Денсаулық сақтау министрлігі емханада медициналық көмек көрсету тетіктерін жақсарту үшін бұйрықтар мен талаптарға өзгерістер енгізбек.
Соған сәйкес 2024 жылдың наурыз айынан бастап бірнеше бағыт бойынша өзгеріс жоспарлануда. Атап айтқанда:
– жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған талдаулар тізбесін 42 зерттеуге қысқарту;
– олардың қолданылу мерзімін 10 күннен 14 күнге дейін және 1 айдан 3 айға дейін арттыру.
2024 жылдың сәуір айынан бастап:
– бейінді мамандарға тікелей жүгіну тәсілдері жетілдіріледі. Пациент келесі жағдайларда жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз бейінді мамандарға жүгіне алады:
1) шұғыл жағдайлар мен жарақаттар, оның ішінде офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да жарақаттар;
2) шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету;
3) дерматовенерологиялық бейіндегі аурулар;
4) тіркелген жері бойынша акушер-гинекологқа және психологтың қабылдаулары;
5) онколог және онкогематологтың қабылдаулары;
6) диспансерлік есепте тұрған пациенттерді кардиолог эндокринологтың, офтальмологтың, невропатологтың, хирургтің қабылдаулары;
7) оны тағайындау бойынша бейінді маманның қайта қабылдауы;
8) жастар денсаулық орталықтарында мамандардың қабылдауы;
9) жылжымалы медициналық кешендер мен басқа да мобилдік қызметтердің қызмет көрсетуі кезінде жүзеге асырылады.
«Сәуір айынан бастап динамикалық бақылау тәртібі және жалпы практика дәрігері мен бейінді мамандардың бірлескен жұмыс алгоритмі қайта қаралады. Бұл мультидисциплиналық тәсілді қамтамасыз етеді. Осы жұмыстың шеңберінде зерттеулерді жүргізудің еселілігі мен көлемі әрбір пациент үшін жеке тәртіппен айқындалады», – деп хабарлады медициналық көмек саласында енгізілетін өзгерістер жайлы Денсаулық сақтау министрлігі.
Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдардың қаржылық шығыны мен кредиторлық берешегін қысқарту үшін медициналық көмектің түрі мен көлеміне қатысты тарифтерді кезең-кезеңімен қайта қарастыратынын хабарлады.
Естеріңізге салайық, сенатор Ақмарал Әлназарова өзінің депутаттық сауалында медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 100 млрд теңгеден асқанын мәлімдеген болатын.
«2023 жылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша 619 медициналық ұйымда жалпы сомасы 109,6 млрд теңге болатын несие берешегі бар. Медициналық ұйымдар тиімсіз шығындарды ғана емес, халыққа көрсетілетін қызмет көлемін де қысқартуға мәжбүр. Медициналық қызметтердің тарифі нақты шығынды жаба алмайды, бұл медициналық ұйымдарда «тесіктерді бітеу» тәжірибесіне әкеліп соқты», – деген еді Ақмарал Әлназарова.