Pinduoduo маркетплейсі базардағы саудаға қалай әсер етіп жатыр?
Pinduoduo маркетплейсі базардағы саудаға қалай әсер етіп жатыр? Фото: Ascannio/shutterstock
Бұл сұраққа Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жауап берді.
Журналист министрден: «Pinduoduo базардағы саудаға қалай әсер етіп жатыр, осы мәселені зерттеп көрдіңіздер ме? Базарлар жабылса, жұмыссыз қалған адамдардың мәселесін қалай шешесіздер?», – деп сұрады.
Министр электронды сауда саудагерлерді базардан ығыстырып жатқанын жариялады.
«Жыл сайынғы тенденцияны бақылап отырмыз. Кейінгі 2-3 жылда бөлшек саудадағы электронды алыс-берістің үлесі 15%-дан астам деңгейге артты. Қазір бөлшек сауда нарығында, 1,5 млн адам жұмыс істеп жүр. Сіз айтып отырған тенденция осы күйінде жалғасса, жыл сайын базарда жұмыс істейтін адамдардың бестен бірі электронды қызметке ауысуы керек. Осындай талдау арқылы есептесек, 2027 жылға қарай базардағы 700 мыңдай адамға электронды саудаға бейімделу керек болады. Базарда сауда-саттықпен айналысатын адамдардың барлығы қарапайым саудагерлер. Біз қазірден бастап оларға электронды саудаға бейімделу қажет екенін айтып жүрміз», – деді Арман Шаққалиев.
Бұған дейін «Онлайн сауда-саттық: Қазақстанның бұл саладағы жетістігі мен кемшілігі қандай?» деген сұраққа жауап іздеген болатынбыз. Мақалада еліміздегі белсенді онлайн-сатып алушылар саны 4,9 млн адамға жеткені жарияланған.
«Орталық Азия нарығы әлемдегі ең жедел өсіп келе жатқан нарық болып саналады. Өсім қарқыны мен сатып алу қабілетінің әлеуеті алдағы үш жыл ішінде ірі инвесторлар мен трансшекаралық компаниялардың назарын аударып, олардың инфрақұрылымға инвестиция салуына жол ашады», – деген еді CDEK Central Asia басшысы Петр Попов.