Еуропалық Комиссия Цифрлық қызметтер туралы заңды бұзғаны үшін TikTok-қа қарсы іс қозғады. Бұл туралы bloomberg хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, платформа кәмелетке толмағандарды зиянды контенттен қорғау үшін жеткілікті түрде жұмыс істеп жатқанын тексереді.
TikTok-қа иелік ететін қытайлық ByteDance компаниясы DSA ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылса, компания әлемдік кірістің 6 пайызына дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуі мүмкін.
«Біз TikTok ашықтық пен кәмелетке толмағандарды қорғау міндеттемелерін бұзды деп күдіктеніп, оған қарсы тергеу процестерін бастап жатырмыз», – дейді Еуропа комиссары Тьерри Бретон.
ЕК TikTok кәмелетке толмаған балаларды құпиялылық, қауіпсіздік және қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін тиісті және пропорционалды шараларды қабылдаған ба, жоқ па, соны қарастырады. Сонымен қатар тергеу барысында TikTok жүйесінің дизайнын, оның ішінде мінез-құлыққа тәуелділікке әкелетін әсерін тудыратын алгоритмдер зерттеледі.
Еске сала кетсек, сенат отырысында депутат Алишер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұрады. Айтуынша, бұл платформа балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп жатыр.
Сатыбалдиев Tiktok желісіне қатысты Батыс пен көрші елдерде шектеу шаралары енгізілгенін, бірақ Қазақстанның бұл мәселеге салғырт қарап отырғанын мәлімдеді. Күн санап жастардың бұл платформаға деген әуестігі артып келе жатқанын алға тартты. Сенатор желі қолданушылардың 75 пайызы 13-24 жас арасындағы жастар екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша 4-5 жасар балалардың өзі күнделікті 75 минутын осы желіні тамашалаумен өткізеді екен.
«Бұл мәліметтерге немқұрайлы қарамаған елдер қауіпсіздік қамын жасап Tiktok синдромының теріс әсеріне қарсы тұру үшін барын салып жатыр. Еуропа мемлекеттерінің бірқатар елінде жүргізілген арнайы тексерістер нәтижесінде платформада балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктерінің істемейтіндігі анықталып, Еуроодақ тарапынан желіге қатысты 368 млн доллар шамасында айыппұл салынған. Ал АҚШ – 5 млн доллар, Нидерланды – 750 мың еуро, Ұлыбритания – 15 млн еуро көлемінде айыппұл салған. Көршілеріміз Ресей мен Өзбекстан желіні өз аумағында толық бұғаттап құтылды», – дейді Сатыбалдиев.
Депутат басқа елдердің тәжірибесіне сүйеніп, бұл желіге шектеу қойылмаса, балалардың болашағына қауіп төнетінін айтады.
Айта кетейік,былтыр қазақстандықтар TikTok әлеуметтік желісінде Ұлттық статистика бюросының сайтынан тегін алуға болатын қызметті сатқан. Бұл жайлы Ұлттық стаитстика бюросының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған әлеуметтік желіде «Мен секілді қанша адам бар?» ойыны жүргізіледі. Онда қолданушы өзімен аттас адамның бар-жоғын білу үшін ақша төлейді. Ұлттық статистика бюросы мұндай TikTok қолданушыларына мән бермеуді сұрады. Өйткені бұл деректердің барлығын департамент сайтынан тегін алуға болады.
«Ұлттық статистика бюросы stat.gov.kz ресми сайтында тегін алуға болатын деректерді саудалап жүрген TikTok пайдаланушыларының қызметтеріне жүгінбеу сұралады. Мұндай қызметпен айналысатындар өз әрекеттері үшін жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескертеміз», – деп хабарлады баспасөз қызметі.