Мемлекекеттік орган мүшелері маңызы жоқ іссапарларға шықпайды: үкімет тағы қандай бюджет шығындарын қысқартты?

Жарияланды
бюджет шығыстары
Үкімет бюджеттің өнімсіз шығыстарын 300 млрд теңгеге қысқаратуды жоспарлап отыр /Фото: kursiv.media

Мемлекеттік органдар маңызы жоқ іссапарларға шықпайды, қажетсіз іс-шаралар өткізбейді. Бұл жайлы үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Үкімет сағатында премьер-министр Олжас Бектенов бюджеттің өнімсіз шығыстарын қысқарту және экономиканы ырықтандыру жөнінде атқарылған жұмыстар жөнінде үкімет мүшелерінен есеп алды.

«Бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында Қаржы министрлігі тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілігімен бірлесіп, республикалық бюджеттің шығыстарын анықтау мақсатында ағымдағы жылы шығыстарға қосымша тексеру жүргізді. Жүргізген талдау нәтижелері бойынша сондай-ақ 2023 жылы республикалық бюджеттің атқарылуын ескере отырып шаралар қабылдауды ұсынып отыр», – деді ҰЭМ басшысы.

Бюджет қаражаты осы жылы қажетсіз деп танылған іс-шараларға жұмсалмайтынын айтқан Ұлттық экономика министрі қысқартылатын шараларды атап өтті.

  1. Мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығындары қысқартылады. Яғни іс-сапарлар шығыстары, форумдар өткізу, зерттеулер жүргізу және т.б. шығынды шаралар жоспардан алынып тасталады.
  2. Маңызы жоқ жобалар мен іс-шараларды, оның ішінде олардың орындалу мерзімдері, мысалы, әкімшілік ғимараттар салу ағымдағы жөндеу сынды күрделі шығындарды сатып алу сынды шаралар қайта қаралады.
  3. Мемлекеттік қолдау бойынша өнімділігі төмен шаралар бойынша шығыстар азайтылады.
  4. Жобаларды соның ішінде жекелеген шараларды қаржыландыру және іске асыру шарттарын өзгерту есебінен шығыстар да оңтайландырылады.

Осындай шараларды қысқарту әрі оңтайландыру нәтижесінде 300 млрд теңгеден астам қаражат үнемделеді.

«Егер сіз мақұлдаған жағдайда бұл қаражат мемлекет басшысының тапсырмаларын сондай-ақ экономиканың басым секторларын қаржыландыру үшін республикалық бюджетті осы наурыз айында түзету жолымен үкімет резервіне шоғырландыру ұсынылады»,– деді Байбазаров.

Премьер-министр үнемделген қаражатты оңды-солды шашпай экономикалық өсмді ынталандыруға бағыттау туралы ҰЭМ шешімімен келісті. Сонымен бірге 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын қалыптастыру кезінде осы жұмыс нәтижелері ескеріліп, артық шығындарға жол берілмейді.

Еске сала кетсек, 9 ақпанда Премьер-Министрі Олжас Бектенов үкіметте кеңес өткізіп, онда мемлекеттің шығындарына және жалпы бюджеттің жұмсалу барысына ревизия жүргізуді тапсырған болатын.

«Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуға тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек»,- деген болатын үкімет басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз