Жаңалықтар

АҚШ Ресейге көмектескен Қытай компанияларына санкция салуы мүмкін

АҚШ Укаринадағы қақтығысты өршітуге көмектескен компанияларға санкция салуды көздейді /Фото: kursiv.media

Вашингтон Ресейдің Украинаға қарсы соғысында агрессорға көмектескен компанияларға санкция салуы мүмкін. Оның ішінде Қытай компаниялары бар. Бұл жайлы америкалық конгрессмендер мәлімдеген.

«Америка Құрама Штаттары Ресейге Украинадағы қақтығысты өршітуге көмектескен қытайлық компанияларға қарсы санкциялар енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл Бейжіңге қатысты алғашқы тікелей айыптау болмақ», – делінген хабарламада.

Конгрессмен Джерри Коннол екі ал арасындағы өзара сауда тәуелділігіне қарамастан, бұл санкциялар жақын күндері енгізілуі мүмкін екенін айтқан. АҚШ Конгресі өкілінің пікірінше, шектеулер енгізілсе, бұл «Бейжің көзқарасының өзгеруіне» әкелуі мүмкін.

Сонымен бірге Еуро Одақ та Қытай компанияларына қарсы санкция салуы мүмкін. Бұл жайлы Bloomberg жазған болатын. Басылым мәліметінше, ЕО-ның жаңа санкциялары тек Қытай компанияларын ғана емес, сонымен бірге Гонконг, Сербия, Үндістан, Қазақстан, Шри-Ланка және Түркиядағы компанияларға қарсы қолданылуы мүмкін. Бұл елдердің компаниялары Ресейге көмектесті деп күдіктеледі.

Бұған дейін Қытай Сыртқы істер министрі Ван И Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесуінде АҚШ-тың қытайлық компанияларға біржақты санкцияларын алып тастауды талап еткен. Ван И АҚШ пен Қытай «өзара құрмет, бейбіт қатар өмір сүру және бір-бірін жеңіп ынтымақтасу принциптерін ұстанып», екі ірі держава ретінде дұрыс әрекеттесу жолдарын іздеуі керек деп санайды.

Еске сала кетсек, осы жылдың басында Қытайдың АҚШ-тың 5 компаниясына санкция салғаны белгілі болды. Атап айтқанда, BAE Systems Land and Armament, Alliant Techsystems Operation, AeroVironment, Viasat және Data Link Solutions компанияларына қатысты санкция енгізу туралы шешім қабылданған. Қытай билігі бұл компанияларды Тайваньға қару-жарақ жеткізуге көмектесті деп айыптайды. ҚХР СІМ-нің мәлімдеуінше, енгізілген шектеулер Қытай аумағындағы аталған компаниялардың жылжымайтын мүліктерін қоса алғанда, активтерді бұғаттауды көздейді.

Ал күзде Қытай билігі Сент-Луистегі Lockheed Martin филиалы мен Тайваньға қару-жарақ жеткізетін Northrop Grumman компаниясына қарсы санкциялар енгізу туралы шешім қабылдаған болатын.  

«24 тамызда америкалық Lockheed Martin компаниясының Миссури штатындағы Сент-Луис филиалы бас мердігер ретінде Тайваньға америкалық қару-жарақты тікелей жеткізуіп жатыр, ал Northrop Grumman Тайваньға қару-жарақ жеткізуге бірнеше рет қатысты. < > Қытай жоғарыда аталған екі америкалық әскери-өнеркәсіптік компанияға санкциялар салуға шешім қабылдады», – деді ҚХР СІМ ресми өкілі Мао Нин.

Ол Қытай үкіметінің ұлттық егемендік пен аумақтық тұтастықты қорғауға деген шешімі мызғымас екенін айтады.