1 млрд теңге шығын шектік: West Oil Software компаниясы наразылық білдіргендерді жұмыстан шығаратынын мәлімдеді

Жарияланды
West Oil Software
WestОil Software компаниясы ереуілдеушілерге 24 ақпанға дейін уақыт берді / Коллаж: kursiv.media

2 айдан астам уақыт бойы ереуілдеп жатқан мұнайшылар жұмыстан шығарылуы мүмкін. Бұл жайлы West Oil Software компаниясы өз үндеуінде мәлім еткен.

Компания 2023 жылдың 11 желтоқсанынан бастап ереуілдеуін тоқтатпаған жұмысшыларға үндеу жариялады.

«Қарақия аудандық соты сіздердің ереуілдеріңізді заңсыз деп танып, шешім шығарды. Шешім дереу орындалуы керек. Біз сот шешімін ереуілге қатысқан барлық қызметкерлердің назарына жеткіздік. Алайда сіздер сот шешіміне қарамастан, заңсыз ереуілді жалғастырдыңыздар. Қарақия аудандық сотының шешімімен келіспей, шағымды апелляциялық алқамен қарау үшін Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық шағыммен жүгіндіңіздер», – делінген үндеуде.

Бірақ 2024 жылдың 24 қаңтарында Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқаларының қаулысымен Қарақия аудандық сотының шешімі өзгеріссіз қалған. Маңғыстау облыстық сотының қаулысы жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енген. Осы орайда компания ереуілдеушілерге ойлануға бірнеше күн уақыт берген.

«Сіздерді заңсыз ереуілді тоқтатып, 24 ақпанға дейін жұмыс орындарыңызға шығуға қайта шақырамыз. Олай болмаған жағдайда, біз заңсыз ереуілге қатысушылардың барлығымен еңбек шартын бұзуға мәжбүр боламыз, оған толық негіз бар», – делінген хабарламада.

Сонымен бірге компания жұмысшылар сот шешіміне құлақ аспай, заңсыз ереуілді тоқтатпаса, еңбек шартын бұзып, Маңғыстау облысының Қарақия және басқа да аудандарында жұмыс кезегінде тұрған азаматтарды жұмысқа қабылдайтынын айтқан.

Компанияның мұндай қадамға баруына осы екі айдан аса уақыт аралығында West Oil Software ЖШС-нің 900 000 000 миллион теңгеден астам шығынға ұшырағаны себеп болған.

«Сонымен қатар тапсырыс беруші Westoil Software ЖШС-не өзіне қабылдаған шарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін және тапсырыс берушіге тәулігіне 23 000 000 теңгеге дейін шығын келтіру туралы сотқа дейінгі шағымдар қойылды, бұл күн сайын артып келеді», – деп хабарлайды компания.

Мәселенің мән-жайы

West Oil Software ЖШС-нің жұмысшылары 11 желтоқсанда ереуілге шығып, басшыларға талап қойды. Олар – West Oil компаниясын «ҚазМұнайГаздың» балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңартуды сұрады. Ереуілге байланысты 19 маманның жұмыстан қуылғанын айтқан жұмысшылар ереуілді тоқтатудан бас тартты.

Ал ҚМГ өз кезегінде жұмысшылардың бұл талабының негізсіз екенін мәлімдеді. WOS қызметкерлерінің айтарлықтай бөлігі бұрын «ҚазМұнайГаз» еншілес қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері болған. Ал 2018 жылы олар «5/50» бағдарламасы арқылы жұмыс берушімен еңбек қатынастарын өз өтініштері бойынша тоқтатқан. Бағдарламада жұмыстан шыққан қызметкердің бес жылдық жалақысының 50 пайызы көлемінде өтемақы қарастырылған. Орташа есеппен бір адамға төленетін төлем мөлшері шамамен 11 миллион теңгені құрады. Осылайша, «ҚазМұнайГаз» еншілес кәсіпорындарының қызметкерлерін қайта жұмысқа алу талаптарының негізсіз екені хабарланды.

Ал 20 желтоқсан күні Қарақия ауданының әкімдігі West Oil Software жұмысшылары «ҚазМұнайГаз» өкілдерімен  келіссөз жүргізуден бас тартқанын хабарлады.  Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев West Oil softwarе-нің наразылыққа шыққан қызметкерлері өкілдерімен кездесу өткізген. Төретаев наразылық білдірушілерді жағдайды сындарлы бағытқа ауыстыруға, мәселені келіссөз үстелінде шешуге шақырған. 

Ертесі күні таңертең «ҚазМұнайГаз» АҚ төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшысы Мұрат Мұстафаев, West Oil software басшылығы және Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев ереуіл өтіп жатқан жерге келеді. Алайда West Oil Software қызметкерлері наразылық акциясын заңдастыруды талап етіп, келіссөзді бастаудан бас тартқан.

Компанияға кім иелік етеді?

egov.kz порталындағы мәліметтерде West Oil Software компаниясының құрылтайшысы ретінде Нағыметов Лұқпан Құрышбекұлы көрсетілген. Лұқпан Нағыметов бұдан бөлек «Кішіқұм» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне де иелік етеді. Бұл ақпаратты egov.kz порталы арқылы тексеріп көрдік. Расында, ол 2017 жылы тіркелген кооператив құрылтайшыларының бірі. Кооператив ірі қара малды және енекелерді және сүтті бағыттағы ірі қара малды көбейтумен айналысады.

Сонымен бірге Учет.kz порталындағы ақпаратқа сәйкес, Лұқпан Нағыметовтың әкесі Қазбеков Құрышбек Нағыметұлы «Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Кішіқұм ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне жетекшілік етеді. Яғни, ауылдық округ әкімі.

Сондай-ақ оқыңыз