Project Syndicate: Дамушы елдер климаттың өзгеруімен күресу үшін қарыздарды кешіруге кірісу қажет

Жарияланды
Дамушы елдер климаттың өзгеруімен күресу үшін қарыздарды кешіруге кірісу қажет/kursiv.media

Дамыған елдер 2030 жылға таман климаттың өзгерісімен күресті қаржыландыру көлемін күрт ұлғайтуға уәде беріп жатса, дамушы елдердің саясаткерлері бар күшімен осы әрекеттерге кеткен шығынды жабуға тырысып жатыр. Орта мерзімді стратегиялар қысқа мерзімді қауіпті жою үшін қолданылатындықтан, «жасыл» экономикаға көшудегі прогресс бұзылып, апатты салдарға әкелуі мүмкін. Project Syndicate медиа-ұйымының жаңа талдауында осындай ой айтылады.

Project Syndicate авторларының айтуынша, егер 2023 жылы дамушы елдер өз қарызын басқару тұрғысынан біраз қиындыққа тап болған болса, онда олар биыл да айтарлықтай проблемаларға ұшырайды. Шындап келгенде, олардың көпшілігі салыстырмалы түрде аз қарызға ие және төлем қабілетсіз деп те саналмайды. Бірақ көбісі өтімділікке өте мұқтаж. Сондықтан бұл ащы шындық болып қала береді. Олардың өз қарыздарын басқаруы, тиісінше «жасыл» экономикаға инвестиция жасауы да қиынға соқпақ.

«Соңғы жылдары дамушы елдер COVID-19 пандемиясы, соғыс салдарынан туындаған азық-түлік және энергия жеткізу тізбектерінің бұзылуы, сондай-ақ жаһандық инфляция өсімі сияқты тәуекелдерге тап болды. Әрі олардың капитал нарығына да қолжетімділігі шектеулі.Бұл олардың әдеттегі уақытта жасап жүрген өтеу мерзімі бар несиелерді аударуына, ұзарта тұруына кедергі келтірді. Нәтижесінде елдер инфрақұрылымдық инвестициялар, әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламалары және климаттық шаралар сияқты басымдықтардың есебінен дефолтқа жол бермей, салықтық және экспорттық түсімдердің үлкен бөлігін қарыздарына қызмет көрсетуге жұмсауға мәжбүр болып отыр. Бұл елдердің перспективасы жақын бірнеше жылда нашарлай түседі. Қаржылық даму лабораториясының бағалауынша, 2024 және 2026 жылдары табысы төмен және табысы ортадан төмен кем дегенде 20 ел қарыздары бойынша ірі төлемдерді жүзеге асыруы тиіс. Елдер осындай ірі қарыз проблемасымен ұшырасқан кезде онсыз да әлсіреп тұрған қаржылық ахуалы одан сайын нашарлап кетеді. Бұл климаттың өзгеруімен күресу үшін жақсы нәтиже бермейді»,– делінеді басылым материалында.

Климаттың өзгеруі – әлемге ортақ қауіп-қатерді туғызады

Климаттың өзгеруі бұл өз алдына дербес тәуекел емес. Ол – әлемге ортақ қауіп-қатерді туғызып тұрған бірегей фактор. Оның салдары бүкіл әлемге сезіліп отыр. Әсіресе, климаттың өзгеруіне келгенде, осалдық танытатын дамушы елдер ерекше қатты сезіледі.

«Бірақ өткен жылы осы тақырып бойынша халықаралық саммиттер көңіл көншітпейтін белгі берді. Дамыған елдер 2030 жылға қарай климаттық қаржыландыруды ұлғайтуға уәде бергенімен, дамушы елдердің саясаткерлері қатаң бюджеттік шектеулермен күресуде. Орта мерзімді стратегиялар қысқа мерзімді қауіп-қатерді жою үшін қолданылатындықтан, дамып келе жатқан және дамушы экономикалар, соның ішінде өткен маусымда Парижде өткен жаңа жаһандық қаржыландыру пакті саммитінде наразылықтарын білдірді. Көпжақты даму банктері маңызды құтқарушы шеңбер бола алады. Бірақ олардың потенциалын жедел түрде нығайту керек. Дүниежүзілік банк дерегі бойынша, әлемнің кедей елдерінің 2022 жылы Халықаралық даму банкінен алған жеңілдетілген жаңа несиелері бұл елдердің қарыз бойынша қызмет көрсету төлемдерінен аз болған. Қаржының көбі жеке және екіжақты кредиторларға жіберілген. Экономикасы дамыған елдерде ақша-кредит саясатының қатаңдатуынан туындайтын дамушы әлемнен капитал ағынының ұлғаюы табысы төмен өтімді емес елдердің қажеттіліктерін күшейтеді», – деп тұжырымдайды олар.

Қаржылық қолдау

Бірақ мәселе тек қаржылық жағдайда да емес. Халықаралық даму банкі өз қарыздарын өтеуге талпынған елдерді қолдауда шалағайлық танытты. Мысалы, Кения да, Эфиопия да жаңа кредит ұсынғаннан гөрі қарызға қызмет көрсету төлемдерін көбірек алып отырған өздерінің жеке және қытайлық кредиторларына төлем жасауға мәжбүр. Бірақ тек Кения ғана өз қарызын қайта қаржыландыру үшін (өтеу мерзімі биыл басталады) Халықаралық валюта қорынан, Дүниежүзілік банктен және басқа елдерден жеткілікті қолдау алды. Керісінше, Эфиопияға деген көмек соңғы жылдары азайып кетті. Нәтижесінде Эфиопия жақында өзінің сыртқы қарызы бойынша дефолт жариялады. Ал бұл елдің сыртқы қарызы жалпы ішкі өнімнің небәрі 25 пайызын құрайды. Негізінде Кения тәсілі де шешім болып саналмайды. Барлық өтімсіз елдерге бір деңгейдегі қолдауды жасау Халықаралық даму банкінен ақша ағынын үш есе арттыруды талап етеді. Бұл – әрине, қолайсыз.

«Жақсырақ тәсіл өтімділік шектеулеріне тап болған елдерге таза оң инвестиция ағынын ашу арқылы қысқа мерзімді қарыз проблемалары мен ұзақ мерзімді инвестициялық қажеттіліктер арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталуы мүмкін. Қаржылық даму лабораториясы ұсынғандай, борышкерлер, кредиторлар және Халықаралық даму банкі арасындағы елдерге өтеу мерзімін 5-10 жылға кейінге қалдыратын мерзімі бар қарыздарын қайта құрылымдауға мүмкіндік беретін келісім ХДБ қаржыландыратын климатқа қолайлы инвестициялар үшін қаржылық кеңістік жасайды. Бұл өтімділік көпірін іске қосу үшін Халықаралық даму банкі қолданыстағы реформа жоспарларын жүзеге асыруды жеделдетіп, қаржыландыруды едәуір арттыруы керек. Ал Халықаралық валюта қоры қарызды ұзарту тәуекелдерін басқаруға көмектеседі. Жеке және екіжақты кредиторлардың қайта құрылымдауға келісуі өте маңызды. Сондықтан 2020 жылы G20 енгізген қарызға қызмет көрсетуді тоқтату бастамасымен салыстырғанда, бұл ұсыныс жеке сектор кредиторларының қатысуы үшін күшті ынталандыруды, сондай-ақ ұзағырақ уақытты қамтиды»,– делінеді мақалада.

«Жасыл» өсімге қадам басудағы кедергілер

Мақала авторларының айтуынша, несие берушілерді бағдарламаға өз еркімен қосылуға көндіруге болады деуге толық негіз бар. Өйткені олардың мүддесі – күшті өсу перспективалары бар төлем қабілетті елдерге инвестиция салуды жалғастыру. Замбия мен Шри-Ланкадағыдай қарыз кризистерінен ешкім ештеңе ұтпайды. Қалай болғанда да кредиторлар пайыздық төлем алуды жалғастырады. Ал әлемдік пайыздық ставкалардың құлдырауы және жақын жылдардағы экономикалық өсім перспективасының жақсаруы жағдайында борышкерлер капитал нарығына қайта оралып, қарыздың негізгі сомасын өтеуді қалпына келтіре алар еді.

«Осы бағытта жұмыс жоспарын құру осы жылдың соңында Бразилияда өтетін «Үлкен жиырмалық» саммиті сияқты алдағы халықаралық кездесулердің міндеті болып саналады. Жеткілікті өтімділікпен қамтамасыз ету үшін логистикалық және қаржылық үйлесімділік аса қажет. Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және аймақтық даму банктері арасындағы өзара жұмысты үйлестіру – қатысушы борышкер елдердің жасыл өсімді қолдайтын инвестицияларды жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін де маңызды болады. Өтімділік дағдарысына ұшыраған елдерге көмек үшін ештеңе істелмейтін болса, онда әлемнің тұрақсыздыққа бастайтын қарыз дефолтымен қақтығысу тәуекелі артып кетеді. Салдарынан «жасыл» өсімге қадам басу мерзімі кешеуілдей береді. Бұл өз кезегінде адамзат үшін үлкен апатқа әкеліп соқтыруы әбден ықтимал. Өтімділік көпірі сияқты перспективалы шешімдер мұндай салдардың алдын алатындықтан, олар ауқымды жаһандық тұрғыда қолдауға лайық», – деп қорытады мамандар.

Қазақстандағы жағдай қандай

Өз тарапымыздан бірер сөз. Қазақстан жасыл инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде елімізде «жасыл» қаржыландыруды дамыту мақсатында қажетті заңнамалық және нормативтік-құқықтық база құрылды. Жаңа Экологиялық кодекс қабылданып, «жасыл» облигациялар мен ESG облигацияларын шығару мен айналымға енгізу үшін өзгерістер қабылданды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен KASE биржаларында ESG ақпаратын ашу ережелері бекітілді. Бірқатар басқа да шаралар жүзеге асырылды.

Жүргізілген жұмыстың арқасында елімізде тұрақты қаржыландыру көлемінің оң серпіні байқалады. Биылғы 1 қарашада KASE-де корпоративтік қарыз алу көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 4 еседен астам артып, шамамен 208 млрд теңгені құрады. Банк секторындағы «жасыл» несиелендіру көлемі 3,5 еседен астам өсіп, 220 млрд теңгені құрап отыр. Бұл әрине, айтулы жетістік. Дегенмен мұнымен шектелуге әсте болмайды. 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін 600 млрд доллардан астам көлемде қаржы қажет, сондықтан «жасыл» технологияларға инвестиция тарту бойынша жұмысты күшейту керек.

Экология министрлігінің бюджет жобасына сәйкес, 2023-2027 жылдары айтарлықтай қолжетімді техникаларды қолдану үшін 4,4 млрд теңге бағытталады. 2023 жылға жоспарланған қаржы көлемі – 883,4 млн теңге. Министрліктің хабарлауынша, осыншама қаржының жұмсалуы арқасында ауаға таралатын зиянды заттар көлемін азайтып, қоршаған орта сапасын күшейтіп, жасыл жобаларды жүзеге асыру үшін көбірек инвестиция тартуға болады.

Сонымен қатар еліміздің сыртқы қарызы 162 млрд долларды құрайды (бір жыл ішінде 1,3 млрд долларға көбейген). Ұлттық банк дерегінше, сыртқы қарыз құрылымындағы басым үлес (92,2 млрд доллар) фирмааралық борышқа тиесілі. 44,4 млрд доллар – өзге секторлардың міндеттемелері. Банк секторының қарызы – 10,6 млрд доллар. Әзірге Қазақстанда сыртқы қарызды өтеу тұрғысынан қиындық туындай қойған жоқ. Мемлекеттік басқару органдарының алған қарызы 12 млрд доллардан асса, Ұлттық банктікі – 2,1 млрд доллар.

Сондай-ақ оқыңыз