Жаңалықтар

Мүлікті сатудан түскен табыс салығын қалай төлеген оңтайлы?

«e-Salyq Business»

Мүлікті сатудан түскен табыс салығын қалай төлеген тиімді/kursiv.media

Мүлікті жалға беруден түскен табыстарға салық салу мәселесі – көпшілікті толғандыратын тақырыптардың бірі. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ретте азаматтарда бірнеше нұсқа бар екенін еске салады. Соның біріншісі – тұрғын үй иесінің жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, арнайы мобильді қосымшаны қолдана отырып, арнаулы салық режимін пайдалануы.

Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынованың айтуынша, бұл ретте салық есептілігі талап етілмейді. Табыстың 1 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығын төлейді. Бір жылдағы табыс 13,0 млн теңгеден (3 528 айлық есептік көрсеткіш) аспауға тиіс.

Екінші нұсқа бойынша, тұрғын үй иесі – дара кәсіпкер емес, оның ішінде мемлекеттік қызметші, әскери адам болса, онда жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша декларациясын (240.00 нысанын) немесе Кірістер мен мүлік туралы декларациясын (270.00 нысаны) жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кіруіне байланысты ұсынады. Жеке табыс салығын 10% мөлшерлемесі бойынша төлейді. 2023 жылы 452 жеке тұлға тұрғын үйді жалға беруден түскен кірістері бойынша 51,6 млн теңге мөлшерінде ЖТС төлеген.

Үшінші нұсқа – тұрғын үй иесі салық агентіне (дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын тұлға, заңды тұлға) жалға береді. ЖТС есептеуді, ұстап қалуды және бюджетке төлеуді салық агенті жалгерлік кірістен 10% мөлшерлеме бойынша ЖТС ұстап қалу жолымен жүзеге асырады.

«Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген Кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейінгі мерзімде ұсынады. Жеке табыс салығы есепті жылдан кейінгі жылдың 25 қыркүйегіне дейінгі мерзімде табыстың 10%  мөлшерлемесі бойынша төленеді. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірмеген жеке тұлғалар жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысан) есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін ұсынады. Есепті жылдан кейінгі жылдың 10 сәуіріне дейін табыстың 10%  мөлшерлемесі бойынша ЖТС төлейді»,– дейді.

Декларацияны тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Оны «Салық төлеушінің кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, «Банк ЦентрКредит» мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны пошта арқылы не келу тәртібімен қағаз жеткізгіште  ұсынуға құқылы.

Жеке тұлғаның өз бетінше салық салынуына жататын табыстарының кең тараған түрі – мүліктік кіріс

Олар былай бөлінеді:

  • Жеке тұлғаның сату кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс:
  • Қазақстан Республикасында меншік құқығында бір жылдан аз тұрған тұрғын үйлер, саяжайлар, гараждар, паркингтер, жеке қосалқы шаруашылық объектілері, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелері, көлік, тіркемелер;
  • Қазақстан Республикасындағы коммерциялық жылжымайтын мүлік;
  • Шетелдегі жылжымайтын мүлік және механикалық көлік құралдары;
  • Инвестициялық алтын, цифрлық активтер, бағалы қағаздар, ҚР және шетелдегі компанияларындағы үлестер;
  • Жеке тұлғаның мүлікті (ақшадан басқа) заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде беруі кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс;
  • Дара кәсіпкер болып саналмайтын жеке тұлғаның, салық агенттері болып есептелмейтін тұлғаларға мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруден алған кіріс;
  • Талап ету құқығын, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үйдегі (ғимараттағы) үлесті басқаға беруден түсетін кіріс;
  • Шағын бизнес субъектілері үшін не шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің өзге де активтерін сату кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс. 

Бұл ретте өзге активтер дегеніміз негізгі құралдар. Яғни аяқталмаған құрылыс объектілері, белгіленбеген жабдықтар, материалдық емес активтер, биологиялық активтер болып саналады.

Мүліктік кіріс қалай анықталады?

Сату бағасы мен мүлікті сатып алу бағасы арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып есептеледі.

Сатып алу құны болмаған жағдайда: мүлікті мұрагерлік, қайырымдылық көмек. Құрылыс түрінде алған жағдайда – мүлікті өткізу бағасы мен тәуелсіз бағалаушы белгілеген бағалау құны арасындағы оң айырма.

Жер учаскелері бойынша – мүлікті өткізу бағасы (құны) мен жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны арасындағы оң айырма.

Арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкер өзге активтерді сатқан кезде, өсім әрбір актив бойынша сату бағасы мен бастапқы құн арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.

Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті:

  • Әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру;
  • Жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру;
  • Сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.

Бірінші кезең бойынша 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 580 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары «кіру» декларациясын тапсырды.

Екінші кезеңде, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың шамамен 2,1 млн қызметкері, сондай-ақ олардың жұбайлары табыс етті.

Үшінші кезеңде, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны шамамен 3,9 млн жеке тұлға тапсырады. Олар заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары.

Төртінші кезеңде, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың қалған санаттары табыстайды. Мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар.

Жалпыға бірдей декларацияланы қалай тапсырады

Декларациялау аясында 6,4 млн жеке тұлға қамтылады деп жоспарлануда. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне шамамен 13 млн адам енеді деп күтілуде. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтың «кіру» декларациясын табыс етуінен тұрады. Декларацияда жеке тұлғаның барлық шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүліктері, атап айтқанда:

  • Шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
  • Шетелдік банктердегі 7,3 мың АҚШ долларынан асатын ақша қаражаттары  (1 000 АЕК);
  • Шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;
  • Бағалы қағаздар, сандық активтер (биткоиндер және т.б.);
  • Үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі);
  • Инвестициялық алтын (құйма алтын);
  • Зияткерлік меншік және авторлық құқық нысандары;
  • 34,5 млн теңге (10 000 АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша;
  • 31.12.2023 жылға дейінгі басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары;
  • Құны 3,4 млн теңгеден асатын басқа да мүлік.

Декларацияны табыстау кезінде Қазақстандағы және шетелдегі активтер туралы мәліметтер толыққанды болуы тиіс. Себебі, декларацияланған активтердің құны болашақта салық салынатын табысты айқындау кезінде ескерілетін болады. Сондықтан декларацияны толтырмас бұрын тиісті растайтын құжаттарды алдын ала дайындау керек.

Кірістер мен мүлік туралы жыл сайынғы декларацияда мыналар көрсетіледі:

  • Жеке тұлға дербес салық салатын кірістер. Яғнимүліктік кіріс, жалға беруден түсетін табыс, жылжымайтын мүлікті, көлікті, бағалы қағаздарды сатудан түскен кіріс, шетелден келген кірістер және т.б.
  • Салық шегерімдері (медициналық шығындар, білім беру, ипотека бойынша төлемдер, көп балалы отбасылар үшін шегерім).
  • Өтеусіз алынған мүлікті (жылжымайтын мүлік, көлік, бағалы қағаздар, цифрлық активтер және т. б.) қоса алғанда, мүлікті сатып алу/иеліктен шығару.
  • Қымбат мүлікті сатып алу көздері.
  • Бағалы қағаздар, сандық активтер (биткоиндар және т.б.).
  • Үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі).
  • Инвестициялық алтын (құйма алтын). 
  • Жеке тұлғалар үшін нотариалды куәландырылған қарыз шарттары.
  • Шетелдік компаниядағы қатысу үлесі.
  • Шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік.
  • Шетелдік банктердегі 7,3 мың АҚШ долларынан асатын ақша қаражаттары (1000 АЕК).