Риддер ЖЭО жабдықтарын күрделі жөндеуге 6,1 млрд теңге бағытталды
Риддер ЖЭО жабдықтарын күрделі жөндеуге 6,1 млрд теңге бағытталды. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрінің Риддер қаласы тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды.
Оның барысында Сұңғат Есімханов тұрғындарды отын-энергетика кешенінде іске асырылып жатқан жобалар туралы хабардар етті. Сонымен қатар өңір тұрғындарын толғандыратын сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ сапар барысында вице-министр қалалық электр және жылумен қамту нысандарының жұмысымен танысты.
Мәселен, Риддер ЖЭО бойынша ауқымды жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. 6,1 млрд теңге сомасында қаражат ЖЭО жабдықтарын және 1,3 млрд теңге жылумен жабдықтау желілерін күрделі жөндеуге бағытталды.
Алты қазандық агрегатын, бас ғимарат ғимаратын, күл үйіндісі бөгетінің бір бөлігін, отын беру галереясын, аспирация жүйесін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша жабдықтардың тозуы 74,5%-дан 57,7%-ға дейін айтарлықтай төмендеді.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда өңірде 5 энергия беруші ұйым бар. Олар Бұқтырма Өскемен гидроэлектростанциясы, Согр, Өскемен, Риддер жылу электр орталықтары. Жалпы белгіленген қуаты 1,5 ГВт, бар қуат 1,4 ГВт. Ал Шығыс Қазақстан облысында жалпы қуаты 66,7 МВт болатын 5 ЖЭК объектісі бар.
«2025 жылға дейін қуаты 1,4 МВт болатын 1 ЖЭК объектісін салу жоспарланып отыр», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың қараша айында Риддер қаласындағы ЖЭО-да апат болды. Бұл қала тұтынушыларына жылу берудің төмендеуіне алып келді.
Аталған жағдайдың себептерін анықтау үшін Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы уәкілетті органдардың мамандарымен бірлесіп, кәсіпорын қызметінде тексеру жүргізді.
Оның нәтижелері «Риддер ЖЭО» АҚ-ның әбден тозғаны анықталды. Кейін ЖЭО қарызы 3,3 млрд теңгеден асқаны белгілі болды. Содан соң борышы өтелген жылу орталығы өтеусіз негізде мемлекет меншігіне қайтарылды.