БЖЗҚ активтерін басқару: инвестициялық табыс қандай?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
БЖЗҚ активтерін
БЖЗҚ активтерінің инвесттабыс деңгейі қандай? Фото: shutterstock

БЖЗҚ мен жеке басқарушы компаниялар зейнетақы активтерін инвестициялық басқару нәтижесін ұсынды. Ұлттық банктің басқаруындағы активтерге қатысты жылдық мәндегі табысы жарияланса, жеке басқарушы компаниялардың айлық қызметінің көрсеткіштері көрсетілген. Ал жылдық мәндегі кірістілік пен айлық көрсеткішті салыстыру қиын.

1 ақпандағы дерек бойынша, БЖЗҚ-да 18,1 трлн теңге қаржы жинақталған. Жыл басынан бері қорға 186,5 млрд теңге жарна түскен.

Осы қаржының 18,07 трлн теңгесі Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында. Бас банктің басқаруындағы активтердің жартысына жуығы (46,8%) ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына инвестицияланған. 28,4 пайызы активтерді индекстік басқаруға салынған.

Одан бөлек, квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары (9,99%) бар. Бұл облигацияларға жалпы 1,79 трлн теңге зейнетақы активі салынған. Олардың арасында «Бәйтерек» ҰБХ-ның кірістілігі 13% облигациясы бар. Есесіне «кері репо» операцияларына салынған қаржы 77 пайызға азайған.

БЖЗҚ активтерін соңғы 12 айда басқарудан түскен табыс 10,3% деп көрсетілген. 2024 жылғы қаңтар үшін есептелген инвестициялық кіріс көлемі – 112,56 млрд теңге.

«2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша салымшылардың шоттарына бөлінген соңғы 12 ай үшін БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция 9,50% болғанда 10,30% құрады», – делінген есепте.

Жеке басқарушы компаниялардың көрсеткіші қандай?

BCC Invest ақпан айының басында 3,5 млрд теңгенің зейнетақы активтерін басқарған. Бұл активтердің 2024 жылдың басынан бергі кірістілігі 0,29%-ды құраған. Ал ақшалай мәнде 11,1 млн теңгеге тең. Компания портфеліндегі активтердің үштен бір бөлігі РЕПО-ға (34,9%) салынған. Одан кейінгі орында ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары келеді.

«Инвестициялық қызметтің нәтижесінде есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 11,10 млн теңгені құрады. Жылдың басынан бастап абсолютті мәнде зейнетақы активтерінің кірістілігі 0,29%-ды құрады. Есептелген инвестициялық кірістің үлкен бөлігі кері репо операциялары бойынша сыйақыға және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түсетін кірістерге келді», – делінген есепте.

Halyk Global Markets-тің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы
активтері 3,4 трлн теңгені құрады. ИПБ өз басқаруындағы қаржыны «кері РЕПО», ХҚҰ облигациялары, квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары, шетелдік эмитенттердің үлестік құралдарына салады. 2024 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 12,52 млн теңгені құраған. Зейнетақы активтерінің кірістілігі – жыл басына бері 0,35%-ға тең.

«Сентрас Секьюритиз» компаниясының портфеліндегі зейнетақы активінің кірістілігі 2024 жылдың басынан бері 0,98%-ды құраған. Ақшалай мәнде 11,05 млн теңгені құрады. Компания басқаруында 1 млрд теңге бар. Портфельдің басым бөлігі: 33,9%-ы мемлекеттік қарызға, ал 0,9%-ы ЕТF пайларына салынған.

Jusan Invest сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 6,3 трлн теңгеге тең. Жыл басынан бергі кірістілігі 26,45 млн теңге немесе 0,38%-ды құраған. Компания басқаруындағы активтердің басым бөлігі Қазақстанның мемлекеттік қарызына салынған. Сонымен қатар жыл басынан бері РЕПО көлемі 60%-ға артып, есесіне ETF пайларына салынған инвестиция 20,4%-ға төмендегені байқалады.

Halyk Finance басқаруындағы активтердің кірістілігі 0,66% деңгейінде қалыптасты. 20 млрд зейнетақы активін басқаратын компания жыл басынан бері 124,2 млн теңге инвестициялық табыс тапқан. Қаржының 41 пайызы 90 күннен аспайтын Кері РЕПО операцияларына салынған. Одан кейін 12%-бен квазимемлекеттік ұйымдарының
облигациялары келеді.

2023 жылы жеке басқарушы компаниялардың табыстылығы Ұлттық банктен асып түскен.

Сондай-ақ оқыңыз