23 ақпанда Алматыда сейсмикалық оқу-жаттығу өткізіледі – ТЖМ
23 ақпанда Алматыда сейсмикалық оқу-жаттығу өткізіледі. Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері хабарлады.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Алматыға Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы келіп, халық арасында ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын бастағанын хабарлады. Жаттығу ертең, 23 ақпанда 10:00-ден басталады.
Сейсмикалық дайындық негізінде тұрғындарға апаттық сөмкелерді дайындап, эвакуациялау жолдарын зерделеп алуы керек. Сонымен бірге жер сілкінісі кезінде сақтанудың алғышарттарының бірі ашық жерлерге шығу, электр желілері мен ғимараттардан алыс орналасу.
«Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес, қаламызда тоқсан сайын қалалық ұйымдарда учаскелік сейсмикалық сынақтар жүргізіледі. Қаңтар айынан бастап эвакуациялық элементтерді жаттықтыру бойынша жоспар бойынша 500 оқу-жаттығулар өткізілді, оның 191-і сейсмикалық дайындық»,– деді Н.Атығаев.
Жалпықалалық сейсмикалық дайындық кезінде дабыл қосылып, теле-радио арналардан хабарландыру беріледі.
«Бұл шара республиканың бүкіл аумағында өткізіледі. Жаттығу кезінде дабыл қосылып, эвакуациялау орындарына жету жолдары пысықталады. Сейсмикалық сынақтарды жүргізу кезінде негізінен білім беру нысандарын, денсаулық сақтау нысандарын және мемлекеттік мекемелердің дайындығына мән береміз»,– деді
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Рустамбек Әмрин.
Төтенше жағдайлар департаменті сейсмикалық оқу-жаттығу жылдың суық мезгілінде жүргізілетіндіктен азаматтарды далаға жылы киініп шығуын сұрады.
Осы орайда департамент басшылары Алматы қаласында 384 халық қабылдау пункті бар екенін, дайындық барысында солардың барлығы іске қосылатынын айтты.
Құтқарушылар Алматы қаласының 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқанын, жыл сайын қалада 200-ге жуық жер сілкінісі болатынын ескертеді. Сондықтан да халықты қауіпсіздік шараларын сақтауға және оқу жаттығудан қалмауға шақырады. Десе де, Алматыда қуаты 7 балдан асатын жер сілкінісі күтілмейтінін мәлімдеді.
«Сейсмологиялық зерттеулер және бақылау ұлттық ғылыми орталығының болжамдық комиссиясының мәліметі бойынша, қалада 7 және одан да көп балдық жер сілкінісі күтілмейді. Сондықтан жүргізіліп жатқан қалалық сейсмикалық дайындық жер сілкінісі болады деген қауіпке байланысты емес, тек оқу-жаттығу мақсатында жүргізілетінін ескертеміз», – дейді құтқарушылар.
Еске сала кетсек, бүгін түнде Алматыда жер сілкінісі болды. Жер сілкінісі 22 ақпан түнгі сағат 00:25 шамасында болған. Мамандар бұл қаңтарда болған жер сілкінісінен кейінгі афтершок екенін айтады.
Сейсмикалық стансалар желісінің хабарлауынша, жер сілкінісі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 260 шақырым жерде болған. Ошағы Қытай Халық Республикасы аумағында орналасқан. МSК-64 бағаны бойынша жер сілкінісінің қуаты Алматыда 2 балл шамасында сезілген.
Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінген болатын. ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді.
Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімдігі қаланың әр аймағында ТЖ кезінде халық жиналатын орындарды ашты.