2023 жылы британдық HSBC Holdings Plc банкінің кірісі 30%-ға өсті. Бірақ қаржы ұйымының таза және салық төлеуге дейінгі табысы нарық болжамынан төмен болды.
Банк есебіне сүйенсек, өткен жылы таза пайда 22,43 миллиард долларды құрады. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш 14,35 миллиард доллар болатын.
HSBC-тің салық төлегенге дейінгі табысы 30,35 миллиард долларға жетті. Былтырғы осы кезеңде көрсеткіш 17,01 миллиард доллар болған. Ал кірісі 50,62 миллиард доллардан 66,01 миллиард долларға дейін өсті.
Банктің таза табысы 30,38 миллиард доллардан 35,8 миллиард долларға дейін артты. Ал таза пайыздық маржа бір жыл бұрынғы 1,42 пайыздан 1,66 пайызға дейін өсті.
Бұған дейін қаржы ұйымы консенсус болжамын ұсынған. Сарапшылар орта есеппен таза пайда 25,52 млрд долларды, салық төлеуге дейінгісі 34,12 миллиард долларды құрайды деп болжады. Бұған қоса таза кіріс 36,62 миллиард долларды құрайды деген еді.
2024 жылы банктік қызметтен түсетін таза табыс кем дегенде 41 миллиард долларды құрайды деп жоспарлануда.
HSBC директорлар кеңесі де тоқсан сайын бір акцияға 0,31 доллар көлемінде дивиденд төлеуді мақұлдады. Осылайша, оның жылдық дивидендтері 2008 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті, яғни бір акция үшін 0,61 доллар.
Сонымен қатар банк бірінші тоқсанның қорытындысы жарияланғанға дейін 2 миллиард долларға дейінгі сомадағы өз акцияларын сатып алуды жоспарлап отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 7 миллиард долларды құрады.
Еске сала кетсек, былтыр наурызда АҚШ-тың ірі банкі Silicon Valley салымшылар, технологиялық және венчурлық компаниялардың қызметкерлері ақшаларын қайтарып алу туралы шешім қабылдағаннан кейін банкротқа ұшыраған еді.