Жаңалықтар

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының нәтижесі ойдағыдай болмады – Сенат төрағасы

Оңтүстіктен солтүстікке көшу жобасына баға берілді / shutterstock и senate.parlam.kz

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін мойындау керек. Бұл туралы Үкімет сағатында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, осыдан 7 жыл бұрын қолға алынған жобаны жандандыруға Парламентте қаралып жатқан «Көші-қон туралы» жаңа заң ықпал етуге тиіс.

«Көші-қон туралы» жаңа заң еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру үшін жаңа ынталандыру шараларын қарастырады деп сенеміз. Осы бағытта басқа да іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет. Әлеуметтік, транспорттық және инженерлік инфрақұрылымның да тиісті деңгейде дамуын қамтамасыз ету керек. Мұнымен қоса азаматтарымыздың жан-жақты дамуы үшін сапалы, экологиялық орта қалыптастыру да маңызды іс. Еліміздің демографиялық дамуына байланысты осындай мәселелер бойынша тиімді ведомствоаралық іс-қимылды арттыру қажет», – деді Сенат спикері.

Мәулен Әшімбаев кейбір өңірлерде әлеуметтік-демографиялық және экономикалық теңгерімсіздіктің сақталуын сын-қатерлердің бірі деп атап өтті.

«Бүгінде оңтүстік, батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ал солтүстік аймақтарда, керісінше, азаю үрдісі байқалады», – деді Сенат төрағасы.

Ол Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында халық саны қысқарғанын айтты.

«Соңғы жылдарда Солтүстік Қазақстан облысы халқының саны – 22,43%-ға, Павлодар облысының тұрғындары – 5,76%-ға, Қостанай облысының тұрғындары – 8,3%-ға азайды», – деді Мәулен Әшімбаев.

2022 жылы «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасын (бұдан әрі –Ұлттық жоба) іске асыру шеңберінде Қазақстанның еңбек тапшылығы бар өңірлерінен 7 923 адам өз еркімен қоныс аударды. Оның ішінде 1 320 қандас және 6 603 қоныс аударушы бар. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылы ақпан айында осындай мәліммет таратқан еді.

Ұлттық жоба шеңберінде қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:

1) көшуге арналған субсидия – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде;

2) отбасы мүшелерінің санына және елдімекенге байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;

3) қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу;

4) жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу.