінің ФРЖ өкілдерімен өзара кездесу саны мен сағаттары туралы кең мәліметтер базасын жинаған.

53 минут қысым

Томас Дрексель 1933-2016 жылдар аралығында президенттердің ФРЖ өкілдерімен 800 рет кездескенін анықтаған. Мұны анықтауға Рузвельттен Обамаға дейінгі аралықтағы бүкіл президенттердің күнделікті жұмыс кестесі бойынша архивтік деректерді жинау арқылы қол жеткізген.

«Осы уақыт аралығындағы президенттің ФРЖ өкілімен кездесудің орташа ұзақтығы 53 минутты құрапты. Бұл ретте кездесулердің 36 пайызы бетпе-бет іскерлік кездесу (Президент пен ФРЖ басшысы) түрінде ұйымдастырылса, 11 пайызы – демалыс күндеріндегі бейресми кездесу түрінде, 16 пайызы – түскі ас сияқты қоғамдық орындарда болған. 92 пайызында АҚШ президенттері ФРЖ басшысымен тікелей кездесіп отырған, тек 8 пайызында ФРЖ-ның кез келген ресми өкілімен кездесу ұйымдастырылған».

«Президент қайта сайлану үшін бәрін жасайды»

Дрексель зерттеуіндегі қызықты мысалдардың бірі – президент Ричард Никсонның ФРЖ төрағасы Артур Бёрнспен кездесуі. Президенттік мерзім кезінде олар бір-бірімен 160 рет кездескен. Ал кездесулерінің жалпы ұзақтығы 190 сағатқа созылыпты (бұл дегеніңіз 8 тәулік бойы үзіліссіз сөйлескенмен бірдей). Ричард Никсон – 1969-1974 жылдар аралығында АҚШ-ты басқарған 37-ші президент. Артур Бёрнс болса ФРЖ төрағалығына 1970 жылы тағайындалған және бұл қызметте 1978 жылға дейін отырған.

Екі тұлға да АҚШ тарихында оң пікірмен қала алмады. Президент Уотергейт жанжалымен есте қалып, өз қарсыластарын тыңдады деп айыпталған. ФРЖ төрағасы өсіп жатқан инфляция кезінде жұмсақ ақша-несие саясатын жүргізгені үшін ең нашар төраға деген атқа қалды. 1971 жылдың соңында ФРЖ пайыздық ставканы 150 базалық тармаққа дейін төмендетті. Жалпы, монетарлық саясат жұмсара бастаған 1970 жылы ақпанның соңынан Никсон қайтадан президент болып сайланған 1972 жылдың қарашасына дейін базалық мөлшерлеме жалпы 400 базалық тармаққа төмендетілген. Бұл кезде жылдық инфляция 1972 жылдағы 3,3 пайыздан 1973 жылы 6,2 пайызға дейін жоғарылап кеткен.

«Жалпы алғанда, Никсон президенттігі АҚШ экономикасының қиын кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұл кезде Филлипс қисығы (жұмыссыздық пен инфляция деңгейі арасындағы байланысты көрсететін қисық) жұмыс істеуін тоқтатты. Жұмыссыздық деңгейімен бірге инфляция деңгейі қатар өсті – стагфляция басталды. Тек 35 жылдан кейін, 1995 жылы Роберт Лукас Никсонның экономикалық саясатының сәтсіздігін түсіндіретін теоретикалық тұжырымдаманы ашты. Яғни бұл экономикалық агенттер күтуінің жаңа типі – рационалды күту. Тіпті осыны ескергеннің өзінде Бернстің саясаты біртүрлі болып көрінді, өйткені ол ақша-несие саясаты құралдарының экономикаға әсерін нақты түсіне білетін құрметті профессор еді. Милтон Фридманды оқытқан Бернс болса және оның лекциялары кейінірек «монетаризмнің атасы» атанған адамға әсер еткен болса, не айта аламыз», делінеді шолуда.

ФРЖ-ға жасалған қысым

Кейінірек Бернстің жеке күнделігінің кейбір бөліктері жарияға тараған соң, оның жұмыс жағдайы сәл болса да түсінікті бола бастады. Мысалы, Бернс күнделікте «қайтадан сайлану үшін президент бәрін жасайтынын» жазады. Никсон оны «ақша массасын кеңейтуге және егер ол ұлғаймаса, апатты болжауды бастауға» шақырған (Ferrel, 2010). Осыған қарап Бернстің де Никсонның кейбір жекелеген шешімдеріне қарсы болғанын анық аңғаруға болады.

Тағы бір айта кетерлігі, Никсон тарапынан ФРЖ төрағасына қысым болып жатқанын бәрі байқамай отырды, соқыр болды деп айтуға тағы келмейді. Сол кездегі БАҚ жарияланымдарына қарап ФРЖ-ға жасалған қысымның жалпы көпшілікке таныс болғанын да аңғарамыз. Никсонның өзі ФРЖ кеңесін Ақ үйдің бақылауына алу үшін қосымша мүшелер «енгіземіз» деп жар сала сөйлеуден ұялмаған. Ол Бернстің ақша-несие саясаты туралы пікірін бұқаралық ақпарат құралдарында жария түрде даулаудан тартынбаған. Мысалы, 1971 жылы тамызда өткен баспасөз мәслихатында ол жұмсақ ақша-несие саясатын мақтайды «(…) сіз экспансионистік ақша-несие саясатын байқадыңыз және бұл біздің осы жылдың 6 айында кеңейіп келе жатқан экономикада өмір сүруіміздің бір себебі» дейді және Бернстің ұстанымын сынға алады.

«Біз саған сенбейміз» немесе саяси шок жағдайындағы инфляциялық күту

Никсонның риторикасы мен мінез-құлқы халықтың ФРЖ саясатына деген сенімін бұзды. Бернске деген сенім де ішінара құлдырап кетті. Дрексель жергілікті проекция әдісіне сүйене отырып, инфляция мен инфляциялық күтулердің импульстік жауаптарын жай «монетарлық шокқа» жауап ретінде және «саяси қысымдағы монетарлық шокқа» жауап ретінде құрды.

Нәтиже көрсеткендей, орталық банктің ставканы саяси мотив бойынша 100 базалық тармаққа төмендетуі 4 жылдан соң экономикадағы жалпы баға деңгейінің 5 пайызға өсуіне алып келеді. Егер дәл сондай жұмсақ монетарлық саясат саяси қысымсыз жүргізілсе, баға 1 пайыздан артыққа өспейді. Инфляциялық күтулер бойынша да жағдай солай өрбиді. Егер монетарлық шоктың саяси себебі бар болса 5-6 жылдан соң инфляциялық күту 4 пайыздан асып түседі. Ал егер монетарлық шок ФРЖ-ның өз шешімі болса, онда инфляциялық күту деңгейі 1 пайыздан аспайды.

Дрексель саяси мотив бойынша қабылданған ақша-несие саясаты шешімінің трансмиссиялық механизмінің дәстүрлі механизмнен өзгеше болатынына назар аударады. Халықтың «орталық банк өз әрекетін тәуелсіз жасай алмайды» деп ойлауы экономикалық агенттердің (адамдар мен компаниялар, яғни жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар) инфляциялық күтуін көтеріп жібереді және бір уақытта олардың белсенділігінің өсіміне қысым көрсетеді. Нәтижесінде ЖІӨ мен жұмыссыздықтың ақша-несие саясатының саяси негізделген әлсіреуіне реакциясы әлсіз болып шығады.

Дрекселдің зерттеулері саясаткерлердің ақша-несие саясатына араласудан және орталық банк өкілдеріне жұртшылық тарапынан қарсылық білдіруден түсетін пайдаға сенім артуы, сайып келгенде, күтілетін тұрақты экономикалық өсу болмаған жағдайда жоғары инфляцияға әкелетінін тағы да дәлелдейді.

ФРЖ-дағы ең қатал төраға

ФРЖ-ға деген сенім оған Пол Волкер басшы болып келген кезде беки түсті деп айтсақ болады. Ол 1979 жылы Бернсті алмастырды. Волкер АҚШ тарихында «инфляцияны өлтіруші» және ФРЖ-дағы ең қатал төраға ретінде қалды. 1980 жылдың басында құрама штаттардағы жылдық инфляция 14 пайыздан асып кетті. Сол себепті, Волкер шешімталдық танытты. Бірден әрекетке көшті, ол пайыздық ставканы 20 пайызға дейін көтерді. Бұдан әрі ФРЖ экономиканы қолдау үшін ақша басып шығармайды деп ашық мәлімдеді. Осыншалықты қатал әрі қажетті шешімдерімен Волкер АҚШ экономикасын кейінірек «Волкер шогы» деп аталатын депрессияға ұшыратты. Ол көптеген жылдар бойы америкалықтардың инфляциялық үміттерін «шегелеп», ақша-несие саясаты туралы шешім қабылдауда ФРЖ-ның «тәуелсіздік» ұстанымын қорғап бақты.

ФРЖ басшылығында болған 8 жыл ішінде Волкер АҚШ президентімен небәрі 20 сағат немесе 50 кездесу өткізген. Әрі Волкердің мемлекет басшысымен әр кездесуі орташа алғанда 20 минутқа ғана созылған.

Сондай-ақ оқыңыз