1,6 трлн теңге. Алматы қаласының 2024 жылға арналған бюджеті осындай көлемде. Республикалық бюджет донорының бірі саналатын қала өз атауына сай ма? Кезінде жемісі уылжыған алма бақтарының жойылып кеткені туралы Парламент мінберінен де айтылды. Әлеуметтік желілерде де Алматыда қоғамдық алма бақ неге жоқ деген сауал қойылып жатады. Шешім журналистикасы жобасы аясында «Курсив» тілшісі Алматыны, шын мәнінде, алма қаласына айналдырудың шешімін іздеп көрді.
2023 жылдың қараша айында Әділет министрлігі «Алматы апорты» Қазақстан бренді ретінде тіркелгенін хабарлады.
Италияға ресми сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ жанындағы «Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының» (FAO) бас директоры Цюй Дунъюға апорт алмасын таныстырғаны мәлім. Өйткені Алматы апорты FAO 2021 жылдың қыркүйегінде іске қосылған «Бір ел – бір басым өнім» бағдарламасына қатысады.
Кеңес өкіметі тұсында шаһардың айналасы самсаған алма бағы болған, тәуелсіздік жылдарында қараусыз қалып, басым бөлігі оталып кеткендіктен, алма тақырыбы – алматылықтар үшін жан ауыртар мәселенің бірі.
Кейінгі 10 жылға таяу уақытта Алматыға басшы болған әкімдердің қай-қайсы да алма тақырыбын айналып өтпеген екен. Бұл сөзімізге БАҚ-та жарық көрген материалдардан мысалды көптеп келтіруге болады.
«Алматы» арнасы айтқан алма бақтары қайда?
Айталық, 2016 жылғы 6 мамырда «Алматы» телеарнасында «Алматыда алма бағы қайта жанданады» деп аталған сюжет көрсетілді. Сюжетте сол кездегі қаланың ауыл шаруашылығы бақармасы басшысының орынбасары Мақсат Рахметов: «…40-50 жж бақ болған жерлер 40 гектарға жуық аумақты құрайды. Инвесторлар қазір оның 20 гектарын игеруге дайын. Бұл жерде алма шаруашылығы қолға алынбақ. Олар мейрамнан кейін өз жұмыстарына кіріседі», – деп хабарлаған.
Дәл осы телеарнада 2018 жылы 26 наурыз күні жарық көрген сюжетте «Алматыда 150 түп сиверс алмасы отырғызылды» деп хабарлады, сөйтсек, «Алма қала» акциясы аясында табиғат жанашырлары мен қала тұрғындары көшет еккен екен. Бұл жылы қала әкімі Бауыржан Байбек болғаны белгілі. Ең қызығы, Алматы әкімдігінен дәл осы жобалардың бүгінгі тағдыры туралы мардымды жауап ала алмадық. 2018 жылы егілген алма бағының нақты тұрағы, бүгінгі жай-күйі туралы да ақпарат жоқтың қасы.
Қалаға алма бағын егу 2019 жылы да қолға алынды. Тағы да сол «Алматы» арнасы 2019 жылдың 14 қазанында «Көктөбе жотасына 50 мың жабайы алма мен 500 мың қызғалдақ егілді» деген ақпарат таратады. Ол кезде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев болатын (2019 жылдың маусым айында тағайындалған).
Алма бақтарын жаңғыртуға өкімет тарапынан көңіл бөлінді
Бұл игі істің соңы дауға ұласқанын жады мықтылар біледі. 2019 жылы қоғамдық алма бақ егілгеннен бірнеше күн өткен соң «Көктөбе бөктеріне Алматы әкімдігі «еккен» көшеттердің шіріп жатқаны туралы ақпарат тарады. Көп ұзамай «егуге жауапты шенеуніктер жазаланғаны» белгілі болды.
Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударды. Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте әкімнің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялайтынын мәлімдеді.
Осы оқиға Алматы апортына, қала айналасындағы алма бақтарын жаңғырту мәселесіне мемлекет тарапынан тиянақты көңіл бөлуге түрткі болғандай. Тоқаев жиында: «Біздің қаламыздың басты символы – аңызға айналған апорт пен ботаника бағын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деп тапсырды.
2020 жылғы 5 маусымда Асқар Мәминнің премьерлігі тұсында «Аты аңызға айналған Алматының апортын жаңғырту: кәсіпкерлерді қолдау және алма бақтарын ұлғайту қалай жүргізілуде?» деген атаумен шағын есеп-шолу жарияланып, тапсырманың орындалу барысы баяндалған.
Біз «Көктөбе» саябағы аумағына 2019 жылы егілген алма көшеттерінің бүгінгі жай-күйін білмекке парк әкімшілігіне хабарластық. «Эко-белсенділер дабыл қаққандай көшеттер шіріп кетті ме әлде алма бақ бар ма?» деген сауалымызға саябақтың заңгер-әкімшісі Фархад Уәлиевтен қызық дерек естідік. Оның айтуынша, дәл сол 2019 жылы саябақ аумағына 50 мың көшет егілмеген. .
«Көктөбенің қала жақ беткейіне алма ағаштары егілді. Айта кету керек, көшеттердің барлығы бірдей өніп кеткен жоқ, жерсінбей қалғандары да болды. Бірақ алма бағы бар. Оған сиверс көшеттерін жыл сайын егіп, бақ аумағын бірте-бірте ұлғайтып жатырмыз. Биыл да 1500 көшет егуді жоспарлап отырмыз», – деді Фархад Уәлиев.
«Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» мамандары алма ағашын, әсіресе, қала маңындағы тау бөктеріне егудің аса маңызды екенін айтады.
«Тау бөктеріне алма өсіру аса пайдалы. Өйткені оның тамыры лай көшкінін болдырмауға септігін тигізеді. Топырақтың көшуін болдырмай, оны ұстап тұрады», – дейді институттың басқарма төрағасының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сәуле Қазыбаева.
Қала маңындағы алма бақтар оталып кеткен еді…
Алматы маңындағы алма бақтар сатылып кеткені туралы мәселені 2023 жылы маусым айында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек көтергені есімізде.
«Алматыдағы «Таулы қырат» деген жерде 3 гектар алма бағы оталып жатыр. 15 жылда Виктор Храпунов, Иманғали Тасмағамбетов, Ахметжан Есімов, Бауыржан Байбек және Бақытжан Сағынтаевтың заңсыз қаулылары салдарынан алма бағының 70%-нан айырылдық», – деген Бақытжан Базарбек.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2022 жылы 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған.
«2023 жылы 1,3 млн гектар жерді мемлекетке қайтарып жатырмыз. Оның ішінде қанша алма бағы бар екенін қазір нақты айта алмаймын. Мұның ішінде алма бағы бар екеніне күмәнім жоқ», – деген сол кездегі АШМ министрі Ербол Қарашөкеев.
Ғалым Сәуле Қазыбаеваның сөзінше, аталған алма бақтары ұжымдық шаруалардың, колхоз, совхоздардың меншігінде болды. Сондықтан ол жерлерде бақтарды күтіп-баптайтын мамандар, агрономдар, бағбандар болды. Ол табиғи бақ емес, егілген және ұдайы күтім жасалған алқаптар еді.
«Апорт кез келген жерде өспейді» – ғалымдар
Халық арасында кең тараған мифтің бірі: нағыз апорт алмасы қазір жоқ. Тіпті базардың өзінде апорт алмасының бағасы өзге сұрыптарына қарағанда екі есе қымбат. Саудагерлердің де айтар уәжі – «апорт» аз. Президент назар аударған алманың бұл түрі, шынымен де, азайып бара ма?
«Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» апорт ағашының саны өткен ғасырдың ортасындағы көлемімен салыстырғанда азайғанын растады. ҒЗИ дерегінше, 1945 жылы Қазақстанда 1 754 935 алма ағашы болса, соның 782 434 түбі апорт ағашы болған. Соның ішінде Алматы облысындағы барлық алма ағашының 70,2%-ы, яғни 606 840 түбі апорт болған.
1955 жылдан бастап республикада алма өсіру қарқын алып, 1970 жылы жалпы аумағы 107 мың гектарға жеткен. Жеміс ағаштарының санағы бойынша 1970 жылы Қазақстанда 10 113 395 алма ағашы болса, соның 3 851 193 түбі апорт болған екен. Алматы облысында 3 036 346 түп, яғни республикадағы барлық апорт ағашының 78,8 пайызы өскен.
Апорттың күзгі-қысқы түрі қазіргі уақытта Алматы облысында өседі. Негізгі массиві қала маңындағы «Таулы қырат», «Бесқайнар», «Рысқұлов», «Белбұлақ», «Бесағаш» (Талғар ауданы) «Есік» (Еңбекшіқазақ), «Алатау» және «Жандосов» ауылдары (Қаскелең ауданы) аумағындағы алма бақтарында орналасқан.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, қазіргі сәтте апорттың Алматы және Жетісу облыстарындағы жалпы аумағы 2000 гектарды құрайды. Бақтардың көпшілігі теңіз деңгейінен 900-1100 метр биіктікте өсіріледі. Өнімнің жалпы жиынтығы 20 000 тонна шамасында.
«Апорт алмасы теңіз деңгейінен 900-1200 метр биіктіктегі климат жағдайында өседі. Өйткені дәл осы биіктікте өскен апорт өзінің сапасын, өнімділігін көрсетеді. Алматы апорты үшін жауын-шашынның мөлшері, активті температуралар жиынтығы – барлығы маңызды. Оның пісу уақыты мен жинау технологиясы бар. Апорт сорты шетелден енгендігі көпшілікке мәлім. 1865 жылы Ресейден жер аударылған Егор Редько өзімен бірге «Александр» және «қан қызыл» сұрыпты апорт көшетін ала келіп, Алатау бөктеріне еккен. Кейін біздегі сиверс алмасына ұластырған. Сол арқылы өте үлкен, әдемі, хош иісті өнім алған. Олай болса, апорт қалайша Қазақстан брендіне айналды деген сұрақ туындайды. Ол еліміздің климатына байланысты. Апорт біздің климатқа өте жақсы бейімделіп, сорт ретінде әлеуетін көрсеткен және жерсінген», – дейді Сәуле Қазыбаева.
Оның айтуынша, апорт алмасының қымбат болуына да оның кез келген жерде өспейтіні себеп болса керек.
Апорттың тағдыры кімнің қолында?
Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге апорт алмасын қайта жаңғырту жобасын қолға алыпты.
«Биыл министрлікпен бірігіп жұмыс бастап жатырмыз. Жергілікті әкімшілік Алматы қаласының айналасында қалған бос жерлерді қарап, инвентаризация жүргізіп береді. Мақсатымыз – қалада қанша бос жер бар, оның қанша бөлігіне алма бағын аша алатынымызды анықтау. 2023 жылы «Алматы апорты» деген қауымдастық құрылған. Оған 10 шаруашылық енеді, барлығы да кезінде апорт бағын сақтап қалған шаруашылықтар. Бүгінгі таңда осы қауымдастықпен жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Сәуле Қазыбаева.
Оның айтуынша, «Алматы апорты» қауымдастығына апорт өсетін тағы бірнеше өңірдегі шаруашылық та қосылған. Алматы облысынан Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жетісу облысынан Панфилов және Ескелді, Түркістан облысының Қазығұрт, Сайрам, Түлкібас аудандары, Жамбыл облысында Қордай мен Меркі аудандары бар.
Апорт алмасы сиверс жабайы алмасына ұластырылатын сеппе көшет болғандықтан, табиғатта жабайы алма алқабының болуы әрі оның қалпына келтірілуі маңызды.
Алматы айналасында ежелден өсіп келе жатқан сиверс – жабайы алмаларды зерттеумен айналысатын тағы бір ұйым бар. Ол – Бас ботаника бағындағы «Ботаника және фитоинтродукция институты». Мұндағы 9 зертхананың бірі академик Аймақ Жанғалиев атында. Оның мақсаты – жемісті өсімдіктерді жерсіндіру және гендік қорды қорғау. Осында сиверс алмасын өсіру, зерттеу жұмысы жүргізіледі. Кезінде академик Аймақ Жанғалиев дәл осы Ботаника бағының аумағында сиверс алмасын өсіру идеясын қолға алыған. Бақтың егілуіне үлкен еңбек сіңірген. Бүгінде мұнда 170-ке тарта пішіндегі сиверс алмасы бар.
Аталған институттың бас директоры, биология ғылымдарының докторы, Қазақстанның Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары Академиясының докторы Гүлнар Ситпаеваның айтуынша, сиверс алмаларының табиғи таза түрі сақталған. Институт Жоңғар, Іле Алатауы, Қаратау, Тарбағатай тауларында өсетін сиверс алмаларын сұрыптап, зерттеумен айналысады.
«Ботаника және фитоинтродукция институты» Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жетекшілігімен алдағы жылдарға арналған жаңа жоба әзірлеп жатыр. Ол Қазақстандағы алма алқаптарын сақтау жөніндегі ғылыми-техникалық бағдарлама болмақ. Ондағы мақсат экожүйедегі алма бақтарын сақтау. Сонымен қатар оларды генетикалық-селекциялық бағалау, түрлі популяциядан жаңа түрлерін шығару болмақ.
Көше бойында егілген алма бойына зиянды заттарды жинай ма?
Сонымен бірге Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай ұлттық табиғи саябақтарында арнайы тәлімбақтар құрылған. Олардың мақсаты – алманың айрықша құнды түрлерін сақтап қалу.
«Біз осы табиғи саябақтармен бірлесіп, сиверс алмаларының нақты қай түрін алуға болатынын анықтауға көмектесеміз. Ондағы алма ағашы алқаптарының қазіргі жай-күйін бағалаймыз. Өйткені табиғи кері кету бары, рас. Антропогендік фактор да өте жоғары», – дейді Гүлнар Ситпаева.
Ботаника бағы аумағында егілген сиверс бағы – қала ішіндегі алма бақ. Алайда жабайы селекциясы тек ғылыми мақсатта өсіріледі. Одан алынған өнім жыл бойы зертханада түрлі мақсатта зерттеуден өткізу үшін пайдаланылады. Сиверс алмалары гүлдеген уақытта мұнда қала тұрғындары мен оқушылар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылады.
Сәуле Қазыбаева «қала ішіне алма бақтарын неге өсірмеске?» деген идеяны көп адам білмеушіліктен айтады деп санайды. Өйткені алма гүлдеген сәтте әдемі болғанымен, күзде жеміс беріп піскенде жерде езіліп жатса, қала тазалығына зиян.
Ғалым Гүлнар Ситпаева көлік көп жүретін көше бойына алма егуге болмайды деген пікірде. Оның айтуынша, жол бойында өсіп тұрған алма және өзге де жемістер ауадағы ауыр металдарды бойына жинайтындықтан, улы болуы әбден мүмкін.
Ал Сәуле Қазыбаеваның пікірінше, алма өніміне ауыр металл жинамайды.
«Алма ауыр металды жапырағы мен тамырына жинайды деп айтылады кейбір деректерде. Сондықтан нақты дәлел жоқ дер едім», – деді.
Осы тұста пікірі екіге жарылған ғалымдар қала ішіндегі саябақтарда шағын алма бағын егуге қарсы емес. Тіпті мұндай бастаманың қажет екенін айтады. Гүлнар Ситпаева мұндай парктерде сиверс алмасымен қатар, өзге де жемістер мен өсімдіктерді егу қажет деп есептейді. Сәуле Қазыбаева да қала саябақтарында алманың сиверс – жабайы сұрыптарын отырғызуға болатынын айтады.
«Өйткені оның жемісі ұсақ. Сондықтан жерге түсіп қалған алманы жинап алуға ыңғайлы. Ал қарқынды жеміс беретін сұрыптарды егудің қажеті жоқ. Біріншіден, оларға бөлек технологиялық күтім керек. Кесу, шырпу қажет. Қыста ауа температурасы 10 градустан төмен болмайтын кезде оларды кесу жұмысы жүргізіледі. Сосын уақытылы суару керек. Егер сіз апорт алмасын ексеңіз, бір жыл ішінде 10-12 рет суару керек. Уақытылы суарылмаса алма сапасы өзгере бастайды», – дейді ғалым.
Алматыда қоғамдық алма бақ ашуға мүмкіндік бар ма ма?
Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты үшін қала ішіне алма егу таңсық емес. Өйткені институт ғалымдары біраз уақыт бұрын Шымкент қаласы үшін дәл осындай жоба әзірлеген.
«Кәдімгі саябаққа алманың классикалық, күзде пісетін сорттарын егуді ұсындық. Оған арнайы қаржы бөлінуі керек. Бақтың арнайы күтушісі, баптаушысы мен ғылыми қызметкері болады. Ол бақта осы ауданның климатына сай, осында өсетін алма егіледі және қала тұрғындарына алманы жинап алуына болады. Саясында демалады. Мұндай жоба жасауға болады. Тек жаздық алмалар бір бөлек, күзде пісетін алмалар бөлек егілуге тиіс. Ал апорт алмасын еге алмаймыз. Өйткені ол сеппе көшет, сегізінші жылы ғана өнім береді. Сондай-ақ теңіз деңгейінен 900-1200 метр биіктікте өседі. Жалпы, саябаққа алма ғана емес, өзге де жеміс-жидектерді егіп, өсіруге болады. Алматы әкімдігі тарапынан жер, қаражат бөлінсе, институт көмегін беруге дайын», – деді Сәуле Қазыбаева.
Біз бұл ұсынысқа қатысты Алматы қаласы әкімдігінің ұстанымын сұрадық. Әкімдік берген жауапта алма бағын егемін дегендерге субсидия қарастырылғаны айтылады:
«Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары аясында (Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2018 жылғы 23 шілдедегі № 317 бұйрығы) 5 гектар және одан жоғары алаңда интенсивті алма бағын отырғызу кезінде субсидиялау қарастырылғанын хабарлайды».
Қала кәсіпкерлері мұндай мүмкіндік барын біле ме, жоқ па, анық емес. Әлде қала аумағынан 5 гектар жер табу қиын болды ма екен?! Қала бюджетінен субсидия алуға ешкім өтінім бермепті.
«Бүгінгі таңда АӨК жеке субъектілерінен өтінімдердің болмауына байланысты Алматы қаласы бойынша алма бақтарын салуға қаржы бөлінбеді. Сонымен қатар жоғарыда көрсетілген қағидаларда ағымдағы қаржы жылында бюджет қаржысы болмаған жағдайда, келесі қаржы жылында субсидиялар төлеуді жүзеге асыруға болатын тармақ қарастырылған», – деген жауап алғанымызды да айтып өту керек.
Инвестициялық жобаларды субсидиялау туралы толық ақпаратпен осы тұстан танысуға болады.
Мақаланы қала бюджетін еске алудан бастауымыз бекер емес. Алматыда қала тұрғындарының бастамасымен әрі дауыс беріп қолдауымен іске асатын «Халық қатысатын Бюджет» жобасы бар.
Оның аясында 2019-2022 жылдар аралығында 14 млрд теңге сомасына 541 жоба іске асырылған. Бұл жобаның мақсаты – «қала тұрғындарының бастамалары мен ұсыныстары негізінде Алматы аудандарының аумақтарын дамыту және абаттандыру». Яғни қала тұрғындарына арналған қоғамдық алма бағы жобасы абаттандыру бағытында болғандықтан іске асырылуы да мүмкін.
Zertteu Research Institute қоғамдық қорының жетекшісі, экономист Шолпан Әйтенова: «Бұл – негізі өте жақсы жоба. Егер тұрғындар қолдап, дауыс жинаса жүзеге асуы әбден мүмкін», – деді.
Сонымен Алматы апортын өсіру мақсатында жоба әзірленіп жатыр. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі құзырлы ғылыми-зерттеу институттары ат салысады.
Алма бағын саябақтарда ғана емес, тау бөктерінде лай көшкінінің алдын алу үшін де егу маңызды екеніне көз жетті.
Зерттеу барысында Алматы қаласында қоғамдық алма бақ егу үшін зор мүмкіндіктер бары анықталды. Керегі тек қарапайым қала тұрғындарының ынтасы ғана. Алматы қаласы тұрғындары осындай бастама көтеруі керек. «Халық қатысатын бюджетке» осы жобаны ұсыну – мәселені шешудегі алғашқы қадам болмақ.
Айта кету керек бұл мақала жарияланған соң, бірнеше ай өткеннен кейін Алматы әкімдігі қаладағы бірнеше саябақта алма бақтары егілетінін хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, ҮАК бойындағы көшенің солтүстігінде, Жаңа Сайын көшесінің шығысында орналасқан саябақ аумағында 500 жеміс ағашы, оның ішінде 250 түп алма ағашы, 250 түп өрік ағашы егіледі; «ALA» саябағының аумағында 2 270 алма көшеті егілетіні мәлім болды.
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.