Оңтүстік Корея лоукостері Қазақстанға ұшуға ниетті
Қазақстан мен Оңтүстік Корея елдері арасындағы әуе рейстерінің саны артып, жаңа әуе бағыттары ашылады. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Министрлік хабарлауынша, Сеулде ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың Корея Республикасы Жер, инфрақұрылымы және көлік министрінің орынбасары Юн Санг Лимен екіжақты кездесуі өткен.
Кездесуде тараптар Астана мен Сеул арасындағы рейстерді қайта бастау, Алматы–Сеул бағыты бойынша орындалатын рейстерді ұлғайту, сондай-ақ, Шымкенттен Сеулге, Пусаннан Қазақстан қалаларына рейс ашу келісілген.
Сонымен қатар Талғат Ластаев T’ Way төмен бюджеттік әуе компаниясының және Sirius Airlines жүк әуе компаниясының басшылығымен кездесулер өткізген. Кездесу барысында кореялық тасымалдаушылар Қазақстанға ұшуға ниетті екенін білдірген.
Айта кетейік, Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеуді қалайтын қазақстандықтарға арналған арнайы бағдарлама дайындалған. Бұл туралы ОКҚ-да өткен отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев айтып берген.
Үкіметтің мұндай шара қабылдауына өзіндік себептер де жоқ емес. Осыған дейін корей шекарасын заңсыз кесіп өткен қазақстандықтарға қатысты сот үкімі шыққанын жазған едік.
«10 тамызда Корея Республикасының мемлекеттік шекарасын 2023 жылдың наурызында заңсыз кесіп өткен Қазақстанның екі азаматына қатысты сот үкімі шықты. Инчхон қаласының аймақтық соты Қазақстан азаматтарының әрқайсысына 3 млн корей вон көлемінде (1 млн теңгеден астам) айыппұл салды. Одан кейін елден депортациялау туралы шешім шығарды», – делінген СІМ таратқан ақпаратта.
Айыппұлды сот белгілеген мерзімде төлей алмаса, тағы шара қолданылады. Атап айтқанда, оларға айыппұлды өтеу үшін 30 күн жұмыс істеу мүмкіндігі берілетіні хабарланды.
Ол кезде ұсталған Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Корея заңын бұзу бойынша 3 айып тағылған еді. Олар: эмиграциялық бақылау туралы заңды бұзу, елде заңсыз болу және әуежайы объектілері мен оның ғимараттары туралы заңды бұзу.