Мобильді аударымның қазіргі шектеулі санын дұрыстап қарау керек – министр
Мобильді аударымның қазіргі шектеулі саны қайта қаралып жатыр/Фото: kursiv.me
Мобильді аударымды бақылау кезінде кәсіпкерлердің жұмысына зиян тигізуге болмайды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.
Журналист министрден: «Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін мобильді аударым мәселесі қайта қаралатын болды. Тұтынушылардың құқығын қорғайтын органның басшысы ретінде қандай ұсыныс жасайсыз? Бақылауға алынатын аударым қазіргі 100 деген шекті көрсеткіштен көбейту керек пе?», – деп сұрады.
«Мобильді аударымды бақылау кезінде кәсіпкерлердің жұмысына зиян тигізуге болмайды. Біз кедергі келтіріп, сатушыларды тығырыққа тіреуді көздемейміз. Біз мобильді аударымның қазіргі шектеулі санын дұрыстап қарау қажет деп санаймыз», – деді Арман Шаққалиев министрліктің алқа отырысынан кейінгі брифингте.
Белгілі болғандай, министрлік сауда тоқтайтын және сауда саласында жұмыс істейтін адамдарға ауыртпалық тиетін болса, мұндай бастаманы қолдамайды.
«Бірақ нақты есептеу керек. Қаржы министрлігінде қазір мобильді аударым саны қанша болу керек деген мәселеге талдау жасалып жатыр. Мысалы, 200-ден астам аударымды бақылау керек пе, 300-ден астам аударым болу керек пе, дұрыс дәлел қажет. Нақты осынша аударым болу керек деп айта алмаймын. Неге десеңіз, бізге бұл мәселе бойынша ұсыныс түскен жоқ», – деді Арман Шаққалиев.
Мобильді аударым мәселесі қайта қаралады
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мобильді аударым мәселесі қайта қаралатынын мәлімдеген.
«Бұл – өте өзекті сұрақ. Сондықтан мәселені қайта қарауды тапсырамын. Бұл мәселені қаржы-экономикалық блокта тағы бір рет қарастырамыз. Жоба механизмін егжей-тегжейлі талқылаймыз. Бұл сұраққа қайта ораламыз», – деген болатын министр.
Естеріңізге салайық, былтыр Үкімет отырысында бұрынғы Қаржы министрі
Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда 2025 жылға дейін мобильді аударым үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынбайтынын жариялады.
«Біз ешкімді алдына ала үрейлендіргіміз келмейді», – деді сол кезде Е.Жамаубаев.
Ол кәсіпкердің екі шоты болуы керек, оның бірі кәсіпкерлік қызметке пайдаланылса, екіншісі жеке мақсат үшін: мобильді аударым үшін қолданылуға тиіс екенін түсіндірген.
Бұған дейін мобильді аударым жасағаны үшін кімдер салық төлейтіні белгілі болған.
«Кәсіпкерлік қызметтің сипаты бар мобильді аударымдарға салық салынуы тиіс. Туысқандар мен әріптестер арасындағы ақша аударымының кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ. Сондықтан мұндай аударымдарға салық салынбайды», – деген еді бір жыл бұрын экс-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Сондай-ақ 2025 жылға дейін мобильді аударымдар үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынбайтыны айтылған.