Блогерлер онлайн жарнаманы таңбалауға міндетті – Аида Балаева бұйрыққа қол қойды
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева онлайн-жарнаманы таңбалау қағидаларын бекіту туралы бұйрыққа қол қойды.
Бұйрыққа сәйкес, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға сәйкес онлайн-жарнама таңбалауға жатады.
«Контентте акциялар жасалған және бағасы төмендетілген тауарларға, жұмыстарға немесе көрсетілетін қызметтерге сілтемелер, сондай-ақ интернет-ресурстарға, жарнама берушінің немесе жарнама таратушының онлайн-платформалардағы аккаунттарына сілтемелер қамтылса, онлайн-жарнама таңбалануға жатады», –делінген бұйрықта.
Таңбалау оны сәйкестендіру мүмкіндігімен мәтіндік форматта жүзеге асырылуы керек. Егер онлайн-жарнама дыбыстық немесе аудиокөрнекі нысанда таратылған және орналастырылған болса, таңбалау онлайн-жарнаманың алдында жүзеге асырылуға тиіс. Яғни таңбалауда орналастырылған материалдың жарнама екендігі туралы мәтіндік нұсқама болуы шарт.
Мәтіндік нұсқама мынадай тұжырымдамалардың бірін қамтиды.
Енді блогерлер жарнаманы арнайы министрлік бекіткен мәтінмен таңбалауы тиіс. Онлайн жарнама:
- «жарнама»;
- «жарнамалық материал»;
- «серіктестік материал»;
- «демеушілік материал»;
- «жарнама құқығында»;
- «демеушімен төленген»;
- «PR құқығында» деп белгіленіп отырады.
Құжатта лездік хабар алмасу сервисінде орналастырылатын онлайн-жарнама мен телерадиоарналардың онлайн-платформалардағы аккаунттарында орналастырылған теле-радио бағдарламалардағы немесе олардың фрагменттеріндегі жарнама, әлеуметтік жарнама таңбалануға жатпайтыны жазылған.
Күзде Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда «онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң күшіне енгеннен кейін 44 блогердің 42,5 млн теңге салық және әлеуметтік төлемдер төлегенін хабарлады.
Ведомство блогерлер төлеген салықтардың жалпы сомасы 2024 жылдың сәуір айында, олар жыл қорытындысы бойынша кірістер туралы декларацияны ұсынған кезде белгілі болатынын атап өтті.
Комитеттің 2023 жылғы 15 қазандағы мәліметі бойынша, бірде-бір блогердің салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша қарызы жоқ. Алайда 23 блогермен жұмыс жүргізілуде. Егер олар өз міндеттемелерін орындамаса, оларға айыппұл салынып, табысының немесе мүлкінің бір бөлігі тәркіленуі мүмкін.
Ал 2023 жылы Қазақстанда тіркелген 400 астам блогер 200 млн теңгеден астам салық төлеген.
«Курсив» атақты блогерлердің салық төлеген, төлемегенін де тексеріп, зерттеу материал ұсынған болатын.