БЖЗҚ мен «Самұрық-Қазына» стартаптарды қаржыландыратын венчурлық қорларға инвестиция құяды
Стартаптарды қаржыландыратын венчурлық қорларға БЖЗҚ мен Самұрық-Қазына инвестиция құяды. Осыған байланысты арнайы заң жобасы Мәжіліс қарауына ұсынылады. Үкімет басшысының тиісті қаулысы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін»,– делінген қаулыда.
Құжатқа сәйкес венчурлық қорларды қоса қаржыландыру инвесторлардың, оның ішінде Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін ұйымдардың, банктердің таза пайдасынан жүзеге асырылады. Яғни аталмыш қорларға банк холдингтері, зейнетақы қорлары, сақтандыру (қайта сақтандыру) компаниялары инвестиция салады.
«Инновациялық процестер мен технологияларды ынталандыру үшін венчурлық секторға инвестиция салу үшін квазимемлекеттік компанияларды тарту қажет. Тікелей стартаптарға емес, осы мәселеде құзыреті бар венчурлық қорларға. Мұндай инвесторлар стартаптарды коммерцияландыруға қызығушылық танытады», – делінген түсіндеріме құжатта.
Сонымен бірге құжатта мұндай инвестициялар міндетті түрде ынталандыру ретінде салықтық преференцияларға ие болатыны жазылған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) венчурлық қорлардың жарғылық капиталындағы үлестерді немесе қатысу үлестерін сатып алу арқылы венчурлік қорларды қоса қаржыландыруды қоса алғанда, өз активтерін инвестициялау нәтижесінде инвестициялық кіріс алуға құқылы.
Ал «Ұлттық әл-ауқат қорының» міндетіне инновациялық процестер мен технологиялар қорының тобында әзірлеуді және енгізуді ынталандыру, венчурлық қорларды және стартап-компанияларға тікелей инвестицияларды қоса қаржыландыру кіреді.
Қордың директорлар кеңесі инновациялық процестер мен технологияларды ынталандыру үшін венчурлық қорларды құруға немесе бірлесіп қаржыландыруға, сондай-ақ стартап-компанияларға тікелей инвестицияларды тартуға қатысу мәселесін шешуге құзырет беріледі.
Бұл орайда жеке сектор да назардан тыс қалмаған. Өз саласында инновациялық технологиялар мен экожүйені жақсартуға бағытталған кәсіпкерлікпен айналысатындарды ынталандыру тәсілдері қарастырылған.
«Жеке сектор тарапынан инновацияларды ынталандыру мақсатында инновациялық жобаларды іске асыратын ШОБ субъектілері үшін, сондай-ақ инновацияларды енгізген ШОБ субъектілері үшін айналым қаражатын толықтыруға берілген кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін уақытша субсидиялауды енгізу ұсынылады»,– делінген түсіндірме құжатта.
Яғни заң жобасында инновациялық жобаларды іске асыратын және инновацияларды енгізетін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін айналым қаражатын толықтыруға және инновацияларды енгізуге екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қарастырылған.