2025 жылдан бастап жағдайы төмен қазақстандықтар үшін медициналық сақтандыру жарнасын әкімдіктер төлейді
2025 жылдан бастап жағдайы төмен қазақстандықтар үшін медициналық сақтандыру жарнасын әкімдіктер төлейді. Бұл туралы Сенат кулуарында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.
«Мәселе өте маңызды, өйткені табыс деңгейі өте төмен халықты медициналық көмексіз қалдырмау керек. Бұл мәселе бізді толғандырып отыр. Өткен жылы әлеуметтік кодекс қабылданып, цифрлық отбасы картасы енгізілгенін білесіздер. Былтыр жыл бойы біз «Отбасының цифрлық карталарын» толтырдық. Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы біз жалпы санаттағы отбасылардың кірісі қолайлы деңгейден төмен екенін көріп отырмыз. Жалпы, бүкіл халық бес санатқа бөлінген. Біз Е санатын аламыз. Бүгінгі таңда ресми мәліметтер бойынша оған 192 мың адам кіреді. Бұл санат бойынша біз жергілікті атқарушы органдар төлеуі тиіс сақтандыру сыйлықақылары мөлшерлемесін белгілеуді жоспарлап отырмыз», – деді министр.
Бұл ретте ведомство басшысы С және D санаттарына тоқталды.
«Оларда да тәуекелдер бар, бірақ көлеңкелі экономика үлесі жоғары екенін ескере отырып, бұл мәселе жалпыға бірдей декларациялау кезеңімен синхрондалатын шығар», – деді министр.
Осы мәселеге қатысты ойымен Асхат Аймағамбетов те бөлісті. Ол сақтандыру жүйесіне халықтың сенімі азайғанын атап өтті. Сонымен қатар онкология мен онкогематологияны медициналық көмектің кепілдендірілген пакетіне қосу керек, деп есептейді.
«МӘМС-ке келсек, қазір көптеген қазақстандықтардың сенімі төмендеген. Халықтың сенімін қайтару керек деп есептеймін. Біз осы бағыттағы нақты шараларды көрдік. Онкология мен онкогематологияны медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне толықтай қосу керек деген мәселені көтеріп отырмыз. Қазір мұның ішінара кепілдік берілген тегін медициналық көмек пакетіне, ішінара міндетті медициналық сақтандыру пакетіне енгізілгені жағдайды одан сайын қиындатады. Біз мұны статистикадан көріп отырмыз. Жалпы, қазір бірыңғай пакет қалыптасып жатқанда, біз барлық әлеуметтік ауруларды сол пакетке енгізу керек деп есептейміз», – деді Аймағамбетов.
Еске сала кетсек, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше бұйрыққа өзгеріс енгізді. Соған сәйкес 2024 жылдың наурыз айынан бастап қазақстандықтар жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз бейінді мамандарға жүгіне алатынын хабарлаған.