Сарапшылар базалық мөлшерлемені 0,5-1% төмендетуге мүмкіндік бар деп тұжырымдайды
Halyk Finance сарапшылары базалық мөлшерлемені 50-100 базистік пунктке төмендетіп, ақша-несие саясатын жеңілдетуге мүмкіндік бар деп тұжырымдайды. Қазіргі кезде базалық мөлшерлеме 15,25%-ды құрайды.
Тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне қарамастан, сарапшылар биыл инфляция біршама төмендейді деген пікірде.
«Ұлттық банктің биылғы инфляцияға қатысты болжамы 7,5-9,5% екенін ескерсек, ақша-несие саясатын одан әрі жеңілдету және базалық мөлшерлемені 50-100 б.п-ға дейін төмендету мүмкіндігі бар», – дейді мамандар.
2024 жылғы қаңтардың аяғында елдегі инфляция жылдық мәнде 9,5%-ды құрады Яғни бір айда небәрі 0,3 пайыздық тармаққа төмендеген. Бұл өткен жылғы орташа айлық төмендеу қарқынынан айтарлықтай аз.
Дегенмен инфляцияның бір таңбалы деңгейіне жеткенде, бұл заңды процесс. 2024 жылы Ұлттық банк те, сарапшылар да инфляция күрт төмендейді деп отырған жоқ.
«Ұлттық банк биыл жылдың соңында инфляцияны 7,5-9,5% аралығында қалыптасады деп болжаса, біздің болжамымыз – 8,5%. Ұлттық қордан алынған ірі валюталық интервенциядан кейін, біздің ойымызша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында теңге әлсіреуі ықтимал», – деп жазады Halyk Finance.
Биыл 9 қаңтарда регулятор базалық мөлшерлемені 0,5%-ға төмендеткен. 2023 жылы қараша айында шығарылған соңғы шешім бойынша ол 15,75 пайыз болған. Жаңа шешім бойынша базалық мөлшерлеме 15,25% болып бекітілді.
Ұлттық банк негізгі мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін 23 ақпанда жариялайды.
Бас реттеушінің дерегінше, жылдық инфляция 2023 жылғы желтоқсанда 9,8%-ға дейін төмендеген. Бұл Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келеді. Баға өсімінің баяулауына бірқатар фактор ықпал еткен. Оның арасында жатқан ақша-кредит саясаты және әлемде азық-түлік бағасының арзандауы және өндіріс шығындарының төмендеуі бар.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда базалық мөлшерлеме тағы төмендеуі керек деп атап өтті.