Қазіргі таңда Қазақстанға қатысты бірде бір санкция жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл ведомства өткізетін келіссөздер мен форумдардың нәтижесі.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі өткізген брифингте журналист үкімет басшысының бюджетті оңтайландыру туралы бастамасын ведомство қалай орындайтынын сұраған еді.
«Премьер-министр форумдарға, іс-шараларға жұмсалатын шығыстардың барлығы қысқартылып жатқанын мәлімдеді. Бұдан былай Сыртқы істер министрлігі форум өткізбей ме?», – деп сұрады журналист.
Айбек Смадияров мұндай форумдарды барлық мемлекеттік орган өткізетінін айтады.
«Форумдар мен түрлі іс шараларды Сыртқы істер министрлігі ғана емес, мемлекеттік органдардың барлығы өткізеді. Біз бірінші кезекте жоғары басшылықтың тапсырмасын орындаймыз. Сәйкесінше, мүмкіндігінше барлығын оңтайландырамыз», – деп жауап берді.
Журналист: «Өткен жылы, оның алдындағы жылда көп жиын болды. Премьер-министрлер, президенттер келді. Түрлі жиындар ұйымдастырылды. Биыл және болашақта мұндай болмай ма?» ,– деп нақтылады.
«Қазіргі таңда өңірімізде қалыптасып отырған геосаяси жағдайды ескере отырып, елімізден тыс жерлерде және жалпы әлемде сыртқы саясаттың рөлі артып келе жатқанын байқауға болады. Экономикалық жағдай, санкциялық саясат және өңірімізде болып жатқан өзге де оқиғалар біздің экономикамыз бен саясатымызды тығырыққа тірейтін күйге түсірмеуі тиіс. Сондықтан бізге серіктестерімізбен көбірек сөйлесу, келіссөздер жүргізу қажет. Форумдар форум өткізу үшін ғана ұйымдастырылады деп ойламаңыздар. Форумдардың қорытындысында көптеген келісімдерге қол жеткізілді. Өздеріңіз көріп отырғандай, құдайға шүкір, біздің елімізге қарсы бірде-бір санкция жоқ. Бұл – келіссөздердің нәтижесі. Сондықтан түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Біз өз жұмысымызды жоғары деңгейде атқарып отырмыз», – деді Смадияров.
Еске салайық, 20 қаңтар күні Үкімет сағатында премьер-министр Олжас Бектенов бюджеттің өнімсіз шығыстарын қысқарту және экономиканы ырықтандыру жөнінде атқарылған жұмыстар жөнінде үкімет мүшелерінен есеп алды.
Жиында Ұлттық экономика министр бюджет қаражаты осы жылы қажетсіз деп танылған іс-шараларға жұмсалмайтынын айтты. Қысқартылатын шараларды тізіп шықты.
- Мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығындары қысқартылады. Яғни іс-сапарлар шығыстары, форумдар өткізу, зерттеулер жүргізу және т.б. шығынды шаралар жоспардан алынып тасталады.
- Маңызы жоқ жобалар мен іс-шараларды, оның ішінде олардың орындалу мерзімдері, мысалы, әкімшілік ғимараттар салу ағымдағы жөндеу сынды күрделі шығындарды сатып алу сынды шаралар қайта қаралады.
- Мемлекеттік қолдау бойынша өнімділігі төмен шаралар бойынша шығыстар азайтылады.
- Жобаларды соның ішінде жекелеген шараларды қаржыландыру және іске асыру шарттарын өзгерту есебінен шығыстар да оңтайландырылады.
Осындай шараларды қысқарту әрі оңтайландыру нәтижесінде 300 млрд теңгеден астам қаражат үнемделеді.