Үкімет сағатында премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазынаға» «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша мектеп салуға жер бермей отырған әкімдіктердің жұмысын сынға алып, оларға бұл мәселені шешуге жарты айдан артық уақыт берді.
Премьер министр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының өз уақытында аяқталмау қаупі жоғары екенін айтты. Ол «Самұрық-Қазына» қорының тарапынан мердігер ұйымдардың жұмысына тиісті бақылау жасалмайтынын, әкімдіктердің формализмге салып жүргенін мәлімдеді.
«Жекелеген өңірлерде әлі күнге дейін жер учаскелерін рәсімдеу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері шешілмей келеді. Өңір әкімдері тарапынан жасалып отырған формализм мен мәселені орталыққа ысыра салу әрекеті жобалау және құрылыс жұмыстарының кешігуіне әкеп соқтыруда», – деді үкімет басшысы.
Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов та әкімдіктер тарапынан жер беру уақыты кешіктіріліп жатқанын айтты.
«Кейбір әкімдіктер үкімет қаулысында белгіленген жер учаскелерін уақтылы беру бойынша міндеттемелерін орындамады. бүгінгі таңда бірінші кезеңде қарастырылған 208 учаскенің 5-і әлі шешілмеді. Ұлттық жоба қағидаларына сәйкес өңір әкімдіктері инженерлік коммуникациялық және қоғамдық инфрақұрылымдар мен жайлы мектептерді қамтамасыз етуге міндетті. Бүгінгі таңда 208 нысанның 11-інде қажетті инфрақұрылым бар. Бұл ретте бірінші кезеңде мұқтаж болған 197 нысанның тек 53 бойынша ғана сыртқы желілерді жүргізу мердігері анықталған», – деді Жақыпов.
Компания басшысы бұл жұмыстарды жылдамдату мақсатында инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін мердігерлерді анықтау рәсімін тездету үшін әкімдіктерге бір көзден сатып алу құқы берілгенін атап өтті.
300 млрд теңге үнемделеді
Нұрлан Жақыпов сонымен бірге премьер-министрден жобалау мерзімін ұзартуды сұрады. Уақыт ұзарту бюджет шығындарын азайту үшін қажет екенін айтқан ол:
«Жобалау мерзімін қысқартудың негізгі факторларын атап өтсек, бұл құрылыс компаниялары мен консорциумдағы жобалау ұйымдары ұсынатын жоғары сметалық құнға байланысты болып отыр. Мысалы, жалпы сомасы 424 млрд теңгені құрайтын 41 жобаның құны «Самұрық-Қазына» констракшн жасаған оңтайландырудан кейін 105 млрд теңгеге түсті. 2024 жылдың 1 қыркүйегіне қарай 98 мектепті тапсыру жоспарлануда. Қалған 110 мектепті 2024 жылдың 15 желтоқсанына қарай тапсыру жоспарланып отыр», – деді.
Солайша бюджет қаражаты 300 млрд теңгеге үнемделмек. Олжас Бектенов өз кезегінде барлық жауапты органға жоспарды орындау бойынша нақты мерзім бекітіп берді.
«Самұрық-Қазына» қорына 1-ші қыркүйекке дейін 98 мектептің, ал осы жылдың соңына дейін қалған 119 мектептің пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бұл ретте, жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс», – деді.
Компанияға барлық жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және мемлекеттік сараптамадан өткізуді аяқтауға 15 мамырға дейін уақыт берді.
Ал әкімдіктер жер мәселесін жарты айда яғни 15 наурызға дейін шешуі керек. Ал мектепке қажетті инфрақұрылымдық құрылыстарды 1 тамызға дейін аяқтау керек.
«Өңір әкімдері мектеп құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық проблеманы шешуі тиіс. Биыл пайдалануға берілетін мектептерге баратын жолдар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын осы жылғы 1-ші тамызға дейін аяқтау қажет. Әрбір басшының тікелей есіне саламын – жайлы мектептердің құрылысы Үкіметтің қатаң бақылауында болады,» – деді Бектенов.
Еске сала кетсек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салуға 2,4 трлн теңге бөлінетіні айтылған. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024 жылы 217 білім ошағы пайдалануға берілуі керек болған. Ал 2025 жылы тағы 152 ғимараттың құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Жалпы, жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа бағыттағы 369 заманауи мектеп салынуға тиіс.
ЖАП төрайымы Наталья Годунова 15 маусымдағы Сенат отырысында Білім министрлігі 2022 жылы «Жайлы мектептер» жобасын жүзеге асырудан бас тартқанын айтты. Содан кейін жоба «Самұрық-Қазына Құрылысқа» берілгенін айтқан болатын. Ол жобаға қомақты қаржы – 2,6 триллион теңге бөлінгенін, бірақ оның мемлекеттік сатып алу ережелері сақталмай жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Samruk-Kazyna Construction Наталья Годунованың «Жайлы мектеп» жайындағы сынына жауап беріп, конкурстық рәсімдер Samruk-Kazyna Ұлттық әл-ауқат қорының ережелеріне сәйкес, ерекше тәртіппен жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Жақында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының операторы Samruk-Kazyna Construction отандық тауар өндірушілерді қолдауға міндеттелді.