Экономикалық өсім 3,9 пайыз: Ұлттық қордан құйылған қаржының әсері ұзаққа бармады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

2023 жыл соңында елдегі экономикалық өсім 5 пайыздан асқан еді. Ұлттық банк оны 5,1 пайыз деп бағалаған. Алайда бұл көрсеткіш ұзақ тұрмады. HalykFinance сарапшылары 2024 жылдың қаңтар айында ел экономикасының өсімі күрт төмендеп, 3,9 пайызды құрағанын жазады.

Қаржыгерлер былтыр экономикаға Ұлттық қордан құйылған қаржының әсері ұзаққа созылмағанын айтады. Ал қаңтарда айында Ұлттық қордан өте қомақты трансферттер қайтадан бөлінді. Экономиканың баяулағанына қарамастан, ел үкіметі биыл ішкі жалпы өнім өсімі 6 пайызды құрайды деп отыр. Сарапшы Асан Құрманбеков бұл болжам тым оптимизге толы және экономика секторларының экстенсивті өсуіне сүйенеді деп тұжырымдайды. Ал сыртқы және ішкі сұраныстың өсіміне негіз болар ештеңе жоқ.

«Қазақстан экономикасы 2024 жылды бірқатар көрсеткіш бойынша баяулаумен бастаған. Қаңтардағы экономикалық өсім 3,9% деңгейінде болды, бұл 2023 жылдың соңындағы 5,1%-дан айтарлықтай төмен», – деп жазады HalykFinance сарапшылары.

Экономика секторларының арасында тек көлік және телекоммуникация саласында екі таңбалы өсім тіркелген. Ал мұнай өндіру жыл сайынғы көрсеткіште 2%-ға төмендегенімен, желтоқсанмен салыстырғанда 0,2%-ға ғана өсті.

Ауыл шаруашылығы да 0,4% жылдық өсім көрсеткен. Негізгі капиталға салынған инвестиция жылдық мәнде 0,6% ғана қосқан.

Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 3,4%-ға дейін баяулады. Есесіне құрылыс секторы жылдық мәнде 12,8% өсіммен нақты сектордың негізгі драйверіне айналды.

Өткен айда мұнай бағасы 3 пайыз қосып, барреліне 80 доллардан жоғары саудаланды. Теңге валюта бағамы былтыр жыл ортасындағы деңгейіне дейін қайта нығайды. Оған жыл басында бюджетке бөлінетін трансферттердің айырбасы әсер (600 млрд теңге) етті. Қаңтар айында 2023 жылғы орташа айырбас көлемінен 36 пайыз артық болған.

Бұл өз кезегінде қазынаның кірісі ақсап, экономикалық белсенділік төмендеп жатқанын байқатады.

Былтырғы өсімі өте жоғары болған сауда секторы жылдық мәнде 3,5% дейін айтарлықтай бәсеңдеген. Сарапшылар бұл кейінге қалдырылған сұраныс пен инфляцияның қалыпқа келіп жатқанын байқатады дейді. Биыл бөлшек сауда көрсеткіштері қалыпты деңгейге дейін баяулап (+3,7% ж/ж), тұрақты қалыпқа түсті.

Биыл ЖІӨ өсімінің ресми болжамы 5,3% деңгейінде бекітілді. 13 ақпанда өткен жаңа үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібінен, көлік пен құрылыстан қосымша серпіннен күтілетін 6 пайыздық нақтыланған болжам жарияланды. Алайда сарапшылар еңбек өнімділігі көрсеткіштерінің төмендігін және экономикадағы мемлекет үлесінің үлкендігін ескере отырып, жспардың іске асырылу мүмкіндігіне күмән келтіреді.

Сондай-ақ оқыңыз